Береке ынтымағы жарасқан жерге тұрақтайды
Береке ынтымағы жарасқан жерге тұрақтайды
543
оқылды
«Азаттық», «егемендік», «еркіндік» сөздері қай халық үшін де қастерлі түсінік, қасиетті ұғым. Соның ішінде тәуелсіздікке жету жолында талай «тар жол, тайғақ кешуден өтіп», мың өліп, мың тірілген біздің халқымыз үшін азаттық идеясы тіпті де маңызды. Сондықтан біреуге аз, біреуге көп көрінетін ел Тәуелсіздігінің осы 30 жылында халқымыз бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен тұтастықтың үлгісін танытты. «Береке – ынтымағы жарасқан жерге тұрақтайды» деген. Тұтастық дегенде сан алуан ұлттың өзара қарым-қатынасындағы татулық пен тыныштықты ғана қамтымайды. Бұл – бірінші кезекте қазақстандықтардың ой тұтастығын, ортақ идея жолындағы бірлігін білдіреді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанды экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жа­ғынан дағдарысты кезеңнен шығарып, елдегі дағдарыс пен тоқырауды еңсеруге қажет стра­тегиялық реформалар қабылдаудың бат­пан жүгі тұрды. Бұл, шын мәнінде аса ауыр міндет еді. Тарих тоғыстырған, тағдыр та­быс­тырған сан алуан ұлт өкілінен құралған бір­тұтас халқымыздың бағына қарай көш тіз­­гінін жаңа Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­ден­ті, Елбасы, ұлт Лидері Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев ұстады. Елбасының көрегендігімен қабылданған ел тағдырына қатысты тәуекелді шешімдердің, өзіндік даму жолын тап басқан тағдыршешті батыл бастамалардың дұрыс­тығына ел дамуының бүгінгі жеткен биігі куә. Бірінші кезекте Елбасының әуел бастан айтқан «алдымен – экономика, содан кейін саясат» принципі өз жемісін берді. Еліміздің экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқа­тын жақсартуға бағытталған кешенді де ма­ңызды бағдарламалар қабылданып, «Қазақ­стан-2030» Стратегиясын жариялады. Осы­лардың арқасында Қазақстандағы нарықтық принципке негізделген экономикалық өзге­рістер нәтижелі жемісін көрсетті. 2000 жылдардың ортасынан бастап жұмыссыздық азайып, өндіріс көлемі ұлғайып, халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсарды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында мемлекет дамуының нәтижесін нақты үш кезеңге бөліп көрсетеді: «1990-жылдардың басы – алғашқы жаң­ғыру кезеңі. Біз жаңа саяси жүйе құрып, на­рықтық қатынастардың тетіктерін қалып­тастырдық, құқықтық мемлекеттің іргетасын қалап, қоғамдағы этностық және діни ке­лісімді нық орнықтырып, әлемді мойын­даттық. Екінші жаңғыру 90-жылдардың үшін­ші ширегінде басталып, 2010 жылдың орта тұсында аяқталды. Біз экономиканы өсу жолына шығарып, мемлекеттік институт­тардың заманауи жүйесі мен орта тапты қалыптастырдық. Жаңа астана салып, елдің теңдестірілген және жауапкершілікке толы сыртқы саясатқа негізделген халықаралық беделін нығайттық, сондай-ақ оның өңірлік көшбасшы екенін дәлелдедік. Тәуелсіз Қа­зақстан екі әлемдік дағдарыстан зардапсыз, айтарлықтай шығынсыз өте білді. Сол жыл­дары мен жаңа мақсаттарға негізделген «Қа­зақстан-2050» Стратегиясын жасап, алды­мызға әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін қойдым. Біздің осы мақсатқа негізделген іс-қимылымызды мен 2017 жыл­дың басында жариялаған үшінші жаңғыру бағдары қамтамасыз етпек». Қазір Елбасы ұсынған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен «5 институттық рефор­маны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанның үшінші