Н.НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ
Н.Назарбаев Қазақстандағы саяси партиялардың құрылуының генераторы болды. Саяси институттардың іргетасын қалап, олардың қалыптасуына тікелей жетекшілік еткен ұлы саясаткер. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, билік әрқашан халық тұтастай қолдайтын партиялардың еншісінде болады. Батыс та, Еуропа да сол жолдан өткен. Сондықтан да қиындықтарға қарамастан бұл процесті бастау қажет еді. Бұл, әсіресе 1999 жылғы парламенттік сайлаудан соң қолға алынды. Президент Н.Назарбаев тарихтың сындарлы сағатында «Отан» атты партия құруды күн тәртібіне қойды. Осылай сол жылдың 1 наурызында партияның бірінші съезі өтіп, онда Н.Назарбаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланды. Өз сөзінде партия Төрағасы мемлекеттің демократиялық құндылықтарын нығайтуға, азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға және партияның бүкіл саясатын әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау бойынша нұсқау берді. Бұл партиялық құрылымдағы жаңа бетбұрыс еді. Басқа да партиялардың мүддесі осы идеяларға келіп тоғысатын. Осындай беделді саяси ұйымға 2005 жылғы 18 сәуірде Президент жоғары сенім артып, партия жетекшісінің орынбасары, төраға міндетін атқарушысы етіп мені бекітті. Бұл менің тағдырымдағы жаңа белес болды. Жаңа жауапты қызметте «Не істеу керек? Партия жұмысын қалай заманауи тұрғыда қайта құру керек?» деген мәселелердің шешімі қатты мазалады. Міне, осындай ойлар мазалаған сәтте Мемлекет басшысының тағы бір көреген саясаткерлігінің куәсі болдым. – Біз бүгін экономиканы, рухани-саяси мәселелерді жаңғыртып жатырмыз. Партияны да саяси тұрғыда қайта құру керек. Күшпен емес, шын ниетімен партияға мүше болса ғана партияның программалық жоспарларын жүзеге асыра аламыз. Шығыстың, Еуропаның партиялық құрылымдарын көру керек. Көзбен көрмей, жұмыс өнбейді. Партияның халықаралық байланысын күшейту керек. Көр, зертте, ұсын. Сен ғалым емессің бе?! – деді Президент. Мемлекет басшысы, ірі партия жетекшісі Н.Назарбаев – жаңа идеяның адамы. Ол өз қызметкерлерін үйреншікті қалыптасқан жолды емес, жаңа креативті бағытты таңдауға үйретті. Сондықтан ең алдымен Орталық партия аппараты мен оның өңірлік филиалдарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға назар аударылды. Әр облыстық, аудандық филиалдарға жаңа ғимараттар салынды. Ел Парламенті және Үкіметімен өзара қарым-қатынастың тиімділігін арттыру мақсатында 2005 жылғы 31 мамырда Елбасының «Отан» партиясының штаб-пәтері Астанаға көшірілді. Осыдан соң партия науқаны үшін аса маңызды кезең басталды. «Отан» РСП-ның кезектен тыс VIІI съезі тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентіне кандидаттыққа партия атынан Н.Назарбаевты ұсыну туралы шешім қабылдады. Президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабын басқару маған тапсырылды. Сайлау үлкен жеңіспен аяқталды. Халықтың 91,5 пайызы Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Бұл Президенттің ғана емес, бүкіл халықтың, «Отан» партиясының жеңісі болды. Президенттің саяси жүйені реформалау туралы алға қойған міндеттері әрі қарай жалғасын тапты. 2006 жылғы 4 шілдеде өткен «Отан» РСП-ның IX съезінде сайлау науқаны барысында қатаң сыннан өтіп, шыныққан серіктестік қарым-қатынастың нәтижесінде «Отан» партиясына тағы бір ірі партия – «Асар» партиясының қосылуы туралы шешім қабылданды. Бұл Қазақстанның партиялық жүйесіндегі біріктіру үрдісінің қайта басталуына жол ашты. Қазақстанның партиялық өмірінде 2006 жылғы 22 желтоқсанда өткен «Отан» РСП-ның X съезі ерекше маңызды болды. Себебі Елбасының партиясына Азаматтық және Аграрлық партиялар қосылды. «Отан» РСП-ның атауы «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы болып өзгертілді. Бұдан ең алдымен халық ұтты. Өйткені саяси сахнада партиялар үшін бір-бірімен айқасу емес, демократиялық құндылықтарды айқындау, азаматтық қоғам құру, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу ең басты міндет болатын. Партиялық жүйе Қазақстанның болашақ экономикалық, мәдени-рухани дамуының кепілі болатыны енді айқын еді. Осылай «Нұр Отан» партиясы жаңа типтегі парламенттік партияға айналды. Партияға жаңа тұлғалар қажет деп ойлағанмын. Бірақ съезде Н.