Ұрпаққа аманат
Ұрпаққа аманат
1,085
оқылды
Адамзат тарихында кез келген қоғам, қауымның өз құндылықтар жүйесі болды. Ол ішкі тәртіпті, салт-дәстүрді, дүниетаным түсініктерін, тіпті ресми заңдарды да қалып­тас­тырып отыр­ды. Сол құндылықтарды басшылыққа алған халықтар қанша ұрпақ ауысса да өзегін жо­ғалтпады. Себебі құндылық – уақыт тезі әсер етпейтін шамшырақ. Жақында «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінде Елбасы Н.Назарбаев «Елдіктің же­ті тұғыры» атты қағидалар жиынтығын жариялады. Бұл 30 жылдай ел басқарған сая­сат­кердің келесі ұрпаққа өсиеті десек, артық болмас. Өйткені онда мемлекеттіліктің негізін құрай­тын құндылықтар тізбектелген. Ендеше жаңа жеті бағыт-бағдардың мәні неде? Өткен 30 жылдық азат жолға көз тас­тасақ, Қазақстан атты жас мем­лекеттің қалай аяққа тұрып, мем­лекеттіліктің бірнеше кезеңінен өткенін байқаймыз. 2000 жыл­ға дейін экономиканы тіктеп, халық­тың әлеуметтік ахуалын тү­зеу басты миссия болса, кейін ішкі саясат қолға алына бас­тады. Елді рухани дамыту, жаңа қоғам­ды қалыптастыру идея­лары Мемлекет бас­шысы тара­пынан ұсынылды. «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Әлеуметтік жаң­ғырту: Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам», «Мәңгілік ел» концепцияларын осы қатарға жатқызуға болады. Аталған жаңа баста­ма­ларда көне түркілер көздеген мәңгілік мемлекет идеясы, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деген Алаш қайрат­керлерінің арманы, бүгінгі жаһандану процесіндегі өзгерістер, қазақ­тың тарихи дәстүрлі ұғымдары – бәрі де қамтылған болатын. 2012 жылы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамына қарай 20 қадам» атты ма­қаласында  «Әлеуметтік жаң­ғыр­ту жолындағы айтарлықтай ке­дергі әлеуметтік инфантилизм се­кілді кең тараған құбылыс болып табылады... Бұл игілікке жету­дің алдамшы формуласы – «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы бас­қалар­ды абсолютке көтерді. Әлеу­меттік инфантилизммен зорай­тыл­ған дөрекі тоғышарлық жаң­ғыр­тудың тежегіші болуға қабі­лет­ті» делінген еді. Бұл сөздер кейін қоғамда көрініс табатын ке­й­бір теріс құбылыстардың болжанған диагнозындай еді. Соңғы 2-3 жылда көшеге шығып, «дәл қазір маған тегін пәтерді кезектен тыс бер» деп айқалайтындардың, қаржы пирамида­ларының, телефон алаяқтарының көбеюі сынды жағдаяттар сонау 2012 жылы ескерту ретінде жазылғандай. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаң­­­ғыру» мақаласында «табысты болудың ең іргелі, басты факторы бі­лім екенін әркім терең түсінуі ке­рек. Жастарымыз басымдық бере­тін межелердің қатарында бі­лім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бә­рінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген сөз­дер бар. Білім мен ғылымға ин­вес­тиция құйған елдер, ірі компаниялар бүгінде құйған қаражатын бір­неше рет еселеді. Мысалы, Илон Маск бүгінде әлем­дегі ең дәу­летті адам саналады. Өйт­кені ғы­лыми технологияларға негізделген оның қос ком­па­ниясының (Tesla және SpaceX) құны шарық­тап тұр. Яғни, білімнің қоғамды жаң­ғыр­тып, табысқа жетелейтін фак­тор екені 2017 жыл­ғы мақалада анық жазыл­ған-ды. Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидалар жиынтығын екі тұрғыда сипаттауға болады: біріншісі, ол жоғарыда айтылған идеологемалық концеп­ция­лардың заңды жалғасы. Екіншісі, ұзақ жыл­дар мемлекет басында болған саясат­кердің өз тәжірибесіне сүйеніп, келер ұрпақтарға мемлекет туралы қалдырған үндеуі мен өсиеті. Жалпы, әлем тарихында өз халқының дамуына зор ықпал еткен саясаткерлердің бағдарламалық құжаттары кейде бүкіл мем­лекеттің келешегіне бағыт-бағдар болды. 1787-1788 жылдары  Александр Гамильтон, Джеймс Мэдисон және Джон Джей жазған «Федералистің жазбалары» атты еңбегі Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік құрылысының негізін анық­таған эсселер жиынтығына айналды. Ал заманауи Түркия Республикасының конституциясында «Алты жебе» аталған алты қағида жатыр. Ол Мұстафа Кемал Ататүрік ұсынған доктрина еді. Өз уақытында Қы­тай коммунистік партиясының орталық комитеті Мао Дзедунның тапсырмасымен «Он алты тармақ» деп аталатын бағдарлама­лық құжатын бекітті. «Елдіктің жеті тұғыры» 7 ұстанымнан немесе мемлекеттіліктің негізгі ұғымдары­нан құралады. Ең алғашқысы – «Тәуелсіз­дік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық». 3 ғасырдай бодандықта болып, сан соғысты бастан кешірген қазақ еркін өмір, азат ғұмыр, бейбіт күннің құны мен мәнін терең түсінеді. Шекарасы шегенделіп, ордасы орнығып, басшысы сайланып, өзінің бағытын белгілейтін күнге жеткенімізге көп болмады. Қолдағы бар «алтынды» бағалау, оны қорғау – әр азаматтың парызы. Ал енді мемлекеттің саяси тәуелсіздігін қамтамасыз ету сан са­ла­дан тұрады. Экономикалық тәуелсіздік, әлеуметтік тәуелсіздік, қаржылық тәуелсіз­дік, әскери тәуелсіздік, демографиялық тәуелсіздік – мемлекеттің толық әрі жан-жақты егемен болуын қамтамасыз ететін салалар. Осы себепті де Елбасы «Тәуел­сіздікті нығайту – экономиканы нығайту» деп қадап көрсетті. Кейде егеменбіз деп айта берсек, оның қадірін қашыратындай көрінеді. Алайда әлемде қаншама ұлт пен ұлыстың саны бірнеше миллионға жетсе де, іргесі бөлек ел бола алмай, өзгелерден теперіш көріп отыр. Күрд, сикх, сыған, тибет, каталон­дықтар және басқалар. Олардың арасында халқының егемендігі үшін күресіп, қанын төккендері қаншама? Тәуелсіз саясатты «өз қолы өз аузына жеткен» азат ел ғана алаң­сыз жүргізе алады. Осы себепті елдіктің алғашқы және басты қағидасы – тәуелсіз­дікті құрметтеу, қадірлеу және қорғау. Екінші ұстаным – «Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры». Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады деген есті сөз есімізде. Осы сынды Қазақстан халқы да бірнеше этностан тұрады. Этносаралық қарым-қатынасты сақтау, бейбітшілікті құнттау – күн тәртібінен түспейтін міндет. Себебі ұлысқа, нәсілге бөлініп, қырық­пышақ болған Мьянма, Руанда, Қытай, Ирак, тіпті Испанияның қайғылы тә­жірибесі бәрімізге сабақ. Әрине, кей тұста Қазақстан халқы Ассамблеясы этносара­лық достықты сақтауда өз рөлін атқарып отыр. Бұдан бөлек, Елбасы екінші қағидада  «Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу –  әр азаматтың парызы» деп көрсетті. Мұның мәні тереңде. Барлық азаматтың тегіне, ұлтына қарамай, тең құқық, тең мүмкүндік беру – Ата Заңның басты прин­циптерінің бірі. Оған қоса,  «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұғым да кешегі күннің ұстанымы болып барады. Себебі Елбасы және Президент Ассамблея отырыстарында мемлекеттік «қазақ тілі ұлт­аралық тілге айналу қажет екенін сан рет баса айтты. Яғни, қазақ тілі этносаралық достықтың кепілі мен көрінісіне айналатын уақыт жетті. аманат Үшінші қағида – «Жер – ата-баба мұ­расы, халық қазынасы». 30 жыл Тәуелсіз­дікте жеткен жетістігіміз аз емес. Соның бірі де бірегейі – қазақ мемлекетінің шекара сызығы белгіленіп, оның құжаттары бекітілді. Қос тарапта екі ядролық держава­ның тұрғанын ескерсек, бұл оңай миссия болмағаны айдан анық. Енді осындай алып атырапты, ұлан-ғайыр территорияны аман сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу – ортақ борыш. Әрине, бір қарағанда бейбіт ел, тұрақты армиясы бар ел үшін жерді сақтау кәдуілгі іс сынды көрінеді. Алайда Қырым, Таулы Қарабақ, Абхазия және Оңтүстік Осетия, Днестр маңы, Донбасс жанжалында тарихи жерден айырылу әп-сәтте екеніне көзіміз жетті. Ата-бабамыз білектің күші­мен, найзаның ұшымен осы даланы бізге аманат етсе, оны қал-қалпында сақтап қалу – әр ұрпақтың парызы. Себебі жері жоқтың елі жоқ, ал елі жоқтың өзі де жоқ. «Мәңгілік ел» идеясының, яғни қазақ елін мәңгі ету міндетінің басты шарттарының бірі – жерді сақтау. Ал оны қорғау, келесі ұрпақтарға мирас ету – осы жерде жүрген әрбірімізге борыш. Төртінші қағидат – «Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі». Бұл – алдыңғы ұстанымның логикалық жалғасы. Түгін тартсаң майы шығатын байтақ даланы елмен толтыру, ұлттық құндылыққа қа­ныққан жұртпен жайлау да аса маңызды міндет. Иә, заман өзгерген сайын құн­дылық та, түсінік те құбылады. ХХ ғасыр­дың бел ортасында әр отбасында 7-9 баладан сүю кәдуілгі тұрмыстық дәстүр болса, бүгінде баланың саны үш-төртке азайды. Бұрын ажырасты деген сөз сүйекке таңба болса, қазір әрбір 3-4-ші шаңырақ шай­қалып жатыр. Оның соңы алимент төле­меген әке, жалғыз қалған бала, жәрдемақы іздеген ана сияқты әлеуметтік дағдарысқа әкеліп соғуда. Отан отбасынан басталады. Көтерген шаңырақ берік болса, оның керегесі де сөгілмейді. Осы себепті де Елбасының от­басы институтын басты қағидалардың қатарына қосу да тегін емес. Өйткені әр отбасы мығым болса, Отанның да болашағы зор. Ал отбасыларға сызат түссе, онда елдің де келешегі күмәнді. Бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Тәрбиесі бекем шаңырақта әке мен шешенің, ата мен әженің қамқорлығын көріп, өсиетін естіп өскен ұрпақтан күтетін үміт мол. Осы себепті де қыз ұзатқанда қазақтың «қоса­ғың­мен қоса ағар, жұбың жазылмасын, бағың ашылсын» деп тілек тілеуі бекер емес. Бесінші ұстаным – «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі».  Қазақстан бү­гінге дейін «Мәдени мұра», «Архив-2025» сияқты бағдарламаларды іске қосып, ұлттың өткенін түгендеп, тарихи деректе­рімізді тізбектеді. Ондағы мақсат не? Бабалардың көшпенді мәдениетінен қалған құнды мұраны қазіргі ұрпаққа жеткізу, тану, зерттеу, зерделеу. Осы арқылы ұлттың рухани әлемін байыту. Қазақтың тарихы тереңде жатқан халық екенін алдымен өзімізге, кейін әлемге жеткізу. Байқасаңыз, «Елдіктің 7 тұғырындағы» әрбір қағида өзара логикалық тұрғыда байланысып, қабаттасқан концепция. Алдымен жерді сақтау, кейін сол жерді іргесі берік отбасыларға толтыру болса, бесінші ұстанымда енді осы халықты рухани тұрғыда өсіру, байыту, өркендету міндеті жазылған. Алтыншы қағида – «Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті». Жоғарыда ай­тылған Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Бәсекеге қабілет», «Білімнің салтанат құруы» сияқты тармақтары бар. Елдіктің тұғыры ретінде Елбасы тағы да білімді атап көрсетіп отыр. Неге? Себебі білім бүгінде қоғамның сапасын анықтаушы фактордың біріне айналды. Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымына кіретін дамыған елдер PISA сынды ортақ тест жариялап,  орта білім жүйесіне инвестицияны арттыруы да тегін емес. Білімді азаматтың ертең өнегелі отбасы құруы, қылмыстан алшақ болуы, денінің сау болуы, білікті маман атануы бек мүмкін. Осы себепті де білім елдің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын фактор деуіміз де бекер емес. Оған қоса, 20 жаста алған дипломым бүкіл өміріме азық деген ұғым да ескірді. Қазір life long learning, яғни өмір бойы үйрену, оқу концепциясы әлемде кең тарап жатыр. Алтыншы қағидада «үздіксіз білім алу» сөзінің қолданылуы да осыдан. Бұдан бөлек, бұл қағидада бақуатты өмірдің кілті деп еңбек те аталып отыр. Елбасы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынғанда адал еңбек культы жайлы жазған еді. Өйткені адал еңбек қазақтан бөлінбес ұғым. «Еңбек етсең, емерсің», «Еңбегі көптің өнбегі көп», «Еңбек ет те міңдет ет» деген халқымыз маңдай терді төгетін істі, еңбекқорды да бағалайды. 1990 жылдары зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыс қысқарғанда жұрт бала-шағасын бағамын деп ала дорбасын арқа­лап, шартарапты аралап кетті. Қолынан келген кәсіпті қылды. Ал қазір тұрмыс түзелген заманда дүниеге келген жас ұрпақтың құныдылығы басқа. Тамағы тоқ, көйлегі көк болып өскен Z немесе Y ұрпақтың жеңді түріп тастап, ауыр еңбекке араласуға құлқы аздау. Қытайда «бір отбасы – бір бала» саясатынан кейін дүниеге келген «кіші императорлар» ұрпағы да осы үрдісті дәлелдеді. Осы себепті сапалы білім мен адал еңбек қай заманда да адамды толағай табысқа жетелейді деген ұстаным басшылыққа алынуы тиіс. Жетінші қағида – «Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі». Бүгінгі Қазақстан – болысып, толысқан ел. 20 жыл бұрынғыдай тұрмыс үшін күресетін халде емеспіз. Бірақ бүйірімізге май бітті деп бөрікті аспанға ататын уақыт та емес. Қазір нақты нәтижеге жылдам жету үшін қолда бар ресурстарды үнемдеп, орнымен жұмсап, есепке қатаң болатын кез. Иә, тәуелсіздік таңы атқанда шетелдерден түрлі маман келіп, ел дамуының бағ­дары, экономиканың құрылымы, компа­ния­лардың менеджменті жайлы «түрлі ақыл-кеңес» айтты. Алайда қазір ұлттық мамандар легі даярланды, экономикада қазақстандық стандарт әлемдік деңгеймен сәйкестендірілді, республика­лық бюджетті қысып-қымтасақ та, халықты асырауға, келешекке инвестиция құюға жеткілікті. Енді осы бар ресурстарды тиімді басқару, ұтымды ұйымдастыру міндеті тұр. Елбасы аталған ойды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да «Прагматизм» деп бөлек атап өткен еді. Бұл жолы да сол ойдың логикалық жалғасы ретінде жетінші қағидада тағы еске салып отыр. Бірден-бір себеп – етек-жеңін жиған, тек нәтижеге ұмтылған, шығыны қыс­қарған, есебі түгел, қаражаты келешек­тің ісіне құйылған қоғам мен мемлекет қана биік белестерді бағындыруы мүмкін. Сөз соңында. Мемлекет – тірі организм. Ол өз дамуында түрлі кезеңді бастан кешіреді. Алайда нақты әрі игі құнды­лықтарды басшылыққа алса, бағдарынан жаңылыспайды. Ол құндылықтар дауылда кемеге жол сілтеген шамшырақтай, халықты болашаққа жетелейді. Елбасының «Елдіктің 7 тұғыры» атты ең­бегі іргесі берік қалыптасқан респуб­ликамыздың өзгермес қағидаттарына айналуы бек мүмкін. Себебі онда өткеннің өнегесі, Елбасының тәжірибесі, ұлты­мыздың салты мен санасы, болашақтың мәселесі жатыр.