Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесуден басталды, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
— Біз Сіздің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Өкінішке қарай, әлем күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Қазір коронавирустың жаңа штаммы — «Омикрон» анықталды. Біз індетпен күресте әрдайым бірге болуымыз керек, — деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске екінші жаңа QazCoVac-P вакцинасы туралы айтты. Аталған препарат клиникалық зерттеулер фазасына кандидат вакциналар тізіміне енгізілді. Президент қазақстандық вакцинаға қолдау көрсеткені үшін ДДСҰ басшысына алғыс айтты. Мемлекет басшысы ДДСҰ-ның вакцинаға тең құқықты және әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге ұмтылысын толық қолдайтынын атап өтіп, қазақстандық вакцинаны мұқтаж елдердің бәріне ұсынуға дайын екенін айтты. Ұйымның Бас директоры өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, вирустың жаңа штамдары және пандемияның одан әрі өршу сценариіне қатысты болжамдар туралы мәлімет берді. Тедрос Андханом Гебрейесус өлімге соқтыратын осы аса қауіпті індетпен күресте вакцина салудың аса маңызды екенін атап өтті.