Қазақстанда аста-төк сән-салтанатқа салық салу керек екені депутаттар мен экономистер тарапынан жиі айтылып жүр. Тіпті, биыл Қаржы министрлігі соның нәтижесінде нақты тұжырым бекітуге уәде берді. Бірақ одан еліміздегі бай мен кедей арасындағы айырмашылық азая қояды деу ақылға сыймайтынға ұқсайды. Өйткені вилла салып, яхта сатып алған байлар тізіміне көбірек жалақы алатын, шағын дүкен ашқан қарапайым азаматтар да еніп кетуі мүмкін.
Әлем бет бұрғанымен...
Әрине, қай мәселені алсақ та, «екі қарап, бір шоқып», әлемдік тәжірибеге иек арту – қалыпты да қажетті үрдіс. Мысалы, Францияда байлық салығы азаматтардың барлық активтеріне салынады екен. Ал АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Жапонияда сияқты дамыған басқа елдерде салықтың бұл түрі тек люкс класына жататын автомобиль, яхта, ұшақ және қымбат бұйымдарға ғана прогрессивті шкала есебінен салынады. Швеция болса, байлыққа салық салу үдерісін 2000 жылдардың басында-ақ тоқтатқан. Әйтпесе, ол елдің билігі 2005 жылы мемлекеттік бюджетке ірі байлардан 500 миллион еуро түсірген еді. Есесіне одан инвестицияға едәуір нұқсан келіп, кәсіпкерлік белсенділік төмендеп, қазына 53 миллиард доллардай қосымша кірістен қағылған. Оған жергілікті бай-бағландардың көбірек салық төлегеннен гөрі, жиған-тергенін шетелге инвестиция етіп құйғаны басты себеп. Сол сияқты 30 жыл бойы «шалқып ішіп, шайқап төгіп» үйренген қазақстандық элитаның да ондай салық түріне бірден мойынсұна қоймасы түсінікті. Бір жағынан олардың байлығы негізінен байтақ жеріміздің табиғи ресурстары мен агросектор саласынан құралғандықтан, жоғары салықтан жалтаруға да хақысы жоқ. Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, байлық салығы көптеген элиталық топтардың ықпалымен жүйеге енбей, жүзеге асырылмай келе жатқанына біраз жыл болған. «Мен ондай заңды жуық арада қабылданбайды деп ойлаймын. Байлардың осы кедергі келтіргені – келтірген! Менің өзім сол мәселенің көтеріліп жатқанын экономист мамандардың, сарапшылардың аузынан кейінгі жылдары 5-6 рет естідім. Бірақ одан еш нәтиже жоқ. Министрлермен де, депутаттармен де, әкімдермен де сөйлесіп көрдім. Олардың көбі байлыққа салынатын салықтың қажет емесін айтып отыр», – дейді ол.Екі жылда бір жауап
Байлыққа салық салу мәселесі былтыр көтерілген кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дамыған елдердегідей жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына көшуді ұсынған болатын. Еске сала кетсек, ондай тәжірибе 2007 жылдың 1 қаңтарына дейін өзімізде де болған. Алайда оған қайта оралуды әлі де қоғаммен, депутаттармен, мамандармен талқылап, жүйеге енгізу-енгізбеу туралы шешімді Президент асықпай қабылдамақ. Бір қызығы, байлыққа арнайы салық енгізу мәселесін Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы былтырғы қарашада көтерген еді. Биыл да дәл қарашада сол ұсынысын қайтадан алға тартты. Екеуінде де экономика, қаржы саласына жауапты басшылардан бір-ақ жауап алды. «Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде біз елдегі бай және кедей топтар арасындағы алшақтық едәуір артқанына куә болдық. Мұнда сәнді тауарларға, мысалы, яхталар, ұшақтар, қымбат жылжымайтын мүліктер, қымбат автомобильдер, зергерлік бұйымдарға салық салу туралы айтылады. Байлыққа салық енгізу Қазақстанда салық салудың әділ жүйесін құра алады деп санаймын», – деді сенатор бұл жолы. Енді оған берілген жауаптарға келсек, былтыр Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов: «Байлыққа салық салу – тиімді тәсілдердің бірі. Мүліктің құны жоғары болса, онда әрине, cалық көп болады. Көлік салығы бойынша да осындай айырмашылық бар, ол 8 мыңнан 600 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ алкоголь, темекі, акциздерге қосымша салықтар алынады», – деген болатын. Ал биыл Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев те: «Егер дұрыстап қарасақ, күнделікті әрекет ететін акциздің өзі де байлыққа салынатын салық болып саналады. Оларға сәнді тауарлар – темекі, алкоголь, жанар-жағармай жатады», – деді. Айырмашылығы, Марат Сұлтанғазиев елімізде байлық салығын жүзеге асыру мәселесі 2022 жылы қаралатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты бизнес өкілдерімен талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы үкіметтік жобаға енгізілуі тиіс. «Оны есептейміз немесе бізде мүлік салығы бойынша салық салудың прогрессивті шкаласы бар. Мүлік неғұрлым қымбат болса, соғұрлым мөлшерлеме жоғары болады. Олар да байлық салығының элементтері», – деп түсіндірді Қаржы вице-министрі. Айтуынша, одан халықтың қай бөлігі зардап шегетіні туралы әлі жеткілікті зерттеу жүргізілмеген.Түйіннің бір ұшы – табыс декларациясы
Экономист Айдар Әлібаев байларға салық саларда орта және шағын кәсіп иелері зардап шегіп қалмас үшін жалпыға бірдей табыс декларациясын енгізуді дұрыс жолға қою керек деген пікірде. Егер елдегі байлар өз табысын жасырмай, салықтан жалтармай, заң аясында жұмыс істейтін болса, қазынаға бірнеше миллиард теңге кіріс түсуі тиіс. «Бірақ біздегі заңсыз жолмен байығандар өз мүлкін жария еткісі келмейді. Прогрессивті шкала туралы айтқанда да, ол шылқыған байларды, жемқорларды әлеуметтік жауапкершілікке үндеуге емес, қарапайым табыскерлердің қалтасын қағуға жұмыс істеп кете ме деп ойлаймын. Өйткені шенеуніктердің кейбірі мемлекеттік қызметкерлер табыс декларациясын тапсырмауы керек деп жатыр», – дейді экономист. Одан өзге сарапшылардың пікірлерін қарап отырсақ, олар да көлеңкелі экономиканың көрігі қызып тұрған заманда байларға салық салу бастамасының әзір шешімін таба қоятынына сенбейді.Еркеғали БЕЙСЕН