Тұтынушы талап қоюға дайын ба?
Осы тақырыптың айналасында әңгіме көбейгелі бері кейбір дүкен мен сауда орталықтарының сатушылары мобильді аударымнан да, төлемнен де бас тартып, қолма-қол саудаласуға көше бастады. Алайда заң жобасының мазмұнын көпшілік әлі жете түсінбегенге ұқсайды. Кәсіпкерлерге болмаса, заңның қарапайым азаматтарға еш қатысы жоқ. Яғни, ақша аударғанға салық салынбайды. Бірақ есепшотына үздіксіз аударым арқылы қаржы түсіп отырғандар тексерілмек. Ол адам егер кәсіпкер болып шықса, салық төлеуі тиіс. Әңгіменің қаңқу сөзге ұласып кетуіне саудагерлердің септігі тигені сөзсіз. Алайда оларды да кінәлар жөніміз жоқ. Алдымен аударым мен төлемнің екі бөлек нәрсе екенін айта кеткен абзал. Мобильді қосымша арқылы жасалатын төлемдерге салық салынғанымен, ақша аудару процесінен салық алу көзделмейді. Бір азамат келесі бір жақынына мобильді қосымша арқылы ақша аударар болса, «салық төлеймін» деп алаңдамауы тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетінің өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отар да жұрттың даурығуына негіз жоқ екенін айтып отыр. Салық халық үшін емес, кәсіпкерлер үшін болып тұрғанын айтады. – Біз қайта-қайта ескертіп жатырмыз, мобильді қосымшалар арқылы ақша аударғанда мүлде пайыз ұсталмайды. Тойға немесе қайырымдылық мақсатында қаржы жиналып жатса да салық төлемейсіз. Аударым емес, ең әуелі төлемдерге салық ұсталады. Бұл салық кәсіпкерлер үшін. Ал есепшотына үнемі ақша аударту арқылы кәсіп еткендерді өзіміз тексеру арқылы анықтаймыз. Бұл заң таңсық емес, бұрыннан бар, кәсіпкерлікпен айналысып, табыс тапқан жан мемлекетке салық төлеуге міндетті. Халыққа еш зияны жоқ. Қайта жұрт саудагерлерден осыны талап етуі керек. Заң жобасы 1 қаңтардан бастап Президентке ұсыналады. Қабылдаған жағдайда іске аспақ», – дейді ол. Олжас Отардың пікірін орынсыз дей алмаймыз. Дегенмен нақты механиздерін әлі жетілдіре түсу керек сияқты. Аударымдарды тексереміз деген сөз салық органдары банк құпиясына көз салатынын аңғартады. Барлық мәселе сатушы мен тұтынушыға тіреледі. Тұтынушы әр төлемі үшін түбіртек алуы тиіс, ал жай аударым кезінде түбіртек беріле бермейді. Яғни, кәсіпкердің алған ақшасы табысына есептелмейді. Сол үшін ол мемлекетке салық төлемей, оңай құтылады. Осы тұста мәселенің бір жағы тұтынушы талабында екені анық. Тұтынушы талап қоя алса, барлығы заңды түрде іске аспақ. Заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойса, жаңа жылдан соң немесе келесі жылдың шілдесінен бастап күшіне енеді. Ал шағын кәсіпкерлер үш жыл салықтан босатылған, онсыз да бірер жыл салық төлемейді, бірақ даурығып жүргендері қызық-ақ. Себебі тақырыпқа қатысты манипуляция жайлап кетті. Әлеуметтік желіде такси қызметі мен сатушылар шулап жүр. Шындығында бұл кез келген кәсіпкерге қатысты норма болатын. Кәсіпкер емес адам салық төлемейді. Екінші жағынан заң жобасы көлеңкелі экономиканың жолын жабуға септеспек. Қаржы министрлігінің дерегіне сенсек, мобильді қосымшалар арқылы былтыр 35 трлн теңге айналымда жүріпті. Биыл бұл сома 43 трлн теңгеге жеткен. Егер аталған қаражаттан салық алынса, барлығы бюджетке түседі. Ол ақшаның бәрі ел игілігі үшін жұмсалған болар еді.Қаржы мамандары не айтады?
