«Ұлымды шенеунік қағып өлтірді» – Таразда жас жігіттің ата-анасы араша сұрайды
«Ұлымды шенеунік қағып өлтірді» – Таразда жас жігіттің ата-анасы араша сұрайды
Фото: КТК арнасынан скриншот
173
оқылды

Экс-басшының басы тағы да дауға қалды. Бұған дейін өзі жетекшілік еткен мекемеге негізсіз ақша аудару дерегі бойынша тергеуге алынған ол енді адам қағып істі болды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Тіпті ол қылмыс орнынан қашып кетіп, тек марқұмның анасы үндеу жасағаннан кейін қамауға алынған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы кісіні жазым қылса да, әзер тұтқындалған күдікті жазадан құтылып кете ме күдіктенеді. Сондықтан бұл істі Ішкі істер министрі өз бақылауына алса дейді. Қайғылы жағдай бағдаршамның түбінде болған. Көлігі бұзылған 18 жастағы азамат тоқтауға мәжбүр болады. Сөйтіп, көліктен сыртқа шыққан. Сол сәтте жолда жалғыз тұрған машинаны жүйткіген БМВ екпінмен келіп соққан. Соның салдарынан Мейірбек Уалиханұлы ауыр жарақат алып оқиға орнында қаза тапты. Ал апатқа кінәлі жүргізуші бой тасалап үлгерген. Күдіктінің өзі қаққан адамға көмек бермей кетіп қалғаны бейнежазбадан анық көрінеді. Оқиға 23 қараша күні таңғы сағат алты шамасында болған. Бірақ бірнеше күн бойы адам өлтірген жігіт қолға түспеген. Тіпті марқұмның анасы полицейлер оны іздеуге құлықсыз деп, әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдауға мәжбүр болған.

«Қағып өлтіріп, қашып кетті. Әлі бостандықта. Президент мырза және халқым, қайғыдан қан жұтқан ана тек осы мәлімдемеден кейін ұлымды өлтірген күдікті өз еркімен полицейлерге келді», – дейді.

Гаухар Қаппарбекова оның көлікті ішімдік ішіп басқарғанына сенімді. Соны жасыру үшін бірнеше күн қашып жүрді деген пікірде. Әрі бұл азамат қала әкімдігінің қызметкері екенін естіген. Енді ол тамыр-танысын пайдаланып жазадан құтылып кете ме деп күдіктенеді. Марқұм Мейірбектің әкесі Уалихан Шамкенов: «Әкімдікте істейді екен деп бостандыққа жібермеңдер. Босап кетуі мүмкін деп қорқамын. Мен жауыма да тілемеймін. Ол тоқтап, басын көтерген кезде, мүмкін аман қалар ма еді... Мүгедек болса да, көз алдымда жүретін бе еді?», – дейді. Полиция осы фактіге қатысты 28 жастағы азамат қамауға алынғанын мәлімдеді. Бірақ ол қашан келді, өз еркімен бе, әлде полицейлер іздеп жүріп ұстады ма, ол жағы ашық айтылмады. Сондай-ақ күдіктінің ішімдік ішкен-ішпегені де әзірге жұмбақ. Бір белгілісі, оған қатысты екі баппен іс қозғалған. Тараз қаласы ПБ бастығы Асылхан Зауірбеков: «Тараз қаласы полиция басқармасының қызметкерлері 28 жастағы күдікті анықтап, ұстады. Қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Бүгінде әкімдік қызметкері емес», – дейді.

28 жастағы азаматтың Тараз қаласы әкімдігіне қарасты медиа орталықты басқарғаны расталды. Шенділердің сөзінше, ол тоғыз ай бұрын өз еркімен жұмыстан шыққан екен. Бірақ қара жамылған отбасы бұған сенбейді. Мейірбек Уалиханұлы бір үйдегі төрт баланы үлкені еді.