Тәуекелге бел буып, ұлы қадамдар жасау жауапкершілігін өз мойнына алатын тарихи тұлғалар ұлт болашағын айқындайды. Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанның тізгінін ұстаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қоғам мен мемлекетті жаңғыртып, жаңа биіктерге көтерген ірі бастамаларын қолға алмағанда, іргелі реформалар жүргізбегенде, Қазақстан қазіргі жетістіктеріне жетпеуі мүмкін еді. Бір ғажабы, халықаралық саясаттануда «Назарбаев феномені» деген ұғым ХХ ғасырдың соңында пайда болған.
Осыдан үш онжылдық бұрын қазақ елі қандай еді? Жұрты жарылыстан көз ашпаған, жері ядролық сынақтардан уланған ел еді. Кеңестен мұраға қалған, қуаты жөнінен әлемде төртінші саналатын ядролық арсенал құт емес, кесапат еді: жаһандық державалар, бүкіл Батыс әлемі Қазақстанға сенімсіздікпен, қабақ түйе қарады. Оны жоймағанда инвесторлар да қауіп қылып жоламайтын еді.
Дамуы жөнінен Кеңес Одағының 15 республикасы ішінде соңғы жақтағы 12-орында келе жатқан Қазақстанның экономикасы шаруашылық байланыстардың үзілуі салдарынан КСРО-мен бірге күйрей жаздады. Қызыл империяның шикізат базасына айналған, өзге өнеркәсібі кенже қалған, оның үстіне мұхиттарға ұласар көк теңізге шыға алмай, құрлықта қысылған Қазақстан Елбасының кез келген алпауытты бітімге иліктіре алатын қасиет-қарымы болмағанда, мұнайы мен газын да жаһандық нарыққа шығаратын жол таппай, пұшайман күйге түсуі мүмкін еді.
Оны аз десеңіз, бір мегаполистің тұрғынына тең, 14 миллиондай ғана халқы қалған республиканы Назарбаевтай білікті саясаткер, тәжірибелі лидер басқармағанда, ұлан-байтақ Ұлы дала екі жақтан қысқан қос алпауытқа жем болып кететін бе еді?! Әйтпесе, өткен ғасырда Моңғолияның біраз аумағы, сондай-ақ Тибет, Макао, Тайвань, Тайбэй, Гонконг секілді елдер Қытайдың қоластына көшті. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген республика да азаматтық соғысқа душар болып, біраз аумағынан айырылды. Ендеше осынау күрделі ортада отырып Қазақстан территориясының бүтін қалуы да «Назарбаев феноменімен» ұштасып жатыр.
Сонау 1991 жылғы 3 желтоқсанда сол кездегі аса танымал ресейлік «Известия» басылымында А.Андреевтің «Феномен Назарбаева не разгадан» деген сараптамасы шықты. Сарапшы Елбасының «тәуелсіз санасына, азатшыл мінез-құлқына, саяси және экономикалық проблемаларды шешуге прагматикалық тұрғыдан келе білетініне, халықшылдығына» сүйсінеді. Қазіргі тілмен айтқанда, арзан хайпқа елікпейтініне назар аудартады.
«Н.Назарбаев біздің елде тым сәнге айналған тәсілді пайдалануға – төл тұлғасының мән-маңызын жасанды қомпайтуға тырыспайды. Саяси немесе экономикалық тақырыптарда қызба, жалаң мәлімдемелер жасамайды, оның баяндамалары мен байламдары сарабдал әрі байсалды. Оның шиеленіс-конфронтациядан бойын аулақ ұстайтыны байқалады. Бірақ егер әлдекім Қазақстанның мүддесіне кереғар тірлік жасаса, Н.Назарбаев оған қарсы екіұшты емес, нақты, батыл жауап береді», – деп жазады автор.
Бұл – жаһанда тоғызыншы территория саналатын аумақты иеленген Қазақ елінің жаңа көшбасшысының кім екенін ресейлік қана емес, батыстық саясаткерлер мен саясаттанушылардың салмақтап, бағалай бастаған кезі болатын.
