Футболдан ӘЧ-2022 іріктеу турнирінің соңғы ойындарын Парижде өткізген Қазақстан құрамасы француздардан 8:0 есебімен оңбай жеңілді. Осы масқара жеңілістен кейін біздің аяқдопшыларды жерден алып, жерге салып, сын айтпаған пенде кемде-кем шығар? Бірақ бұл тәуелсіз қазақ футболы тарихындағы ең ірі жеңіліс демесеңіз, ойсырай ұтылған сәттер бұған дейін де болған. Алайда бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, отандық футболдың өрге баспауының себебі не?
Қазақтың доп теуіп келе жатқанына бір ғасырдан асыпты. Сонау 1913 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Ахметсәлім Кәрімов бастаған «Ярыш» клубы қазақ футболы тарихының бастауы десе де болады. Бірақ не құдіреті барлығын қайдам, біздің футболшылар допты дұрыстап тебуді әлі үйрене алмай жүр. Мемлекетке өкпе жоқ, ақшаны басқаға салмаса да, футболға аяп жатқан жоқ. Әйтсе де, сол ақшаның нәтижесі жоқ, қыруар қаржы қайда кетіп жатқаны белгісіз.Рейтингіміз неге төмен?
ФИФА рейтингісі бойынша біздің мемлекет 125-орында тұр. Ал ТМД елдері ішінде футболға ең аз ақша бөлетін Қырғыз Республикасы 96-орында. Бір жылдары доп тебуді үйренеді деп Бразилияға алақайлап аттандырып салған 78 балақайдың қазір қайда жүргені белгісіз. Әлемдік рейтингте ешқандай клубымыз жүздіктің қатарына кірмейді. Ең үздік деген «Астана» командасы 186-орынға әрең ілігіпті. Біздің бірде-бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы бес жүздікке де кірмеген. Ендеше футболға миллиардтарды босқа шашудың қажеті қанша деген ой келеді. Баспасөзде өңірлердегі футбол клубтарына 71 млрд жұмсалғаны, ал жалғыз «Астана» клубына 15 млрд бөлінгені айтылып жүр. Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин: «Біз бюджеттен қаражат алмаймыз, қайдағы миллиардтар, 200 миллион теңге ғана алдық» деп жауап беріпті. Ал «Жеңілістің себебі – жақсы футболшылардың тапшылығынан» деп ақталады. Федерация «Бюджеттен көп қаржы алмаймыз» дейді, бірақ федерация құрамына кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы миллиардтар алып отыр. Соңғы үш жылдағы облыстардың кәсіби клубтарға бөлген қаржысы – 111, 2 млрд.Футбол әлеміндегі кез келген елдің кез келген командасына қатысты ақпарат жазатын transfermarkt.com сайтының мәліметі бойынша, Қазақстан футболының біржылдық бюджеті – 133 млрд теңге. Ал жақсы футболшылардың тапшы болатыны – ойыншыларымызды дайындаудың орнына мол ақшаға шетелден ортанқол легионер сатып алатындымызда. Мәселен, премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і, ал бірінші лигадағы 16-сы легионер, сонда ел ішінде «шайқап төгіп, үрлеп ішіп» 166 шетелдік ойыншы жүр. Бюджет ақшасы футболды дамытуға емес, шетел ойыншыларын байытуға жұмсалып жатыр. Командалардағы 11 ойыншының ең көп дегенде 4-5-еуі ғана өзіміздің қаракөзіміз, қалғандарының бәрі өзге ұлт өкілдерінен. Олар елдің, жердің намысы үшін емес, көпшілігі тек ақша үшін ойнайтынын жасырып қайтеміз?! Ал осы футболға бөлінген 133 миллиардқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді. Оның үстіне, біздің футболдың басынан дау айырылмай келеді. Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана» ФК-ның бұрынғы басшылығының үстінен клубтың ақшасын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Футболшылардың (легионерлердің) агенттеріне сыйақы төлеу арқылы ақша қаражатын алу туралы ақпарат тексеріледі. Өзге ақпарат тергеу мүддесі бойынша жария етуге жатпайды» делінген хабарламада. Жалпы кейінгі үш-төрт жылда бұл клубтың басшылары жиі ауысып, біраз келіспеушіліктер болып, ұжымның әбден берекесі қашып болды.Ал федерацияға республикалық бюджеттен, «Самұрық-Қазынадан», УЕФА-дан, демеушілерден бөлінген қаржының есебі белгісіз, ол туралы нақты ақпарат жарияланбаған.
