Антқа адалдық – ардың ісі
Антқа адалдық – ардың ісі
272
оқылды
Президентті ұлықтау – ел тізгінін қолына алған басшы­ның қызметке кірісуіне арнал­ған салтанатты шара. Осыдан дәл 30 жыл бұрын Президент сайлауынан 10 күн өткен соң қазақстандықтар Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау шара­сы­ның куәсі болды. Алғашында Президентті ұлықтаудағы әлем­­­дік тәжірибе мен ұлттық салт-дәстүр ескеріліп, ұйым­дас­тырылған шараның бүгінде заңнамалық негізі жасалып, арнайы хаттамасы түзілді.

Ұлықтау рәсіміндегі ұлттық реңк

Азаттықтың ақ таңы атып, егемендігі алты құрлыққа мәлім болар тұстағы Қазақстан тарихының жаңа парағы тұңғыш Президентін сайлаудан басталғаны белгілі. Сайлаудан кейін іле-шала тарихымызда тұңғыш рет Президентті ұлық­тау рәсімі өтті.
– Шыны керек, Президент сай­лауынан соң Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ұлықтау шарасын ұйымдастыру туралы айтқанда абдырап қалдым. Президент жауапкершілігі аса зор рәсімнің ұйымдастыру комиссиясына жетекшілік етуді маған жүк­теді. Ал бізде мұндай шараны ұйымдастыруда тәжірибе болмады. Дайындықты Президентті ұлықтау рәсіміндегі әлемдік тәжірибені, тарихи негізді зерттеуден бастадық. Ара-арасында облыс әкімдеріне хабарласып, олардың да ой-пікіріне құлақ салдым. Сонда Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Өмір­бек Байгелдінің ұлықтау рә­сіміне ұлттық реңк беру туралы айтқан ұсы­ныстары ойымнан шықты. Қазақ­тың «хан көтеру» дәстүрінде орындалатын амалдарды заманға сай етуге тура келді. Президентті ақ киізге отырғызып көтеруді шараға қатысып отырған шетелдіктердің қалай қабылдары белгілі ғой. Ұлықтау рәсімінде Президентке Семей өңірінен көнекөз қария Шәкір Әбенов арнайы келіп, бата берді. Арада өткен 30 жылда Шәкір ақсақалдың сол жиында төгілтіп берген батасының қабыл болғаны­ның куәсі болып келемін, – дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Ең алғашқы ұлықтау рәсімінде ұлттық ерекшелігімізді танытып, Тұңғыш Президенттің табанына төселген ақ киіздің де өз тарихы бар. Бұл жайында сол шараны ұйым­­дастырудың басы-қасында жүр­­ген Мырзатай Жолдасбеков сөзін былай жалғады.
– Президенттің ұлықтау рәсі­міне арналған ақ киізге арнайы конкурс жарияланды. Оған респуб­ликаның түкпір-түкпірінен шеберлер өздері басқан киіздерді жіберіп жатты. Соның ішінде Жамбыл об­­лысы­ның шеберлері басқан ақ киіз комиссия мүшелерінің көңілі­нен шықты. Ал ұлықтау рәсімінен соң Президентке жабылған шапанды маңғыстаулық ерлі-зайыпты шеберлер тікті, – дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Ақ киізбен бірге ұлықтаудан соң құрбандыққа шалынған ақсар­бас та, Елбасының нағашы жұрты саналатын Қордай өңірінен жеткізілгенін біреу білсе, біреу білмес. Кейінірек жергілікті басылым­дардың біріне берген сұхбатында Жамбыл облысы Қордай ауданы­ның сол кездегі әкімі Құрманғали Уәли сол шақтарды былай еске алады.
– Облыс әкімі Өмірбек Байгел­дінің тапсырмасын алған соң ел аралап жүріп, ақ түсті қойдың жа­бағы жүнін таңдап алдық. Киізді басу үшін Қырғыз Республика­сының Тоқмақ қаласындағы киіз басатын өндіріс орнының шебері Зинаида Ергешқызын Қордай ауданына арнайы алдырдық. Зинаида шебер бар өнерін салып, ұзын­дығы 4 метр ені 3 метр болатын, жан-жағы алтын шашақпен көм­керіл­ген ақ киіз басып берді. Ақ киіз басылып болған соң шаруа­шылықтарды аралап, тұмсы­ғы мен басы сары ақ қойды да ел ішінен тауып, оны да ұлықтау рәсімінен соң құрбандыққа шал­дық. Оның етін көпшілік сол жерде-ақ бөлісіп, ырымдап алып кетті, – деді Қ.Уәлиұлы.
Осылайша, қазақ даласында араға 150 жыл (қазақтың соңғы ханы Кенесарыны 1841 жылдың күзінде хан көтерді) үзіліс салып, ақ киізге көтерген тәуелсіз Қазақ­станның Тұңғыш Президенті өзінің тарихи миссиясын абыроймен ат­қаруға кірісті. Ең алғашқы ұлықтау рәсімінен кейін Тұңғыш Президент 4 рет Қазақстан халқына қалтқысыз қыз­мет етуге ант етті. Мәселен, 1999 жылғы 20 қаңтарда Президент­ті ұлықтау рәсімі өтті. Бұл жолы Нұрсұлтан Әбішұлы Президент кеңсесінен салтанатты шара өткен Конгресс-холға дейін жаяу жүріп барды. Сондай-ақ дәл осы сәттен бастап Президент ұлықтауына алтын коллар мен арнайы орден та­ғып шығатын болды. 2006 жылдың 11 қаңтарында Ақ­ордада өткен рәсімнің басты ерек­шелігі оған 70-тен астам елдің делегаттарымен бірге алыс-жақын шетелдің 10-ға жуық Президентінің қатысуы болды. Әрі осы ұлықтау рәсімінде Қазақстан Респуб­лика­сы­ның жаңа Әнұраны шыр­қалды. Одан кейін Тұңғыш Президент­тің қатысуымен ұлықтау рәсімі 2011 жылғы 3 сәуірде және 2015 жыл­ғы 29 сәуірде ұйымдастырылды. 2019 жылғы 19 наурызда Тұң­ғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілеттілігін тоқтататыны туралы хабарлады. Ал 20 наурыз күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдады. Сон­дай-ақ Қасым-Жомарт Кемел­ұлы сол жылдың 12 маусымында Тәуелсіздік сарайында ұлықтау рәсімі салтанатты жағдайда Президент қызметіне кірісті. Қазақстан Президенті 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс өткен президент сайлауы кезінде сайлаушы­лардың 70,96 пайызының дауысына ие болған еді.