Бұл мәселеге байланысты қаржы саласы мамандарының пікірі санқилы. Барлығы да кәсіпкерлерге салық салынғанын құптайды, бірақ іске асу механизміне келгенде әртүрлі пікір ұстанады. Мәселен, экономист Мақсат Халық салық органдары бұл заңды енгізуде асығыстық танытқанның кесірінен көлеңкелі экономиканың қанат жаюына қайта жол ашып бергенін айтады. – Бұл заң жобасын қабылдауға әлі ерте. Мобильді төлемдерге қатысты заң жобасы Сенатта бекітілді, бірақ әлі Президент қол қоймады. Әуелі мәселенің аражігін ашып алайық. Салық аударымға емес, төлемдерге салынады. Ал аударымдарды зерттеуде банк құпиясы ашылғалы отыр. Кәсіпкерлер шоттарын көрсетпей, миллиондаған қаражат жасырын айналымда жүретін. Менің ойымша, салық органдары енді банк құпиясына келгенде кәсіпкер ме, әлде қарапайым азамат па, талғамай қарай беретін сынды. Кім, қайдан аударып жатыр? Сыйлық па, шаруасы жоқ. Оны алдағы уақытта көреміз. Осы жағдайда банктер зардап шегеді. Ситуацияны түсіндіруге талпынып жатқан да банктер. Заңның мәні көлеңкелі экономиканы тұсау еді. Банктерге алғыс айтқан жөн болар, себебі олар көлеңкелі экономиканы сәл де болса тұсады. Мысалы, 2019 жылы жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесі 30 пайыз болса, 2020 жылы 23 пайызға түсті. Банктер қалай әсер етті? Жабайы сауда алаңы дейтін базарларда да мобильді аударымға сенім пайда болды. Сондықтан ресми түрде көлеңкелі экономиканың цифрлы іздері сақталып жатты. Салық салынғаны дұрыс, бірақ заң жобасы қазір керек емес, – дейді ол. Осы жайларды тілге тиек еткен маман «салық органдары бұл тәсілге әлі асықпауы керек еді» деген пікірде. Себебі жұрт әбден аударымға үйренді. Енді азаматтар QR арқылы төлеуге бейімделіп келе жатқан. Осындай заңды құндылықтарды халық ұғынуы тиіс. Осыған бейімделгенше кеңінен насихаттау қажет екен. Содан кейін барып заңды қабылдағанда жұрт даурықпауы мүмкін еді. Саудагерлер қазір түсінбегеннің кесірінен қорқып отыр, қолма-қол саудаласуға қайта өтіп жатыр. «Осылай салық органдары көлеңкелі қаржыны бюджетке аударудың орнына елді одан әрі қашырып алған сыңайлы», – дейді Мақсат Халық. Ал қаржы сарапшысы Мақсат Серәлі «бұл заңды уақытында қабылдаған абзал» дейді. Кәсіпкерлерге немесе халыққа қосымша салық қосылып, ауыртпалық түсіп жатпағанын айтқан ол жаңа заң арқылы тұтынушы құқын қорғауға мүмкіндік туатынын жеткізді. – Ең біріншіден, бұл ойдан шыққан дүние емес. Кәсіпкерлерге салық төлеуге 2023 жылға дейін мораторий енгізілді. Кәсіпкер жалпы ақша айналымының 3 пайызын төлеу керек болатын. Мәселен, жеңілдетілген форма бойынша кәсіпкер айына 100 мың теңге табыс тапса, оның 3 мың теңгесін мемлекетке салық ретінде төлеуі қажет. Екіншіден, ақша айналымын көрсетпейтін жағдай көп. Енді кәсіпкерге нақты көрсететін жағдай туады. Орталықтандырылған сауда орындарында Каспий Pay, QR секілді жүйелер енгізілді. Оның өзі масштабты түрде жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл жүйені салық комитеті уақыт күттірмей алдын ала енгізіп алғаны дұрыс. Әйтпесе 2023 жылы мораторий біткен шақта қолға алса, екі есе ауыртпашылық болар еді. Сондықтан заңдастырып алу қажет. Үшіншіден, тұтынушы құқығы маңызды. Сауда заңды түрде жүргізіліп, түбіртек берілуі тиіс. Бұл – бүкіл әлемде бар тенденция. Сонымен жұмыс істеп келе жатыр. Қазір түсіндіру жұмыстарын тиянақтау қажет. Бұрыннан бар нәрсе, ешкім салықты көбейтіп жатқан жоқ, – деді Мақсат Серәлі. Қорыта айтқанда, салық органдарының айыбы – елге заң жобасын алдын ала нақты түсіндіре алмағаны. Соның салдарынан шу шықты. Енді үріккен елге қайтадан жөндеп ұғындыру қиын секілді. Оның үстіне саудагерлер қайтадан қолма-қол ақша сұрай бастады. Әйтпесе заң жобасының мемлекет үшін пайдасы бары жасырын емес. Кәсіп етіп, несібесін тапқан адам салығын да төлеуі міндет. Ал сіз бен біздей кәсіпсіз азаматтар «салық төлеймін» деп дүрлікпесе де болады.М.Төлеу