Мұғалім ашық сабағын өткізбес үшін мектепте бомба бар деп хабарлаған
Мұғалім ашық сабағын өткізбес үшін мектепте бомба бар деп хабарлаған
Фото: tass.ru
297
оқылды
Жамбыл облысында мұғалім "мектепте бомба бар" деп жалған хабар берген, – деп хабарлайды КТК телеарнасы. Телеарна мәліметінше, мұғалім ашық сабаққа дайын болмағандықтан "мектепте бомба бар" деп полицияға хабар берген. Мектеп басшылығы оқу процесін тоқтатуға мәжбүр болып, 300 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Ал жалған хабар берген ұстаз балаларды эвакуациялауға көмек беріп жүріпті. Шу ауданының жас мұғалімі басшылар алдында өзінің біліктілігін көрсетуге тиіс болған. Бірақ оған еш дайындықсыз келген соң, сабақты тоқтату үшін осындай қулық ойлап тапқан. Білім ошағында жарылғыш зат бар екені жарияланған соң, күш құрылымдары жедел жетіп, ұстаздар мен оқушыларды дереу далаға шығарып ғимаратты тінтіп шыққан. Бірақ күдікті ештеңе табылмады. Есесіне, жалған мәлімет берген азамат жылдам анықталды. Ол – мектептің 25 жастағы жас маманы болып шыққан. Бүкіл мектепті дүрліктірген ұстаз қызметінен қуылды. Мұндай "қылжақбастарға" қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.
"Шу ауданының 25 жастағы тұрғыны ұсталып, кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бойынша күдікті ҚР ҚПК 128,131-баптарының талабына сәйкес Шу ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамалды", – деді Шу ауданы ПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асхат Бақбергенов.