жаңғыруының алғышарты болып отыр. Тұңғыш Президент, Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы негізін салған тәуелсіз елдің тұрақты даму жолын бүгінгі Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында уәде еткендей, «саясаттағы сабақтастық» қағидасын сақтап, жүйелі жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы өзі ұсынған «Тыңдайтын мемлекет» қағидасы аясында, саяси реформалар топ­тамасын жария етті. Президент бастамасымен елге танымал азаматтар, майталман сарапшы мамандар, қоғам белсенділері мен сарабдал саясаттанушылар құрамына шақырылған және ротациялық тәртіппен құрамы жаңа­ланып отыратын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Қоғамдық-саяси жаңғы­ру­дың әлеуметтік платформасына айналған ке­ңес жұмысының нәтижесінде қоғамды ашық демократиялық ұстанымдарға жете­лей­тін, азаматтық қоғамды нығайтуға тың серпін беретін бірқатар жаңашыл бастама орындалды. Атап айтқанда, «Бейбіт жина­лыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы», «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутатта­рының мәртебесі туралы» заңдар қабыл­данды. Тұңғыш рет ауыл әкімдерін сайлау саяси науқаны сәтті өтті. Бұл реформаны ха­лық жылы қабылдады, өздерінің нақты таңдауларын жасады. Мұның барлығы да бұрын қоғам тарапынан жиі айтылып жүр­ген ұсыныстар болатын. Мемлекет басшы­сының қолдауының нәтижесінде олар нақты нәтижеге айналды. Біз ХХІ ғасырдың үшінші 10 жылды­ғын, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын әлем та­ныған, ішкі және сыртқы саяси ұстанымы айқын, экономикасы қуатты да тұрақты дамып келе жатқан мемлекет ретінде қарсы алып отырмыз. Бүгінде еліміздегі азаматтық қоғам түбе­гейлі институционалды қалыптасудың нақты жолына түсті. Бүгінде еліміздегі Үкіметтік емес ұйымдар – белсенді, кәсіби, тәуелсіз қауымдастыққа айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде 10 шақты ғана ҮЕҰ болса, бұл күнде олардың саны 22 763-ті құрайды. Тікелей азаматтық секторда тұрақ­ты жұмыспен қамтылған азаматтар саны 25 мыңнан асады. Қоғамдық ұйымдардың қарқынды өсуіне мемлекет те мүдделі. Осы тұрғыда 2019 жылы министрлік тарапынан ҮЕҰ-мен өзара байланыс бойынша өкілдер институты енгізілді. Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жыл Еріктілер жылы аясында өткені белгілі. Соның арқасында волонтерлік ұйымдар саны үш есеге, яғни 600-ге дейін өсті. Қазір волонтерлер қата­рында 200 мыңға жуық белсенді азамат бар. Қазақстандағы азамат­тық қоғамды да­мытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымда­масында азаматтық секторды дамытудың негізгі қағидалары мен мақ­саттары қа­растырылып, олардың мемлекет ісіне тікелей араласуына, қоғамдық бақы­лауды барынша күшейту тетіктерін жасауға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру мақ­сатында биыл «Қоғамдық кеңестер қызметі туралы» ҚР заңына түзе­тулер мен толық­ты­рулар енгізілді. Нәти­жесінде, аталған кеңес­тер мен олардың мүшелерінің өкілеттігі ке­ңейтіліп, бақылау функциялары күшейтілді. 100-ден аса ұлт өкілдерінен, 18 конфес­сиядан тұратын, мультимәдениетті қоғам­дағы береке-бірлік пен келісімді сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі шексіз. Ассамблеяның теңдессіз тәжірибесін кез келген мемлекетте жемісті қолдануға болатыны туралы әлемдік деңгейдегі қай­раткерлер үнемі айтып келеді. Бүгінде ассам­блеяның қоғамдық құрылымдары, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарынан бөлек елімізде 1 000-ға жуық этномәдени бірлестік бар. Барлық өңірде ассамблеяға қарасты 2 619 Қоғамдық келісім кеңесі және отбасы мәртебесін көтеру мен ұрпақты отбасылық құндылықтар үйретуді көздейтін 1 832 Аналар кеңесі жұмыс істейді. 2014 жылы ҚР Президенті жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылып, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асы­руға үлкен үлес қосып келеді. Әрине, жетістік тек санда емес, сапалы істе, жүйелі жұмыста. Бұл ретте еліміздегі бүгінгі ұлтаралық түсі­ністік пен қоғамдағы тұрақтылықтың түбінде осы ұйымдардың күнделікті қарапайым жұ­мыстарының ауқымды үлесі жатқаны даусыз. Шетелдердегі қандастарды елге шақы­ру – тәуелсіздік алғаннан бері жүйелі жүзеге асып келе жатқан ұлттық саясаттағы басым бағыттардың бірі. Бүгінге дейін тарихи Ота­нына түпкілікті қоныс аударған қандастардың саны 1 миллионнан асады. Шетелдегі қан­дастарымызбен өзара байланысты жаңа сапаға көтеру мақсатында Елбасының ұсынысымен 2017 жылы «Отандастар» қоры құрылды. Жүйелі жұмыстың арқасында кейінгі жылдары шетелдердегі этникалық қазақ қауымдастықтарымен байланыс жанданып келеді. Бүгінде қазақ тілін үйрету мақсатында әлемнің 12 елінде (23 қалада) 31 қазақ сыныбының жұмыс істеп, ұлттық мә­дени құндылықтарды насихаттауға арналып, 6 елде ашылған Abai Uii қазақ мәдени-іскерлік үйлері осының айқын дәлелі. Елге келген қандастардың азаматтық алу процесін тездету мақсатында «Бір терезе» қағидаты негізінде мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа Жол картасы жасалды. Цифрлық дәуір, IT технологиялардың қарыштап өркендеуі, ақпарат ағынының кең ауқымды әрі зор жылдамдықпен таралуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашумен қатар жаңа жаһандық сынақтарды да алға тартып отыр. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында Қазақстан медиасы аяғынан нық тұрып, жаңа кезеңге қадам басты. Мысалы, 1991 жылы елімізде 407 ақпарат құралы ғана болса, қазір 4 845-тен астам БАҚ бар. Оның ішінде 3 527 мерзімдік басылым, 181 теле­арна, 79 радио, 752 ақпарат агенттігі мен желілік басылымдар жұмыс істейді. Кейінгі жылдары ақпараттық кеңістік орасан транс­формациядан өту үстінде. Ақпарат құрал­дарының саны ұлғайып жатыр. Бәсекелестік артты. Әлеуметтік желінің ықпалы барынша күшейді. Бұл өзгерістер де мемлекет тарапынан ақпараттық қауіпсіздік пен даму бағытында жаңа бастамаларды талап ететіні түсінікті. Осы мақсатта соңғы екі жылда біз мемлекеттік ақпарат саясатының бірыңғай жүйесін құруда бірқатар жаңашылдық енгіздік. Ақпаратқа қол жеткізу, мемлекеттік ақпарат саясаты тапсырыстарын біріздендіру, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік қауымдастықтың қызмет ашықтығын баға­лау тетіктерін жасап, қоғамдық кеңестер арқылы азаматтық сектордың бақылауын мейлінше күшейттік. Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағдарламасының аясында ақпарат құралдарын есепке қою, лицензия беру және тағы басқа процестер толықтай автоматтық жүйеге көшірілді. Ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру, аймақтық БАҚ-ты дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. береке Мемлекеттік ақпарат ресурстарының техникалық, материалдық базасы толықтай жаңартылу үстінде. Еліміздегі басты мерзімді басылымдар оңтайландырып, олардың қар­жылық-шаруашылық шығындарын азайту мақ­сатында Egemen Qazaqstan, «Казах­стан­ская правда» газеттері біріктірілді. Қазір оған тағы 10 мемлекеттік басылымды қосу арқылы «Қазақ газеттері» брендімен барлық мем­лекеттік басылымдарды біріктіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Министрлік журналистің құқықтық, әлеуметтік мәртебесін көтерумен қатар, олардың біліктілігін арттыру бағытында да жаңа бастамалар көтерді. Соның нәтижесінде еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарымен арнайы меморандумдар жасалып, салалық журналистика мамандарын даярлау ісі жолға қойылды. Биылдың өзінде медицина, дін, экология салалары бойынша 4 мыңнан астам журналист арнайы курстардан өтті. Ақпаратқа қолжетімділік бүгінде қоғам­дық дамудың барлық саласына тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Әсіресе, былтыр­дан бері әлемді әбігерге салған COVID-19 пандемиясы халыққа уақытылы және толық­қанды ақпарат берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бұл ретте өткен жылы «Ақ­паратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына концепциялық өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, барлық мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу мәселесіне тікелей жауап беретін уәкілетті тұлғалар айқындалып, осы салаға жауапты уәкілетті орган ретінде Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігі бекітілді. Бүгінде «Ашық деректер», «Ашық бюджет», «Ашық НҚА», «Ашық диалог» бөлімдері бар «Ашық Үкімет» порталы жүйелі жұмыс істейді. Сондай-ақ биылдан бастап жыл сайын Мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының қорытынды есебі беріледі. Қазақстан тәуелсіздік тарихында алғаш­қы заңнамалық құжаттардың қатарында «Діни сенім бостандығы мен діни ұйымдар туралы» заңын қабылдады. Бүгінде еліміздегі мемлекеттік дін саясаты үш өзекті бағытқа негізделген. Яғни, зайырлылық қағидатын берік ұстану, мемлекеттік және конфессия­ара­лық қатынастарды қамтамасыз ету және қоғамда радикалды идеологияның тара­луы­на жол бермеу. Әлеуметтік зерттеулер қо­рытындысы бойынша бүгінде елімізде өзін белгілі бір діни сенімге жатқызатындардың үлесі жалпы халықтың 86,7%-ын құрайды екен. Сондықтан Ата Заңда біз өзімізді за­йырлы мемлекет деп жариялағанымызбен, ол қоғамда дін жоқ және мемлекет онымен есептеспейді дегенді білдірмейді. Қазір елімізде 18 конфессияны құрайтын 3 824 діни бірлестік бар. Барлық Діни бірлестіктермен конструктивті өзара қарым-қатынас орна­тыл­ған. Бұл мақсатта министрлікте Діни бір­лес­тіктермен байланыс жөніндегі кеңес құ­рылған, жергілікті атқару органдарында Діни көшбасшылар клубы мен Діни бірлес­тіктермен байланыс жөніндегі кеңестер тұ­рақты түрде жұмыс істеп келеді. Дін саласын­дағы кадрларды даярлау мәселесі министр­ліктің айрықша бақылауында. Бүгінде елі­мізде, 1 университет, 9 медресе-колледж діни мамандар дайындайды. Дін саласына тағы да 6 жоғары оқу орны мамандандырылған. Бұл оқу орындары жылына 500-ге жуық маман дайындап шығарады. Қазақстанның дін саласындағы ауқымды бастамалары ха­лықаралық ықпалды ұйымдар мен мем­ле­кеттердің тарапынан да үлкен қолдауға ие болып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішін­де елде мемлекеттік-конфессиялық саясат үлгісінің тиімді тетіктері қалыптасты. Бүгін­де осы саладағы мемлекет саясаты зайыр­лы­лық қағидаттарын сақтау, конфессияаралық қарым-қатынастардың үндестігін қамта­масыз ету және қоғамда радикалды идеоло­гияның таралуына жол бермеу бағытында жұмыс істеп отыр. Мемлекеттің, ұлттың болашағы – жастардың қолында. Елбасы айтқандай, 30 жылдық жасампаз тәуелсіздік кезеңіндегі барлық бастама мен игі іс-шаралар келешек буынның қамы үшін жасалды. Бүгінде елімізде үш жарым миллионнан астам жастар өкілі бар. Бұл жалпы халықтың 20%-ын құрайды. 