Назарбаев «Партия төрағасының бірінші орынбасары қызметі енгізілгелі отыр. Осы лауазымға Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловты тағайындау туралы шешім қабылдадым. Оны Сіздер жақсы білесіздер. Ол – ұйымдастырушы, жауапкершілігі жоғары, адамдармен жұмыс істей алады. Партияны дамыту үшін көп жұмыс атқарып жүр», – деді. Осы сөздер әлі құлағымда тұр. Санамнан өшпейді. Елбасы сенімі – ел сенімі. Президент жаңа партиялық жүйеге ерекше ден қойды. Ой, идея жарыстарымен қатар саяси реформалар жүріп жатты. Елбасының бастамасымен елімізде ірі конституциялық реформалар жүзеге асты. Оған сәйкес, 2007 жылдың 18 тамызында Мәжіліс депутаттарын сайлау алғаш рет пропорционалды сайлау жүйесінің шартымен – партиялық тізім бойынша жүзеге асты. Қазақстан азаматтары жекелеген үміткерлерге емес, партиялық бағдарламаларға дауыс берді. Сонымен қатар жүргізілген саяси реформаларға сәйкес партиялардың Парламенттегі өкілеттілігін арттыру мақсатында елімізде алғаш рет Парламенттік фракциялар құрылды. Әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, саяси партияларды мемлекет есебінен қаржыландыру мәселесі жолға қойылды. Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХІ съезінде: «Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында дәл мұндай жалпыұлттық, шын мәніндегі халықтық партия болған емес» – деп атап өтуі біз үшін барлық марапаттан жоғары болатын. «Нұр Отан» партиясының, оның Лидері Н.Назарбаевтың саяси көрегендігі арқасында республикада көппартиялық жүйе қалыптасты. Ал «Нұр Отан» партиясы нағыз халықтық партияға айналды.ЕЛБАСЫ – БІЛІМ РЕФОРМАТОРЫ
Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Президенті Н.Назарбаев мемлекетті дамытудың басты факторы білім мен ғылымда екенін атап көрсетті. Сондықтан да қалыптасқан білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа бағытын, реформаларын жасауды күн тәртібіне қойды. Ең алдымен Президент Н.Назарбаевтың білім беру мәселесін мемлекеттің басым саяси бағыттарының қатарына қосқанын атап айту керек. Себебі тәуелсіздікті нығайту ең алдымен білімі жетік, ғылымы берік мемлекеттің ғана қолынан келетіні анық еді. Тәуелсіздіктің 30 жылдық биігінен сол өткен күндерде қолға алынып, жүзеге асырылған реформаларды сараптағанда оны үш кезеңге бөліп қарастырған жөн деп ойлаймын. Сонда Елбасының өзі тікелей қадағалап, бақылауда ұстаған реформалардың стратегиялық даму жолын анық көруге болады. Бірінші кезең ХХ ғасырдың 90-жылдарын қамтиды. Бұл кезеңде теңдесі жоқ білім беру жобалары жүзеге асырылды. Алдағы күндердің стратегиялық басымдықтарын айта отырып, Президент «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асырды. Бұл жоба 1993 жылы басталды. Қазір 13 мыңнан астам талантты қыз-жігіт осы жоба аясында оқып келіп, мемлекетіміздің түрлі саласында, Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, қаржы саласында, әкімдіктерде, жоғары оқу орындарының басшылықтарында абыройлы қызмет атқарып жүр. Президент білім мен ғылым саласын дамыту үшін арнайы заңдардың қабылдануына ұйытқы болды. Осылай 1992 жылы «Білім туралы», 1993 жылы «Жоғары білім туралы» заңдар қабылданды. Өмір көрігінен өткен, өзі де терең интеллект иесі ретінде Н.