Осы онкүндікте атқарылған іс-шара төңірегінде және АИТВ-ның қаламыздағы бүгінгі ахуалы жайлы БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беру мақсатында БАҚ өкілдерімен баспасөз жиыны өтеді. Аталмыш шараға қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ә. Рүстемова мен ЖИТС орталығының директоры С.Абдраимов қатысып журналистер сауалына жауап береді.
Жыл сайын 1 желтоқсанда әлемдік қауымдастық, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтер АИТВ/ЖИТС қарсы күрес күнін өткізіп, тұрақты түрде инфекцияның алдын-алу, тестілеу, емдеу және азаматтарға қызмет көрсету, осы проблеманы бірлесіп еңсеруге күш-жігерін салады. Бүгінгі медицина ауыр індеттің алдын алуда едәуір жетістікке жеткенімен, оны жұқтырушылардың саны әлі де азаятын емес, деп хабарлайды ЮНЭЙДС. Сондықтанда осы проблемаға басымдық берген ЮНЭЙДС «Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату. Пандемияны тоқтату» деген тақырып ұсынып отыр. Кампания әлемдік көшбасшылар мен азаматтарды АИТВ/ЖИТС-ға қарсы күрес жолында маңыздысы «қоғамдағы теңсіздікті жоюға» шақырды.
Осы орайда осындай айтулы күндердің пайдасы зор. Әсіресе ел болашағы жастар арасында АИТВ-ның алдын алу төңірегінде жүргізілетін жұмыстар мол нәтижелі болатынын ескерген мамандар, өткен онкүндік аясында қалалық жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері арасында көптеген танымдық іс-шара өткізді.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ә. Рүстемова «Нұр-Сұлтан қаласында да емдеу-алдын алу қызметтерімен қамтуда айтарлықтай прогресс байқалады» -дегенді айта келе, «Бүгінгі таңда АИТВ-жұқпасы мен оппортунистік аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеудің тиімді құралдарына қол жетімділікті кеңейтудің арқасында, күтім және қолдау бағдарламаларын енгізу нәтижесінде АИТВ-инфекциясы созылмалы аурулар санатына өтті. Яғни АИТВ-мен өмір сүретін адамдар ұзақ және салауатты өмір сүре алады.
Сондай-ақ әлемде осы инфекцияның алдын-алу, ерте диагностикалау және емдеудегі жетістіктер өлім-жітім азайып, АИТВ/ЖИТС соңғы екі онжылдықта өлімге әкелетін аурулар тізімінде 8-ші орыннан 19-шы орынға көтерілуі»-деді.
Дүниежүзілік науқанның басты мақсаты халыққа АИТВ-инфекциясының алдын алудың маңыздылығы туралы еске салу, қоғамның назарын әлеуметтік қорғауға тарту және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын сақтау. Қазіргі таңда медицина қызметкерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері кейбір қиыншылықтарға қарамастан, қызметтің инновациялық тәсілдерін, қазіргі технологияның мүмкіндіктерін қолдана отырып, індетке қарсы күрестің міндетін табысты орындауда. Әсіресе халықтың АИТВ жұқтыру қаупі жоғары топтарында алдын алу іс-шаралары жүйелі ұйымдастырылып келеді. Орталық директоры Абдраимов Сабит Бекмағанбетұлының айтуынша АИТВ-ның алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижелі болуы үшін, осындай қоғам назарын аударатын айтулы даталардың үлесі зор.
«Біз аталмыш күндер аясында көптеген мемелекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен күш біріктіреміз. Мұндай да, біз бен қоғам белсенділерінің қызметі аталмыш індеттен зардап шеккен адамдарды тиісті ақпаратпен, қызметтермен, әлеуметтік қорғаумен қамту. Дегенмен, мұндай жұмыстар тек медицина тарапынан ғана емес, азаматтық қоғам, тіпті кез келген адам өз денсаулығын нығайтуға жан-жақты үлес қосуы тиіс деп санаймын» - дегенді айтты.
Айта кету керек АИТВ тестілеу арқылы анықталады. Ал тестілеу міндетті және ерікті түрде жүргізіледі. Міндетті топтарға донорлар, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, сотталғандар және сот, прокуратураның сұранысы бойынша тұлғалар жатады. Қалғандары, оның ішінде осал топтар, клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша АИТВ-ға тесттен өтеді, нәтижесі оң болған кезде, психолог маманның консультациясы беріледі. Кеңес кезінде міндетті түрде есепке тұрып, ем бастау керектігі айтылып, емделуден жалтарғандар мен АИТВ статусын біле тұра басқа адамдарға жұқтырғандар үшін әкімшілік жаза қолданылып қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіледі. АИТВ - бұл созылмалы ауру, ол көп жағдайда баяу, бірақ тұрақты түрде дамиды.
Бұл вирус иммундық жүйені төмендетіп және СД4 жасушаларын азайтады, иммунитеттің төмендеуінен организм тіпті жеңіл аурулардан да қорғана алмайды. АИТВ-инфекциясы адамдардың жеке бір әлеуметтік тобымен шектелмейді, ол жалпы популяцияға тараған және кез-келген адам вирусты жұқтыруы мүмкін. Орталық АИТВ жұқтырғандарға және ЖИТС-пен ауыратындарға мамандандырылған амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсетеді және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. соның нәтижесінде антиретровирустық терапияға 1414 науқас тартылды. Бұл диспансерлік есепте тұрғандардың 93 пайызын құрайды және бұл жұмыс жалғасын табады.
Онкүндік қарсаңында барлығы 285 адам ерікті түрде АИТВ-ға (ауыз қуысы сұйықтығы бойынша) немесе капиллярлық қан бойынша (яғни саусақтан қан бойынша) экспресс-тестілеуден өткен. Ал жалпы өткен 10 айы ішінде АИТВ-ға 276 699 тест өткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,3% - ға жоғары. АИТВ-ға тексерілу неғұрлым көп болған сайын жаңа жағдай да артуда. Яғни өткен он айда АИТВ-ның жаңадан 277 жағдайы анықталды. Оның 197-і ерлер қалған 80-і әйелдер.