Жедел уәкілдер күдіктілердің Нұр-Сұлтан қаласынан келгенін, пәтер жалдап, онда есірткі заттарын өлшеп-орағанын анықтады.
“Жұмыс” барысында екеуі орама жасаған, үшінші күдікті олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, “шухерде” тұрған. Ұстау барысында жастар өздері жасап үлгерген жасыру орындарын көрсетті, олардан 8 жасырылған есірткі алынды. Сонымен қатар, пәтерден тыс, арнайы бөлінген жасырын орында сақталған есірткінің негізгі салмағы, электронды таразылар, зип-пакеттер және т.б. тәркіленді, сол жерден жедел уәкілдер 125 грамнан астам а–PVР психотроптық затты тәркіледі.
– Ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі бойынша (Адамдар тобында алдын-ала сөз байласу арқылы жасалған синтетикалық есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестерді аса ірі мөлшерде, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы заңсыз өткізу) сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Күдіктілердің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Ақмола облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мейрам Жапбасов.
– Қаржылық мәселелерін шешу үшін есірткі бизнесіне баратын жас жігіттер мен қыздарды ұстап жатқанымыз өкінішті. Әр жасырып салушы, бұл - өз жолдастарын құртатын сатушы және өлтіруші екенін түсінуі керек, – деп түйіндеді М.Жапбасов.