Назарбаев білім саласының институттық даму жолына маңызды қадамдар жасай отырып, саладағы жекеменшік секторды да ашуға жол көрсетті. Бұл білім беру саласындағы бәсекелестік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік берді. Білім жүйесінің екінші өрлеу кезеңі өткен ғасырдың соңы және ХХІ ғасырдың алғашқы бес жылдығымен тұспа-тұс келеді деп есептеймін. Бұл кезеңде жаңа стратегиялық үрдістер кезеңі басталды. 1997 жылы Президент Н.Назарбаев мемлекетімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын ұсынды. Бұл сол кезең үшін үлкен саяси шешім болды деп те айта аламын. Өйткені Президент бәсекеге қабілетті мемлекет болудың алғышарты білімде жатқанын қадап айтты. Жаңа міндеттер қойылды. Орта білім беру саласы бойынша жүйені ақпараттандыру мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл 1997-2002 жылдарды қамтыды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де сол бағдарламаға енді. Ашығын айтқанда, 2001 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып мектептерді 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етті. Осы кезеңде Президент Н.Назарбаев талантты оқушыларды тауып, және оларды қолдау үшін «Дарын» бағдарламасын жариялады. Әрі ол ойдағыдай жүзеге асырылды. Сол кезеңде дарынды балаларға арналған 100-ден астам мектеп ашылды. Нәтижесінде, Қазақстанның білім беру жүйесінің озық екенінің дәлелі ретінде, олар халықаралық жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегерлері санатына қосылды. 2000 жылғы «Білім» мемлекеттік бағдарламасы және 2005-2010 жылдарға арналған білім саласындағы мемлекеттік бағдарлама ұлттық білім жүйесін модернизациялауға мүмкіндік берді. Білім жүйесін жетілдірудің үшінші кезеңі 2006 жылдан басталып, күні бүгінге дейін ойдағыдай жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев әлемдік жоғары оқу орындарына пара-пар болатын университетті Қазақстанда ашуды қолға алды. Стратегиялық жоба жасалды. Оны құруды және оның бүкіл ғылыми бағытын айқындап берді. Осылайша, Назарбаев университеті өмірге келді. Ол жоғары білім берудің еуропалық үлгісіне сай жұмыс істей бастады. Сонымен қатар Қазақстан 2010 жылы Болон декларациясына енді. Осылай еліміздің білім беру жүйесі үш сатылы жүйеге көшті. «Бакалавр», «магистр», «доктор PhD». Елбасы, ұлт Көшбасшысы білімді елдің болашағына сенді. Назарбаев интеллектуалды мектептері бой көтерді. Ол болашақта білім беру жүйесінің ортақ моделіне айналмақ. Президенттің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары Президенттің 2011 жылғы қаңтар айындағы Қазақстан халқына Жолдауында нақтылана түсті. Міне, осы сәттен бастап Қазақстанда кадр дайындаудың жаңа жүйесі қалыптасты және орнықты. Сондықтан да Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты білім жүйесінің реформаторы деп нық сеніммен айта аламын.ЕЛБАСЫНЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани әлемі өте бай. Ол – ата-бабамыздан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлерді, сондай-ақ елімізде тұратын көптеген ұлттың әдеби-мәдени өрісін жетік білетін ғалым. Сүйінбай, Жамбыл сияқты ұлы алыптардың ұрпағы ретінде Елбасы сөзден өрнек түйеді. Баяндамаларында, мақалаларында, сұхбаттарында, халыққа арнаған Жолдауларында мақалдар мен мәтелдерді қалай орынды кірістіреді деп қызыға оқисың. Егемендігіміздің басында Нұрсұлтан Әбішұлы ерекше еңбек жазды. 1999 жылы «Тарих толқынында» атты кітабы жарық көрді. Бұл шын мәнінде қазақтың мәдени тарихының энциклопедиясына айналды. Кітап өзінің архитектоникасымен ерекшеленді. Мысалы, бұл кітапта бабаларымыздың бес мың жылдық тарихы бар десем артық айтпаспын. Елбасы кезінде «Рухы мықты халық қана мықты мемлекет құра алады» деп жазып еді. Тарихтың алмағайып заманын бастан өткерген халқымыз 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жариялады. Ата-баба аманаты орындалды. Егемен ел құру мақсатын Елбасы Н.