Ал бүгінде халықаралық саясатта Елбасына қатысты нақты баға негізінен қалыптасып, бекіді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз елінің қамымен ғана шектелмей, аймақтың, Еуразия құрлығының болашағын ойлаған әлемдік қайраткер, талай қанды қақтығыстың алдын алған, талай өршіген шиеленістің тоқтауына ықпал еткен халықаралық бітімгер, республикамызда ғана емес, халықаралық аренадағы біраз реформаға, ізгі жаңғыруларға бастамашы болған жетекші саясаткер ретінде танымал.
Елбасы саясатының игілігін ең алдымен қазақстандықтар көрді. Н.Назарбаев Семей полигонын жауып, «ажал сепкен тажалдың» өңешіне құм құйды. «Ақырзаман қаруы» аталған ядролық жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартып, Қазақстан мен халықаралық қоғамдастық арасында үрейге, қорқытып-үркітуге емес, сенім және құрметке, өзара тиімділікке құрылған өнімді қарым-қатынас орнатты.
Жоспарлы экономиканың қалыптарынан қанатын кеңге жая алмаған ұлттық экономиканы нарықтық жолға түсіріп, елде бұрын-соңды болмаған жаңа индустрияларды дамытты.
Кеңестік қасаң қағидаттарға сүйенген, замана талаптарына жауап бермеген мемлекеттік билік жүйесін, тұтастай саяси жүйені жаңа жағдайға бейімдеп, трансформациялау, институционализациялау арқылы мемлекеттілікті нығайтты.
Бірізді саяси даму бағдарын жүргізіп, елдегі демократиялық үдерістердің өрістеуіне жол ашты.
Тұтас халықтар депортацияланып, қайта қоныстандырылған, этноанклавтарға толған Қазақстанды азаматтық соғыс пен қантөгіске киліктірмей, елді этносаралық және дінаралық келісім мен татулыққа ұйытты. Барлық ұлысты, бүкіл конфессиялық топтарды мемлекет пен болашақ үшін өз мойнына жауапкершілік алуға иліктірді, бір ту астына біріктірді.
Бүгінде Елбасының Қазақстандағы және халықаралық деңгейдегі позитивті рөліне ешкім де дау айтпайды. Қазір қазақстандық мемлекет те, қоғам да түбегейлі өзгерді, осыдан 30 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда айырмашылығы айқын.
Олай болса, «Назарбаев феномені», яғни жаңа, азат Қазақстанның негізін қалап, дамытқан, жаһандық деңгейдегі процестер мен прогрестерге ықпал еткен, адамзаттың даму беталысын оң жаққа өзгерткен (ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысы атануының өзі неге тұрады!), яғни алдымен ұлттық, артынша халықаралық деңгейдегі Лидерге айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа жаһандық дәрежедегі саясаткерлерде кездесе бермейтін феноменалды, бірегей, қайталанбас өмір жолы, адамзатқа сіңірген еңбектері, тұлғалық қасиеті болашақ зерттеушілердің жұмыстарына арқау болары даусыз.
Шетелдік сарапшылар, ғалымдар ұлы құндылық-идеялар мен биік ұлттық мұраттардың сабақтастығын сақтаған, бейбіт пен бақуатты болашаққа бастаған «билік транзитінің қазақстандық үлгісін» зерделеуде. Ал біраз ел «Қазақстандық даму жолын» өнеге етіп, өздеріне керегін көшіруде.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көшбасшылығымен қазақ халқы тарих үшін қас-қағым сәтте қуатты һәм заманауи мемлекет қалыптастыра алды. Алдағы онжылдықтарда да халқымыз бабадан өсиет боп қалған, қасиет боп қонған береке-бірлігін сақтаса, бас еркіндігін, баянды елдігін қызғыштай қорғаса, Елбасы белгілеген қағидаттарға сай ұлттық жаңғырса, елді өркендетудің жауапкершілік жүгін жұмыла көтерсе, онда Отанымыз Қазақстан ілгері озып, әлемдегі жетекші 30 елдің қатарына қосылатынына сенім мол.
Айхан ШӘРІП