Желіде мобильді аударымдарға салық салынатыны туралы жалған ақпарат тарады. Соның салдарынан тауар мен қызмет ақысын мобильді аударым арқылы алып жүрген кәсіпкерлер 1 желтоқсаннан бастап тек қолма-қол ақша қабылдайтынын айта бастады. Салық кодексіне қандай өзгеріс енгізілді? Мобильді аударымның бәріне салық салына ма?
Өткен аптада Сенат депутаттары ҚР Салық кодексіне енгізілген түзетулерді бекітті. Онда банк қосымшаларында «мобильді төлем» функциясы қосылатыны жазылған. Құжатқа Мемлекет басшысы қол қойса, бұл норма күшіне енеді.
«Мобильді төлем» функциясы қалай жұмыс істейді?
Қазір қазақстандықтар көптеген тауар мен қызмет ақысын мобильді қосымша арқылы аудара салып жүр. Ал мұндай транзакция үшін кәсіпкер салық төлемейді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Салық кодексінде төлемнің тек екі түрі қарастырылған: қолма-қол ақша және POS-терминалдар арқылы картамен төлеу. Ал Салық кодексіне енгізілген өзгеріс күшіне енсе, «мобильді төлем» пайда болады. Олар онлайн бақылау-касса машинасы (БКМ) арқылы өтеді, яғни клиентке фискалды чек беріледі.
ҚР Қаржы министрлігінің мәлімдемесінде, енгізілген өзгертулер жеке тұлғалардың жеке аударымдарынан кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асырылатын мобильді төлемдерін бөлуге арналған.
Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев мобильді төлемнің қалай іске асатынын былай түсіндірді:
"Заң күшіне енгеннен бастап тауар немесе қызмет ақысын төлеген кезде төлем белгісін қалдыруыңыз керек. Қазір мобильді қосымшаны пайдаланатындардың бір ғана жолы бар – "аударма". "Төлем" жолы пайда болуы керек. "Аударымдар" жеке тұлғалар арасында болады. Оған ешқандай салық салынбайды. Ал "төлемдер" тауар, жұмыс және қызметтер үшін жасалады. Ол да қолма-қол ақшамен, банк картасымен төлегендей болады, ол үшін кәсіпкер салық төлеуге тиіс", – деп түсіндірді Марат Сұлтанғазиев.
Вице-министр «мобильді төлем» функциясының пайдасын да айтты.
"Егер тауардың немесе қызметтің ақысын кәсіпкердің шотына аударсаңыз, сіз тұтынушы ретінде құқығыңыздан қағыласыз. Егер сіз "төлем" жасап, сатып алсаңыз, чек беріледі. Сіз өнім мен қызметтің ақысы екенін көрсетесіз. Кейін сіз тұтынушы ретінде тауардың сапасына талап қоя аласыз, оны қайтара аласыз", – деді вице-министр.
Кәсіпкерлер басқа қандай жолмен төлем қабылдай алады?
Қаржы министрлігінің дерегінше, қазақстандықтар 2021 жылдың 8 айында мобильді қосымшалар арқылы 43,2 трлн теңге аударған.
"Бұл ретте банктермен ақпарат алмасу да көзделеді. Сонымен қатар, арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерге біздің e-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігі беріледі. Бұл жерде жеке кәсіпкерлер үшін де, тұтынушыларды қорғау мақсатында да бұл нормалардың пайдасы тиеді деп ойлаймыз", – деді Қаржы вице-министрі.
Сонымен бірге министрліктің хабарлауынша, егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, салық салу бойынша өзіңізге ыңғайлы режимді таңдай аласыз. Мысалы, такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады. Бұл режим табысы жылына 10,3 млн теңгеден аспайтын жағдайда ғана қолданылады.
"Ал кассалық аппараттарға қатысты, қазір бірнеше мобильді қосымшалар бар. Кәсіпкер онлайн кассаның мобильді нұсқасын жүктеп алып, заңды түрде пайдалана алады. Ал салық есептілігі e-Salyq Business қосымшасын енгізу арқылы автоматты түрде жасалады. Бұл шаралардың барлығы бизнесті жүргізуді одан әрі жеңілдетуге бағытталған" делінген Қаржы министрлігі таратқан хабарламада.
Тәртіпке бағынбаған кәсіпкерлер қалай анықталады?
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев төлемді мобильді аударым арқылы алып, салық төлемейтін кәсіпкерлер қалай анықталатынын түсіндірген еді.
Оның айтуынша, мұндай бизнесмендерді арнайы ақпараттық жүйе анықтайды.
«Тәуекелдерді басқару жүйесін жасаймыз. Мәселен, тәуекелдердің бірі – бір күн ішінде адамға түрлі көздерден ақша түсуі. Егер бұл жағдай бірнеше күн, айлар бойы жалғасса, салық органдары назар аударып, жеке тұлғамен одан әрі жұмыс істеуі керек», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін табыс салығын төлеуден босатылған.
Еске сала кетейік, сонымен бірге Салық кодексіне енгізілген тағы бір өзгеріс – 2022 жылғы 1 қаңтардан Қазақстанда тауар мен қызмет ұсынатын шетелдік интернет-компаниялар қосымша құн салығын төлейтін болады. Ондай компанияларға Google, Facebook, Amazon, Netflix сияқты Қазақстанда электронды қызмет көрсететін халықаралық интернет-алаңдар кіреді.