600 мыңнан астам студент жастар білім алып жатыр. Жұмыс жасындағы, яғни экономикалық белсенді жастардардың саны 2 миллионнан асады. Олардың 96,3%-ы жұмыспен қамтылған. 29 жасқа дейінгі мем­лекеттік қызметтегі жастар саны 20 мыңнан асады. Жалпы, 2001 жылдың статистика­сы­мен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 16,6%-дан 3,7%-ға дейін төмендеген. Елімізде 547 жастар ұйымы тұрақты жұмыс істейді, оның 14-і республикалық мәртебеге ие. Осы жылдардың ең басты жетістігі ретінде мен тәуелсіз жастардың жаңа буыны қалыптасуын айтар едім. Қазір жастарымыз еркін ойлы, ашық мінезді, білімді, белсенді. Жастарды мемлекеттік қолдау саясаты еш­қашанда күн тәртібінен түскен емес. Мың­даған жас түлек Қазақстан жастарының кон­гресі, Қазақстан студенттерінің альянсы, «Жасыл ел», Ұлттық волонтерлік желі сияқ­ты ірі қоғамдық ұйымдардың мүшесі. Олар елі­міздегі саяси, қоғамдық, әлеуметтік бас­та­м­а­лардың әрдайым қолдаушысы болып келеді. Тәуелсіздік жылдары шығармашы­лық­пен, ғылыммен айналысатын талантты жастарды қолдау мақсатында тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы бүгінге дейін 298 жас өкілдеріне табыста­лыпты. Елбасының ұсынысымен басталған «Болашақ» халықаралық оқу бағдарламасы шеңберінде 1993 жылдан бері 13 636 азамат стипендия иегері атанды. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың басты пікірталас алаңына айналды. Бүгінде барлық өңірде 209 Жастар ресурстық орта­лығы жұмыс істейді. Бүкіл ТМД аумағында баламасы жоқ орталыққа бүгінде қызығу­шылық танытып, тәжірибе алмасуға ниет білдірген елдер аз емес. Жастардың тұрмыс-тіршілігін, сұраныс­тарын, құндылықтарын анықтап, зерделеу мақсатында біз халықаралық стандартқа сәйестендірілген «Қазақстандағы жастар дамуының индексі» жобасын іске қостық. Соңғы заңдық өзгерістерге сай, заң шығару органдарында әйелдер мен жастарға арнайы 30% квота бөлінген. Орталық, жергілікті басқару органдарында жоғары басшылық қызметтегі жастардың үлесі жыл сайын еселеп артып келеді. Таяуда Мемлекет басшысының Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы аясында берген арнайы тапсырмасы бойынша «Тәуелсіздік ұрпақ­тары» ұлттық жобасы қолға алынды. Еліміз­дегі жастар мәселесіне қатысты барлық бағдарламаны бір орталыққа біріктіруді көз­дейтін жоба үш негізгі міндетті қарасты­рады. Атап айтқанда, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және жастарды қоғамдық-пайдалы қызметке тарту. Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған жастарды қолдаудың кешенді жоспары бекітілді. Ал­дағы уақытта мемлекеттік жастар саяса­тындағы іс-қимыл осы жоспар аясында тыңғылықты жүзеге асырылатын болады. Жалпы, халықтың біртектес, біртұтас бол­мысын қалыптастырып, қоғамның әлеу­мет­тік-мәдени сұранысын қанағаттандыру үшін ең алдымен оларды біріктіретін, топ­тас­ты­ратын рухани тірек, озық идеялар қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда Тұңғыш Пре­зидент – Елбасының тарихи мақаласы­нан бастау алған «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы ел ішінде өзгеше серпіліс тудырған жобаға айналды. Жаңа дәуірдегі дамудың негізгі бағыт-бағдарын айқындайтын бағ­дар­ламаның алты бағыты бойынша 17 арнайы жоба іске қосылды. Әрине, бағдарламадағы қай жоба да маңызды. Дегенмен соның ішін­де «Туған жер», «100 жаңа есім», «Сакралды Қазақстан», «100 жаңа оқулық» жобаларын ерекше атап өткім келеді. Бұлар қоғам тара­пынан өте қызығушылық танытқан жобалар болды. Бүгінге дейін екі арнайы жоба – «Ұлы дала­­ның ежелгі өнер және технологиялар музейі» және «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобалары толық аяқталды. Бір ғана «Туған жер» жобасы шеңберінде 4 жыл ішінде 13 мың­нан астам меценат есебінен 280 млрд тең­геден астам қаржы жиналып, 6 мыңнан астам ғимарат са­лынып, жөндеуден өткен. Жалпы қайырым­дылық жасау – халқымызда бұрыннан бар қасиет. Десе де, «Рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасы осы дәстүрді қоғамдық деңгейде жаңа сатыға көтергені анық. «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалар туралы толыққанды ақпарат ұсыну үшін арнайы ашылған www.ruh.kz сайтынан табуға болады. Әрине, бұл аталған дүниелер Тәуелсіз­діктің 30 жылында мемлекет тарапынан жасалған ауқымды іс-шаралардың бір парасы ғана. Ең бастысы, бүгінде саяси сабақтастық, экономикалық, рухани жаңғыру үрдісінің үзіліссіз, табысты жүргізілуіне бүгінгі мем­лекеттік саясат бағыты толықтай кепілдік жасап отыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектел­мей­ді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мем­ле­кетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақта­ламыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұста­нуы­мыз қажет» деп атап көрсеткен болатын. Расында, мемлекетті құру, мемлекеттілікті сақтау мен дамыту тек бір адамның немесе мемлекеттің ғана жеке міндеті болмауы тиіс. Бұл – қоғамдағы әрбір азаматтың, түрлі ұлттың, тұтас халықтың береке-бірлігіне, күш-жігеріне, ниет-тілегіне болашаққа деген сеніміне байланысты дүние.  width=  width=  width=  width=  width=  width= Біз осыдан 30 жыл бұрын әлем елдерімен тең тұрып, азат ел болуға мүмкіндік берген Тәуелсіздігіміздің осы жылдар ішіндегі әрбір сәтін, әрбір кезеңін есімізден шығармай, ерекше ықыласпен еске алып, құрметпен қарауымыз керек. Ұрпақты соған тәрбие­леуіміз шарт. Бұл жас буынға тек тарихи оқи­ғаларды ғана үйретпейді, ел болудың бей­неті мен зейнетін жете ұғынуға, өткені­мізді еске алып, жоғымызды түгендеуге үн­дейді. Қазір қолда барымызды барынша баға­лайтын уақыт. Осыдан екі-үш жыл бұрын өзгерместей көрінетін жаһандық заңды­лық­тар, халықаралық ережелер, тіпті қарапайым қоғамдық қарым-қатынастың өзі бір ғана COVID-19 пандемиясының кесірінен түпкі­лікті өзгерістерге ұшырап жатыр. Осындай алмағайып кезеңде тәуелсіздік құнды­лық­тарының – саяси тұрақтылық пен сабақ­тастық, экономикалық және қоғамдық даму, азаматтық келісім мен береке-бірлік идея­ларының мәні мен мазмұны артып отыр. Бұл тұрғыда біз үшін плюрализм мен өз­ара түсіністік үндестігіне жүгінетін азаматтық қоғам құру, діни төзімділік, ұлтаралық, конфессияаралық татулық пен келісімді сақтау, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті, білімді, отаншыл жас ұрпақты тәрбиелеу аса өзекті. «Мәңгілік ел» өміршең идеясы жолында қадам басып келе жатқан мемлекетіміздің айбыны артып, азаттығы табанды, жетіс­тіктері баянды бола берсін. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

Аида БАЛАЕВА, Қазақстан Республикасының  Ақпарат және қоғамдық даму министрі