Футбол да бизнестің бір түрі
Футбол – басқа кәсіби спорт түрлері сияқты бұл да бизнес. Басқа елдерде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына отырмайды. Сондықтан бюджетке байланған футбол клубының барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатқан жөн. Бұл қаржы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, ауыл футболын дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсалуы тиіс. Ауылдардағы талантты балаларға жағдай жасаған жөн. Аудан орталықтарында, қала маңында да тегін футбол алаңдарын салу керек. Мәселен, Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салыпты, ал футбол бюджеті бізден екі есеге аз Өзбекстан бұл уақытта самаладай қылып 10 стадион салып тастаған. Секциялардағы жаттықтырушылардың жалақысы мектеп мұғалімдерінен кем болмауы тиіс. Футбол индустриясын, менеджменті мен маркетингін дамытып, футбол мамандықтарын, жаттықтырушылар кадрын дайындау жұмыстарын жолға қойып, футбол академиясын қалыптастыру қажет. Осы уақытқа дейін мемлекеттен футбол саласына бөлінген қаржының есебі жариялануы тиіс. Өйткені ол халықтың қаржысы! Легионер жаттықтырушылар ең бастысы ақша тауып, негізгі команданы белгілі бір маусымда жақсы көрсеткішке жеткізу үшін ғана келеді. Айталық, «Ақтөбені» бір кезде ел чемпионы қылған Владимир Муханов команда ізбасары болатын балалар мен жасөспірімдер футболын керек еткен жоқ. Ақтөбелік клуб әлі күнге келімсек футболшыларға тәуелді.Үздік үштікті Италия түйіндейді: 1 999 865 доллар. Десе де, футбол бюджетінің көлемі жағынан Қазақстан дамыған көп мемлекеттен алда, тіпті Оңтүстік Корея, Аустралия, Польша, Хорватия чемпионаттарынан озып кеткен. Ал жекелеген футболшылардың жалақысы тіпті бас шайқатарлықтай. 2018 жылы Jeune Afrique журналында «Қайрат» сапында ойнаған ивуарлық легионер Жерар Гоудың жалақысы жарияланды. Ол жылына 2 миллион еуро алған. Бұдан бөлек, оған сыйақы түрінде берілетін қомақты бонустарды тағы қосыңыз. Сондай-ақ кезінде ресейлік легионер Андрей Аршавиннің ресми жалақысы 1,5 млн және түрлі сыйақымен қоса санағанда 2,5 млн долларға жеткен. 2016 жылы «Ақтөбе» клубы ойыншыларының жалақысы жарияланғанда Алексей Щеткиннің ай сайын 9 миллион теңге алатыны мәлім болды. Тағы бір «ақтөбелік» Самат Смақов айына 6 миллион теңге тапқан. Кезінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшылығында болған Дархан Қалетаев «Астана» клубы ойыншыларының біріне 1,1 млн доллар жылдық жалақы төлегенін жария еткен еді. Ал әр жылдары ел біріншілігінде ойнаған бразилиялық Данило айына – 57 мың, Андерсон Сантана айына – 61 мың, армениялық ойыншы Маркос Пиззели айына 85 мың еуро алып тұрған. Сондай-ақ қанша айтылып келе жатқанымен, ауыл футболын, жалпы ауыл спортын дамытуға келгенде пейіліміз тарылып қалатыны өтірік емес. Ауылдық жерлерде алаңдар салып, аудандық, облыстық турнирлер жиі ұйымдастырылып жатса, талантты жастар суырылып шығар еді. Сонда әлемдік доп додасында біздің де маңдайымыз жарқырап, алда жүрер ме едік?! Балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға тағы бір кедергі – бапкерлер жалақысының төмендігі мен футбол секцияларының ақылы болуы. Айлықтан-айлыққа өмір сүріп отырған көптеген отбасы үшін футбол секциясына төлейтін ақшаның өзі салмақ салады. Қазір елімізде арнап салған футбол алаңдары баршылық десек те, оларда көбіне балалар емес, ересектер жағы бос уақытын өткізіп жатады. Ойлап қарасаңыз, осындай ұсақ-түйек себеп көп. Сол шағын проблемалар жиналып, шыны керек қазақ футболының келешегін көмескілендіріп отыр. Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі сәтсіз ойынды былай деп түсіндіреді: «Негізгі құрамдағы ойыншылардың көпшілігі жарақатына байланысты Парижге бара алмай қалды. Сондай-ақ бізде ұлттық құраманың резерві жоқ екенін айта кеткен жөн. Команда көшбасшыларын ауыстырған ойыншылар халықаралық деңгейде ойнауға әлі дайын емес»,– дейді ол. Бірақ бұл уәж қаншалықты салмақты, қаншалықты дәлелді? Ал 30 жыл бойы өз қаракөздерімізді доп тебуге үйрете алмай жүрсек, оған кім кінәлі?!Ал ҚПЛ-дағы футболшылар жылына 55 млн теңге (148 мың доллар) жалақы алып, жырғап жүр. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде – 25, Еуропада 17-орында тұр. Яғни, әр футболшы айына шамамен 12 376 долларды қалтасына басады. Әйтсе де, футболдың отаны атанған Кәрі құрлық ойыншыларының жалақысы бізге қарағанда көп жоғары. Мәселен, ең қымбат чемпионат – АПЛ. Англия чемпионатындағы ойыншының орташа жылдық жалақысы – 3 миллион 935 197 доллар. Сосын – Испания: 2 896 151 доллар.
Дәулет АСАУ