Назарбаев жүзеге асырды. Ол халқымыздың руханиятын зерттеуді, ұлы жәдігерлерді халық кәдесіне жаратуды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Президенттің тікелей қамқорлығы арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды. Мысалы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары осы бағдарлама аясында қазақ фольклорының 100 томдығын шығарды. Бұл әлемдегі тұңғыш шығарылған 100 томдық серия болды. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары шетелдегі қазақ тарихына қатысты мол жәдігер тауып, оны жариялап, ғылыми айналымға қосты. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы ежелгі тарихымызға қатысты көптеген деректі жинастырып, арнайы кітап етіп шығарды. Жалпы алғанда, бүкіл гуманитарлық ғылыми-зерттеу институттары Президенттің бағдарламасына сай өте ауқымды жұмыстар жүргізді. Бұл қазақ халқының әлемдік өркениеттегі алатын орнын айғақтады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2014 жылы тамызда «Хабар» телеарнасына Ұлытаудағы қасиетті бұлақ басында сұхбат берді. Онда Қазақстан қоғамының рухани негізін дамытуға байланысты дін мен тілдің даму процестеріне ерекше назар аударды. Жаңа қазақстандық патриотизмнің, патриоттық тәрбие негізі Ұлт көшбасшының айтуынша: «ең алдымен ел мен оның жетістіктері үшін мақтаныш». Расы солай. Ойлы, білімді, көптілді ұрпақ өз ұлтының ұлы ескерткіштерін кеңірек білген сайын олардың өз ұлтына деген мақтанышы мен махаббаты арта түсетіні анық. Президент сұхбаты осындай ойларға жетелейді. 2017 жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Бұл сөз жоқ, Қазақстанның жаңа даму кезеңін айғақтады. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Әуелі – экономика» саясатын ұстансақ, енді саяси реформа жасалды. Ал кез келген саяси реформа ең алдымен ұлттық рухты көтеруден басталады. Сондықтан да Президент экономика мен ұлттық жаңғырудың тұтастығын қамтамасыз ете отырып: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», – деп нақты мақсат қойды. Өркениетті 30 елдің қатарына қосылу үшін Президент қоғам ең алдымен адамдардың ұлттық жаңғырумен байланысты екенін көрсетті және оны нақты мысалдармен дәйектеді. «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы халық сүйіспеншілігіне ие болды. Әлемнің озық 100 оқулығы аударылып, жарияланып жатыр. Ұлттық аударма бюросы бар. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасы да ішкі және сыртқы туризмді дамытуға жол ашты. Латын әліпбиіне көшу пысықталып, лингвистер оны жетілдіруге байланысты жұмыстар жүргізіп жатыр. «Қазақстандағы жүз жаңа есім» жобасы тәуелсіздік жылдары жарқ етіп көрінген сан түрлі этнос өкілдерінің есімдерін тануға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы өткен тарихымыз бен тәуелсіздік әкелген ұлттық құндылықтарымыздың сабақтастығын айғақтайды. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 21 қарашада жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да халқымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін ашып берді. Өйткені Президент жоғарыда аталған барлық мемлекеттік жобаның қорытындысы ретінде Ұлы даланың жеті қырын ашады: Елбасы Н.Назарбаев ұлт тарихындағы сан қилы деректерді саралай отырып, рухы биік, санасы мен біліктілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеудің жаңа концепциясын ұсынды. Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың рухани әлемі туралы шолу жасай отырып, оның тарих таңдаған тұлға екенін атап өткім келеді.Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі