Ресми мәліметке сүйенсек, бір ғана Тараз қаласының өзінде былтыр 48 адам өз-өзіне қол салған екен. Ал биыл 43 дерек тіркелген. Оның 36-сы ер адамдар. Осы орайда «не себепті еркектер суицидке бір табан жақын тұрады?» деген орынды сұрақ туады.
Мамандардың айтуынша, адамның өз-өзіне қол салған жеріне қарап, оның не себепті өмірімен қоштасқанын аңғаруға болады екен. Мысалы, бала үйінде суицид жасаса, отбасында кикілжің болуы мүмкін. Ал өлім орны мектеп болса, демек сыныптастарымен немесе ұстаздарының арасында келіспеушілік болған, әлде оқу үлгерімінде қиындықтар туындаған. Кейде адам алдына қойған мақсатына жете алмағанда өзіне қол салуға мәжбүр болатынын мамандар жиі алға тартады.Ал әйел заты көп жағдайда жігіті алдап соққанда, арын таптағанда өзіне қол салады. Ал еркектерге не жорық? Не себепті кейінгі кездері еркектердің суициді көбейді?– Өз-өзіне қол салуға көбіне отбасылық жағдайдың төмендеуі, жұмыстан шығып қалған адамдар барады. Кейде ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүрген адамдар суицид жасайды. Статистикаға сүйенетін болсақ, өз-өзіне қол салу кейінгі кездері ер адамдардың арасында көп кездесетін болған. Нақты жасына келсек, өзін өлімге қиғандардың орташа жасы 18 бен 30 жас аралығын құрайды, – дейді Тараз қалалық Полиция басқармасының ресми өкілі, полицияның аға лейтенанты Жанерке Әзімхан.
Ер-азаматтар үшін негізі күнделікті жаңалық, адреналин дүниелер керек. Ашуының басуын да олар содан табады. Ал үйде отырып қалған еркек ашушаң, сөз көтере алмайтын, не болса соған тисіп отыратын күйге түсті. Оны жайшылықта күйеуін кешкісін бір-ақ көретін әйелдердің дені көтере алмады. Содан үйде ұрыс шығып, соңы шаңырақ шайқалды. Әйел бала-шағаны алып төркінге кетсе, еркек өкпе мен ашуын арақпен жазды. Осылайша, жүйке күйзелісіне түскен ер-азаматтар өзін жалғыз сезініп, соңы өз өмірін өлімге қиып жатады, – дейді психолог Ертай Жұмат. Сонымен қатар маман карантин кезінде көп тіршілік тоқтағандықтан, халықтың дені қарызын қайтара алмай, бизнестері банкротқа ұшырағанын, бұл жағдайға түскен ерлер өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін айтты.– Бұған басты себеп – карантин. Әлемдік пандемия кезінде үйде отырып қалған еркек өзін қамауда жүргендей сезіне бастады. Еркек – еркіндікті сүйетін жаратылыс. Атам заманнан ер-азаматтар түзде жүрсе, әйел баласы ошақ қасында болды. Карантин, міне осы қалыптасқан табиғи заңдылықты бұзды. Үйде бала-шағаның қамымен жүретін әйел үшін карантин сезілген жоқ. Себебі аналардың дені өмірін үйде, бала күтімімен өткізеді. Ал ер-азаматтар үй қабырғасына сыймай, өзін керексіз сезіне бастады.
Иә, карантин кезінде ерлердің үйге сыймай кеткенін бәріміздің көзіміз көрді. Тіпті, ішімдікке салынып, үйдің берекесін қашырып, соңы ажырасып тынғандар туралы да естідік. Демек, әлемдік пандемияның жанға батқан кері тұсы – осы. Енді мұндай жағдайда не істемек керек? Еркек күйзелісін қалай жеңуге болады?– Өйткені еркек еш уақытта көмек сұрай алмайды. Оған оның намысы жібермейді. Отбасына, жақындарына салмақ салғанша, басына түскен ауыртпалығын өзімен алып кеткісі келеді. Соңғы екі жылда көрсеткіштің күрт өсуі осымен байланысты деп ойлаймын, – дейді Ертай Жұмат.
Иә, шынында қазір еркектердің дені ашушаң. Болмайтын нәрсеге долданып, өз-өзімен терең ойға батып жүреді. Мұның себебін де, шешу жолын да психолог мамандар ұсынып отыр. Әрине, барлық еркек күйзеліске ұшырап, өз-өзіне қол салмақ болып жүр деуден аулақпыз. Алайда екі жылда көрсеткіштердің еселеп өскені жақсылық емес.– Бұл жердегі ең басты мәселе – ер-азаматты уайымымен жалғыз қалдырмау керек. Төркінге балаларды алып қашқанша, әйелдерге ерлерінің қасында болғаны абзал. Одан бөлек, әкесіне балаларын жақындату қажет. Ол өзінің артта ұрпағы барын сезініп, өмірде жоғалтатын құнды дүниесін сезінгені абзал. Сондай-ақ серуендеуге көп шығып, туыстарымен де жиі тілдестірген жөн. Әйтпесе, өз-өзіне қол саламын деп бір бекінген адамды кері қайтару қиын. Егер ашуын арақтан алып жүрсе, оны да «бірден қой» деп талап етуге болмайды. Олай етсеңіз сіз күйеуіңізге жек көрінішті болып қаласыз. Ең бастысы, отағасын үйдің басшысы ретінде сездіріп, көңілін тапқан абзал. Сонда ғана ер-азамат жаман ойдан арылады, – дейді психолог Ләззат Төлегенова.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы