Қазақстанда валюта нарығы сыртқы нарықтағы жағдайдың нашарлауына байланысты құбылып тұр. Ахуалға қатысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова пікір білдірді.
Оның айтуынша, кеше, 2 желтоқсанда биржадағы теңге-доллар айырбасы сауда-саттық көлемі 292 млн АҚШ долларына жетті. Бұл 2020 жылғы сәуірден бастап рекордтық деңгейге жатады. Сауда-саттық көлемінің өсуі және бір доллар үшін 436 теңге белгісіне дейін бағамның әлсіреуі шетел валютасына сұраныстың артуы аясында орын алды, ол мынадай факторларға тікелей байланысты болды.
Біріншіден, «Омикрон» штаммының таралуына қатысты алаңдаушылықтың артуына байланысты мұнай бағасының күрт құлдырауы себеп болды. Мәселен, 1 желтоқсанда Brent сұрыпты мұнайдың белгіленген бағасы бір баррель үшін 70 доллардан төмен түсіп, биылғы жылғы тамыздан бастап ең төменгі деңгей – 68,14-ке жетті.
Екіншіден, мұнай бағасының жергілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендеуі компаниялар мен жеке тұлғалар тарапынан шетел валютасына қосымша ішкі сұранысты туындатты, 1 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні болғандықтан, сұраныстың бір бөлігі ЕДБ онлайн платформалары арқылы іске асырылды. Сондықтан жүйелері валютаны онлайн айырбастауға мүмкіндік беретін барлық банктер 2 желтоқсан күні таңертең «қысқа» позицияда болды, яғни олар жұмыс уақытынан тыс уақытта өз клиенттеріне сатылған валютаны сатып алуға мәжбүр болды.
Ал сұраныстың бір бөлігі сауда-саттық ашылғаннан кейін бірден биржа нарығына түсті. Сондықтан, кеше банктер өз клиенттеріне «қысқа» позицияны жабу және жаңадан келіп түскен өтінімдерді орындау үшін валюта сатып алды.
Үшіншіден, шетел валютасына айтарлықтай сұраныс бейрезидент инвесторлар тарапынан да туындады. Дамушы нарықтардан валютаның жаһандық әкетілуі аясында бейрезиденттер теңгеден шетел валютасына кері конверттеді. Сұраныстың артуы банкаралық нарықтағы баға белгілеуге әсер етті, мұнда сатып алу бағамы бір доллар үшін 441 теңгеге дейін жетті.
Шетел валютасына сұраныстың оның ұсынысынан айтарлықтай асып түсуі аясында валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ұлттық банк 2 желтоқсанда 64,6 млн АҚШ доллары көлемінде интервенция жүргізді. Бұл алыпсатарлықты шектеуге мүмкіндік береді. Нарықтардағы жағдай әлі де құбылмалы. ФРЖ басшысы Дж. Пауэлдің сандық жеңілдету бағдарламасын барынша қысқа мерзімде тоқтату туралы соңғы мәлімдемесі аясында АҚШ долларының жаһандық нығаюы жалғасуда.
Ішкі нарықта валютаға сұраныс сақталуда. Жылдың соңына таман компаниялар бюджетті игерудің, төлемдерді жүзеге асырудың белсенді кезеңін іске асыруда, бұл шетел валютасына сұранысты қолдайды.
Өндіріс көлемін біртіндеп өсіру туралы алдыңғы уағдаластықты күшінде қалдыру жөніндегі кешегі ОПЕК+ шешіміне қарамастан, мұнай бағасын белгілеу бастапқы overreaction (шамадан тыс ықпал ету – ред.) қалпына келтірді және бір баррель үшін 70 доллар шамасында жабылды.
Жағдайдың одан әрі дамуы көбінесе коронавирустың жаңа штаммының таралу қарқынына және оның вакциналарға төзімділігіне қарай анықталмақ. Ұлттық банк жағдайды мұқият қадағалайды.