Елімізде ет өнімі бір жылда 11 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде қой етінің бағасы бірден 16 пайызға өскен. Нақтысын айтсақ,жылқы еті 11,2%-ке, шошқа еті 8,7%-ке, сиыр еті 8,6%-ке көтерілді.
Мысалы Нұр-Сұлтанның өзінде жылқы етінің келісі – 2 800 теңге. Егер жас малдың етін қолдан алсаңыз, келісі 2 300-2 400 теңгеден басталады. Ал ысталған жылқы етінің келісі – 4 200 теңге.
Тіпті қараша-қазан айларында жылқы етінің келісі 2 557 теңге болыпты. Одан кейін қой еті (2 399 теңге) және сиыр еті (2 234 теңге) тұрды. Шошқа етінің бөлшек сауда бағасы бір келі үшін 1 808 теңгені, құс еті 1 047 теңгені құраған.
Қазір сиырдың сан етінің келісі 2250 теңгеден басталады. Онда да сан етін толық алсаңыз, не болмаса 5-10 келіден кем болмаса 2150 теңге беруі мүмкін. Сонда сан еттің салмағы 20-45 келі шығады. Бұл дегеніміз – 43 000-86 000-ға дейін тұрады. Егер де етті танысыңыздан жіліктеп алсаңыз, келісі 2000-2100 теңгеге табуға болады.
Қой етінің келісі – 2400 теңге. Мойын жағының етін 2200 теңгеге бағалануда.
– Негізі етті Шымкенттен сатып аламын. Осы жолы да сол жақтан екі жілік алдым. Келісі – 2500 теңге, – дейді астананың тұрғыны Нұрбол.
Елордада тауық, үйрек етін алсаңыз, келісі 1 700 теңгеден басталады. Ысталған тауық етінің келісі – 3500 теңге, қоян еті – 4500 теңге, қаздың еті – 5000.
Әсіресе, ет бағасы бір жылда Қостанай, Түркістан облыстарында өскен. Сонымен қатар Маңғыстау облысында және Шымкентте айтарлықтай көтерілген. Energyprom.kz-тің хабарлауынша, Қазақстандағы ет өндірісі бір жылда 6,4%-ке өсіп, биыл қаңтар-қыркүйекте 250,7 мың тоннаға жеткен. Оның ішінде 194,8 мың тоннасын үй құсы, 55,9 мың тоннасын ірі және ұсақ мал, жылқы еті кіреді.
Қазақстан бойынша Шымкентте жылқы етінің келісі – 2500 теңге, Алматыда – 2550-2600 теңге, Қордай мен Павлодар да – 2 600 теңге, Атырау – 2 800 теңге. Еті арзан аймақ – Шығыс Қазақстан облысы. Семейде жылқы еті 2 100-2 300 аралығында болса, сиыр еті – 1600-1700 теңге, қой еті 1800- 2000 аралығында. Соған қарамастан тұрғындар "еттің қымбаттағаны соншалық, қалтамыз көтермейді" деп айтуда.
– Жылқы етінің бір жілігін алсам, жалақымның бір бөлігі ғана қалады. Ал оған қалай күн көресің? Сондықтан көбіне тауық етін, сүйек-саяқ жиынтығын аламыз. Әрине, арасында ет те болады. Онда да мереке кездерінде сиыр етінен 2-3 келі тиеді, – дейді Вера апамыз.
Ең қызығы, толыққанды отбасынан гөрі бойдақ жандар етті көп жейтіні анықталды. Мысалы, бойдақтар бір кварталда орташа есеппен 36 келі ет жейді. Ал екі баласы бар отбасы сол аралықта етті екі есе аз пайдаланады, бар-жоғы – 16 келі.