Құқықтық негізі бар рәсім

Жалпы, елімізде Президентті ұлықтау рәсімінің қағидаттары Конституцияның, «Қазақстан Республикасы Президенті туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы» заңдарының жекелеген баптарында қарастырылған. Мәсе­лен, «Қазақстан Республикасы Пре­зиденті туралы» заңының 3-бабында Президенттің халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiсетіні айтылған. Мемлекеттік протоколға сай ұлықтау рәсіміне Президент кел­генге дейін объектілерді қорғау қыз­меті әскери қызметшілерінің парадтық есептоптары марш әуенімен залға Мемлекеттік Туды, Президенттің байрағын және Конституцияны әкеледі. Одан соң Консти­туциялық Кеңестің Төра­ғасы Конституцияға сай Пре­зидент­тің халыққа ант берген сәті­нен бастап қызметіне кірісетінін хабарлайды. Заңға сай, Президент антты Конституцияға қолын қойып, мемлекеттiк тiлде айтады. Ант берiлгеннен кейiн Президент әуелі Мемлекеттік Туға келіп, оның матасының шетінен сүйеді. Бұдан соң мемлекеттiк әнұран орындалады. Келесі сәтте Орталық сайлау комис­сиясы­ның төрағасы Президентке қыз­мет­тік куәлiгiн, омырауға тағатын белгiсiн, байрағын және «Алтын қыран» орденiн тапсырады. Негізінен, Президентті ұлықтау рәсімі қаңтардың екінші сәрсен­бісінде өткізілуі керек. Ал Президент кезектен тыс сайлауда сайлан­ған жағдайда немесе Конституция­ның 48-бабында көзделген жағдай­да Президент өкілеттігін қабыл­дағанда, ант беру Президенті­нің өкілеттігін қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі. Бұл жағдайларда ант беру күнін Респуб­ликаның Орталық сайлау комиссиясы белгілейтіні де заңда тайға таңба басылғандай етіп көрсетілген. Негізінен, ұлықтау рәсіміне Парламент депутаттары, Конституция­лық Кеңес мүшелері, Жоғарғы Сот судьялары, республиканың барлық бұрынғы президенттері қатысады. Ұлықтау рәсімінің барысында Президент сөз сөйлейді. Оны аяқ­та­ған соң Қорғаныс министрінің баянатын қабылдайды. Президент Қарулы Күштері әскерлерінің түрлері мен тектерінің парадтық есептоптарына ықылас білдіреді. Қызметіне кіріскен Президенттің алдынан Қарулы Күштер әскер­лерінің түрлері мен тектерінің парадтық есептоптары салтанатты маршпен құрмет көрсетіп өтеді.

