29-30 қарашада Елордада "Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер және келешегі" тақырыбында халықаралық конференция болып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған осы келелі басқосуға Ұлыбритания, Бельгия, Испания, Новергия Түркия, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, ТМД-ға мүше мемлекеттер сияқты ұзын саны 15 елден жетекші партиялар мен ұйымдардың 600-ден астам өкілдері, саясаткерлер мен сарапшылар қатысты. Отандық партиялардың ішінде шараға оның ұйымдастырушысы – NurOtan-мен қатар Ақжол, Ауыл, Адал партиялары ат салысты.
Өткенді бағамдап, болашақты бағдарлау тұрғысында осындай жиындардың қажеті күмән тудармайды. Айналып келгенде 30-жылдық кезеңдегі тек жағымды жәйттерге үңіліп қойып, орын алған кемшіліктер мен тәуекелдерге талдау жасамай, олардың себептеріне үңілмей, ұтымды шешімдерді ортақтаса ойластырмай сенімді алға басудың өзі неғайбыл шаруа. Талқылаулар барысында елдегі саяси партиялардың тарихы мен бүгінгі жай-күйіне, оның ішінде жаңару үстіндегі NurOtan партиясының жұмысына шолу жасалды. Әсіресе соңғы уақытта өткен Праймериз, жастар мен әйел адамдарға бөлінген квота, басқа да тың бастамалар жақсы нәтиже берді. Оны мәжіліс пен маслихаттарға моңғы сайлаулар көрсетті. Аталған додаларда билеуші партия тиісінше дауыстардың 72 және 82 пайызын еншілеп халық қолдауына ие болды. Бірақ конференция белгіленген тақырып шеңберімен шектелмей әлемдік деңгейде саяси партиялардың алдында тұрған қиыншылықтар мен міндеттерге, бұл ретте өзара ынтымақтастық және тәжірибе алмасу қажеттілігі сынды мәселелерге ден қойды. Қазіргі таңда халықаралық қатынастарда орын алған саяси, идеологиялық, экономикалық, басқа да түйткілдерді еңсеруде партияаралық байланыстардың әлеуетін пайдалану жақсы мүмкіндік болып табылады. Ковид-19 әкелген ауыртпалықтар, геосаяси шиеленістер, қаржылық-экономикалық дағдарыстар – осы да басқа қиыншылықтарға төтеп беруде ең дамыған елдердің өзі осалдық танытуда. Партиялық құрылыс саласында бай тәжірибе жинақтаған Еуропа елдерінің өзінде солшыл бағыттағы күштердің, популистік топтардың ықпалға ие болуын да форум қатысушылары атап өтті.Жеке өзім үшін конференцияда көңілден шыққаны – бұл әдетте ұқсас халықаралық жиындарда кездесетін шетелдік меймандардың оң бағалауына зәрулік иә біреу демократиядан ұстаз, біреу шәкірт сипатындағы ұстаным байқалмады. Оның орнына өзара мүдделі, шыншыл әрі пайдалы пікір алмасуға басымдық берілді. Мәселен, Курт Уэлдон АҚШ Республикалық партиясының белді өкілі қазіргі Америка мен Ресей арасындағы қайшылықтарды еңсеру ісіне Қазақстан оң әсер ете алатынын атап өтті. Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон Қазақстанның ішкі жағдайынан жақсы хабардар екенін көрсетіп Шығыс пен Батысты табыстырушы көпір ретіндегі болашағына үлкен үміт артты. Түркия Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Эфкан Ала Қазақстан тәуелсіздігін ең болып мойындаған бауырлас мемлекет ретінде Түркия оған қашан да қолдау жасайтынын, сансалалы байланыстарды өрбітуге мүдделі екенін алға тартты.Форумда алқалы отырсыпен қатар ең өзекті деген тақырыптар бойынша сараптамлық сессиялар және семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Бұны өзі қатысушыларға жаңа идеяларға қанығып, орын алған проблемалар бойынша өзіміздің ел немесе аймақ емес, әлемдік деңгейде әлде-қайда кең түсінік қалыптастыруға мұрсат берді. Мәселен, "Саяси партиялар және азаматтық қоғам: аймақтық өлшем" сессиясында NurOtan хатшысы Әлібек Алденей Қазақстандағы көппартиялық жүйеге талдау жасады. Оның пайымынша партиялардың мемлекеттік саясатты жүргізуде құзыреті жылдан жылға артуда. Атап айтқанда, олар парламент пен жергілікті маслихаттарды жасақтауда, атқарушы билікті бақылауда ұстап, заңдарды қабылдауда шешуші ықпалға ие. Биылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару тетіктері іске қосылғалы партиялық жұмыстың жаңа көкжиектерін ашты. Ендігіде саяси бәсекелестік пен белсенділік тек Елорда мен ірі қалаларда ғана емес, аудан мен ауыл деңгейінде іске асуына мүмкіндік туындап отыр. Өз кезегінде тиісті елдімекен тұрғындары өз әкімін бұрынғыдай жоғарыдан тағайындау емес, өздері сайлау хақына ие болды. Италиялық ғалым Рикардо Пелицо түрлі елдердің партиялық құрылымында өзара қарама-қайшы екі ауқымды үрдістің қалыптасып отырғанына көңіл аударды. Бір жағынан жекелеген партияның монополиясы саяси плюрализмді тежеп отыр. Осындай жағдайда бәсекелес, балама ойдағы күштердің көбеюі аталған тығырықтан шығудың ең қолалы қолайлы жолы көрінеді. Алайда шынайы өмірде партиялардың көптігі саяси алаңды тым күрделендіріп қоғамдық жікшілдікті қоздырады, ал бұның арты парламент пен үкіметтің жұмысына кері әсер тигізіп жатады. Мысал ретінде осындай қиындықтарды дәл қазір Италия мен Франция бастан кешіруде. “Әйелдер мен жастардың саяси үрдістерге белсенді қатыстыру жолдары” сессиясында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының бағдарламалары бойынша өкілі Диана Дигол Қазақстанда сайлауға түсетін партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін арнайы 30-пайыздық квота енгізілгенін оң бағалады. Аталған мүмкіндік қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуде жас буынның әлеутін кәдеге асыруда, сондай-ақ саяси алаңда гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады. Атап өтерлігі - әлгіндей квоталарды заң жүзінде бекіткен және демократияға бір табан жақындаған елдердің саны бүгінде 120-ға жеткен екен. Өз кезегінде Норвегия халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі Роман Вакульчук еуропалық партиялар жүйесіндегі тың үрдістерге тоқталды. Соның бірі "жасыл" яғни табиғатты сақтау бойынша қозғалыстардың қарқынды дамуы. Негізінен экология, онымен іргелес әлеуметтік орта мәселелері бүгінде үлкен өзектілікке айналуда. Қазірдің өзінде әлемде 80 астам "жасыл" партиялардың белсенді әрекет жасауы айтылғанды растайды. Өз кезегінде Роман Вакульчуктың пікірінше, Қазақстандағы саяси партиялар, оның ішінде NutOtan экологиялық тазалықты сақтауда, зиянды өндірістерден бас тартуда кешенді жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті. Беларусьтің сарапшысы Арсений Сивицкий пандемия кезінде бірқатар елдердегі ресми билік қоғамдық наразылыққа, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің саясилануына дайын болмай шыққанын айтты. Соның бірі - Беларусьте өткен жылғы президенттік сайлаудан кейін ішкі саяси жағдай күрт шиеленісіп кетті. Президент Александр Лукашенконың халықтың уайым-ренішіне келгенде салғырттық танытып ескіше әрекеттенуі елді зор саяси дағдарысқа әкеп тіреді. Күштік орындар мен азаматтар арасында кең ауқымдағы қақтығыстар орын алды. Бұл ретте Сивицкидің ойынша, егер Беларусь Қазақстан сияқты дер кезінде саяси реформалар жүргізсе, қоғамның наразылығын ушықтырмай онымен ашық ықпалдастыққа басымдық берсе, бәлкім, оның елінде аталғандай қиыншылықтың алдын алуға болар еді. Әсіресе Қоғамдық сенім кеңесінің құрылғаны, Естуші үкімет тұжырымының қабылданғаны, либералды түзетулер саяси партиялар, сайлау жүргізу, митингтер мен шерулер, жергілікті өзін-өзі басқару, басқа да бағыттар бойынша заңдарға түзетулер енгізілгенін Беларусь, сондай-ақ Грузия, Қырғызстан өкілдері оң бағалады. Әрине, Қазақстан партиялық және парламенттік жүйесінің ғұмыры 30 жылды құрайды. Ағымдағы өмір тұрғысынан алғандағы көзқараста бұл жеткілікті мерзім көрінгенмен, тарихи тұрғыдан қас-қағым сәт. Мәселен, конференцияға өкілдері қатысқан Ұлыбританияда парламенттік тәжірибе 750 жылды, Америка Құрама Штаттарында 230 жылды құрайды. Рас, өткен 30 жылда қателіктер де, әтегенайлар да аз болған жоқ. Бірақ сонымен қатар, айталық, Қазақстанға көп ретте ұқсас саналатын ТМД елдерінің біразында орын алған саяси, әлеуметтік дағдарыстарға біздің ел ұрынған жоқ. Есесіне реформалардың ауқымы, экономиканың өсімі, шетелдік инвестициялардың көлемі, басқа да көрсеткіштер бойынша Қазақстан ТМД кеңістігінде көшбасшы болып табылатынын ескерген жөн. Сондықтан сыни пікірлердің, көңіл тоймаушылықтың қоғамда баршылық екенінін мойындай отырып, қол жеткенге де қанағат танытқан абзал.
Расул Жұмалы, саясаттанушы