Шешінді!
Шешінді!
375
оқылды
Бір күні күйеуім жетіп келді. Кофе ішіп отырғанмын. Ұялы телефонын бетіме жабыстыра жаздады. – Ойбай, көріп тұрмын, не болды? – деп сұрадым мен. – Шешінді! – Кім шешінді? – Әнші, актриса Кәмшат Жолдыбаева! – Оның несі қызық? – Жартылай жалаңаш фотоларын қарашы? Оның сіңілісі де жалаңаштанудан жарысып жүр! – Әй, сен неменеге тамсанып жүрсің? А, айтшы маған? – Жәй, әншілерде әдеп, ар-ұят қалмады дегенім ғой. –Сен оларды түземей-ақ қой. Кетші әрі! – дедім мен шеке басым тырысып. Күйеуім жөніне кетті. Бір кезде тағы шауып келді. Екі езуі құлағында. – Не болып қалды тағы? – деп сұрадым мен, –тағы кімдер шешінді? – Алтынай Жорабаева деген әнші екінші рет тұрмысқа шығып еді ғой? «Күйеуім сағыныыып кетіпті мені» деп жазыпты әлеуметтік желіге! – Сағынса өзінің күйеуі! – Жоға, күйеуінің сағынғаны кімге қызық? Осыны да жарияға жар сала ма деймін? Осы әншілер төсек тақырыбын ұялмай жазып жатады. Кейінгі сіңілілері қандай тәрбие алады деймін де... – Сен оларды тәрбиелемей-ақ қойшы, кетші, әрі! Күйуім кеткен соң, тамақ пісіруге кіріскенмін. Пияз аршып отырғанымда құлдыраңдап, күйеуім жетіп келді. – Мынаны қарашы, мынаны! Айжұлдыз Адайбекова күйеуімен не себепті ажырасқанын жазыпты! – Е, ажыраса берсін! Кім ажыраспай жатыр? – Жоға, Айжұлдыздың ажырасқаны кімге қызық деймін де? Осы, әншілердің ажырасқаны, төсектегі қылықтары, жалаңаштанып сахнаға шыққандары неге керек деймін де? «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа жоқ» деген осы да! – Кетші әрі! Бүгін не болған өзі саған? Әншілерді жөнге салатын кім едің сен? – деп пиязбен жіберіп ұрдым. Басына сарт ете қалды. Өкпелеген сыңай танытып кетіп қалған, біраздан соң тағы келіп тұр. Мынау мені жындандыратын шығар? – Белгілі әнші Жанар Айжанованың қызы енесімен тіл табыса алмай, күйеуімен ажырапсып кеткенін жазыпты! – Қойшы деймін! Ажыраспаса, одан ары! – Жоға, таң қаламын да. Оның ажырасқаны жастарға қызық болар, менің жиіркенгенім соншалық, осындай жаңалықтарға құсқым келіп тұр. – Далаға шығып, құсып кел. – Кентал деген әнші бар ғой, «өзімнен он төрт жас кіші қызға үйлендім, жақында балалы боламыз» деп мақтанып жазыпты. Қай қазақтың жігітін көрдің осылай мақтанғанды? Сәбіз турап жатқан едім. Орнымнан ұшып тұрып, туралған сәбізді уыстап алып, аузына тыға салдым. Күйеуім күтірлетіп шайнап, жөніне кетті. Көрдіңіз бе, әншілердің «жынды» жаңалықтары осындай. Туайын деп жатса да, екінші, үшінші байға тиейін деп жатса да, сүйіссе де жарияға жар салып, әлеуметтік желілерге жариялап жатады. Олардан басқа қызық жоқ сияқты. Ауыздарын қимылдатып, фонограммамен жалған атақ жинаған әншілер былайғы өмірлеріін де көпшілік талқысына салып жатады. Динара Сәтжан деген теле жүргізуші екінші рет тұрмыс құратынын айтып, сұхбат беріпті. Оның тұрмыс құрғаны кімге қызық? Оныншы рет тұрмысқа шықсын, мейлі! Айдарқұлов дегеен әзілкеш қаншама рет ажырасып, қаншама рет үйленгенін жазады да жатады. Жұрттың басы қатты. Шаршап та кетті. Айдарқұловтан. Сіз қалай ойлайсыз, патша көңіл оқырманым? Шаршаған жоқсыз ба? Ақмарал АБДРАМАНОВА