Әр елдің салты басқа

Жалпы, әлемнің өзге елдерінде де ұлықтау рәсімі бірізді хаттамалық жүйемен өтеді. Мәселен, Ресей Федерациясындағы Президенттің ант беру рәсімі біздікіне ұқсас. Тек оны бір ғана жерде, Кремль сарайында өткізу дәстүрі қалыптас­қан. Билікке Путин келгенге дейін Президентті ұлықтау Кремльдің басқа залдарында өткізілетін. Ал 2000 жылдан бастап бұл рәсім Үл­кен Кремль сарайының Андреевский сарайында өткізіліп келеді. АҚШ-тағы ұлықтау рәсіміндегі хаттама елдің ең алғашқы президенті Джордж Вашингтон қалып­тас­тырған дәстүрден айнымай келеді. Содан бергі 268 жыл ішінде ізбасарлары ант беруде Вашингтон жасаған амалды қайталап жүр. Тіпті, 2,5 ғасыр ішінде АҚШ пре­зидентінің халыққа беретін анты­ның да бірауыз сөзі өзгермеген. Ал Франциядағы президентті ұлықтау рәсіміндегі хаттамаға сай мемлекет 30 минут басшысыз қалатын көрі­неді. Бұл аралықта қызметін тап­сыр­ған ескі және әлі ант етпеген жаңа президент жабық есік жағ­дайында кездесу өткізіп, елдің бас­шысы «ядролық шабадан» мен құпия құжаттарды қабылдайды. Мексикада президенттің ұлық­тау рәсімі дәстүрлі түрде 1 желтоқ­санда өтеді. Және оның негізгі бөлігі жаңа басшының ыңғайына қарай өзгеріп отырады. Халыққа берілетін анттың мәтіні ғана өз­геріссіз айтылады. Жаңадан сай­лан­ған президенттің көңілі қаласа, ол автокөлікпен Мехиконың орта­лық көшесін аралап шығады. Енді бірі ескерткіштерге гүл шоқ­тарын қояды. Тіпті, Мексика бас­шы­л ары­ның ішінде халыққа ант берген соң тұрмысы төмен отбасылар тұратын ауданға ат басын бұрып, әлеуметтік саясатқа ба­сымдық беретінін аңғартқан басшылар да болған. Ал Бразилияда Президент хал­қына ант беріп, қызметіне кіріскен сәтте міндетті түрде көпшілік алдында жаңа министрлерді қызметке тағайындайды. Бір қызығы, бра­зилия­лықтар жаңа президенттің сай­лануын бірнеше күн бойы думандатып атап өтеді. Азия мен Африкадағы бұрын отар болған елдердің дені ұлықтау рәсімін батыс елдерінің тәжірибе­сіне сүйеніп жүргізеді. Олардың кейбірінде президенттер Конституция орнына Библия, Құран сияқ­ты діни кітаптарға қол қойып ант етуі арқылы ерекшеленеді. Ғасырға жуық Ұлыбританияның отары болған Оңтүстік Африка Республикасында қызметіне жаңа­дан кіріс­кен президент өз сөзінде әр жылдары елді басқарған ақ нә­сілді басшыларға тіл тигізіп, олар­дың африкалықтардың өмір сүруі­не кедергі жасағанын атап өтуі ке­рек. Қысқасы, ұлықтау рәсімі қан­дай форматта өтсе де, ол кез келген елде саяси салмағы зор шараның бірі болып қала береді. Бұл шара әуелі президенттің қызметке кірі­суі­нің заңдылығын көрсетеді. Ал олардың халыққа қалтқысыз қыз­мет етуге ант етуі қашанда болмасын мемлекеттің басты байлығы ха­лық екенін аңғартады. Бастысы, Мемлекет басшысы қызметінің ең алғашқы сәтінде өзін сайлаған халқына берген уәденің үдесінен шығып, антына адалдық таныта алса болғаны.

Шынболат КҮЗЕКБАЙ