Салықты жинау халықты қинау болмауы тиіс
Салықты жинау халықты қинау болмауы тиіс
314
оқылды
2022 жылдың 1 қаңта­ры­нан бас­тап еліміздің Са­лық кодексіне ке­зекті рет елеулі өзгерістер енгізіл­мек. Мұн­да­ғы бір мақсат – фис­калды саясаттың желісімен бюд­жетті толтыру болса, ен­дігі бір мақ­сат – көлеңкелі эко­но­миканы жарыққа шы­ғару. Жаңашылдық­тардың ішінде ел аузында «Гугл са­лығы», «майнинг салығы» аталып жүрген алымдар да бар. Жалпы, биылғы өзгеріс­тер­дің реттеушілік және алым­шылық сипаты басым. Ен­деше, бұл сала Елбасы жа­рия­лаған «Салық ривизия­сынан» бері қаншалықты өз­герді? Жаңа жыл­дағы жаңа­шылдықтар қандай?

Майнингтен елімізге пайда бар ма?

Салық заңнамасы – ұдайы өз­герістерге ұшырап тұратын нор­ма­тивтердің бірі. Тіпті, кейде ол өз­ге­рістер өтіп кеткен датамен де ен­гізіліп жатады. Мұндай жер­гі­лікті өз­гешелік қателіктерге ұрын­дыр­мауы үшін мұндағы жаңашыл­дық­тарды үнемі қадағалап отыр­ған жөн. Көптеген кәсіпорындар мен ұйымдардың салық есебіне бөлек бухгалтер ұстайтыны сон­дықтан. Ендеше, қандай өзгеріс­тер нақты қабылданып, қолда­нысқа енетініне назар аударып көрелік. Мұндай өз­геріс саны – 10. Солардың негіз­гі­лері мыналар: Қосымша құн са­лығы (ҚҚС) бойынша есепке қою­ға арналған минимумды ай­на­лым 1 қаңтардан бастап Республи­калық бюджет туралы заңмен бел­­гі­ленген айлық есептік көрсет­кіштің (АЕК) 20 000 мәрте көлемін құрайды; Шетелдік интернет-ком­паниялардың ҚҚС есептеу және төлеу тәртібіне қа­тысты (Google салығы) Салық кодексінің 25 бө­лімі қолданысқа енгізілмек; Банк­тік есепшот бо­йынша операциялар міндеттеме­лер­ді өтеген күні қайта жандана­тын болады; Сатып алу­шылар жаңа жылдан бастап өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН) көрсетілген қада­ғалау-кассалық машиналарының (ҚКМ) чегін талап етуге құқылы. Сондай-ақ ендігі бір жаңашыл­дық – тыңнан қосылған 11 Параграф бойынша цифрлық майнингтен төлем алынатыны. Бұл жаңа­шы­лықты мамандар жетілдіре түсу қажет деп санайды. «Майнингке салынатын салық бюд­жетке айтарлықтай кіріс әке­леді деп айта алмаймын. Әйтсе де, бұл секторды көлең­кеден шығаруға үлкен көмек болмақ. Бірақ оларды тіркеуде және салық тө­летуде бір­қатар күрделі ахуал болуы мүмкін. Өйткені мұндай компанияларды тиімді қадағалау тетігі әзірге жоқ. Егер майнингке салынатын салық пен Фран­ция, Жапония сынды елдерде енгі­зілген цифрлық са­лықты салыс­тыра қарастырар бол­сақ, ол жақта салық мөлшерлемесі кірістің белгілі бір пайызына белгі­ленеді. Ал бізде тұтынған электр энер­гия­сының бір килоВатына бір тең­геден салық салынғалы отыр. Меніңше, мұндай қадам бұл сек­торды нақты тұтынған электр энер­гиясын техникалық жолмен жа­сыруға итермелеуі мүмкін. Сон­дай-ақ бұл тұста аталған са­лықты әкім­шілендіру бойынша да күрделі ахуал қалыптасуы ықти­мал», – дейді «Тұран» университеті доценті Яназия Мусаханова. Салық кодексінде келер жылы қабылданғанымен, қолданысқа енбей, жоспарда тұратын өзгеріс­тер де бар. Олардың саны – 8. Мә­селен, солардың бірқатары, салық­ты бір жылдан астам уа­қытқа бөліп тө­леуге немесе кейін­ге қалдыруға мүмкіндік бе­рілетіні. Бұл жағ­дай­да салық төлеуші кепілге жылжы­май­тын мүлік қоюы керек немесе банк­тен ке­пілдік әкелуі қажет; Қоғам­дық қадаға­лауды күшейту үшін са­лық тө­леушінің төлқұжаты қол­да­нысқа шығарылмақ; Мүлік пен кірісті декларациялау бойынша жо­ба­дағы «жылжымайтын» сөзі алы­­нып тасталып, мүліктер тізі­мінде шет мем­лекеттерде тіркелген көлік құралдарын да көрсету мін­деттелетін болады. Айтуға тұрар­лық тағы бір өзгеріс – салықты есеп­теп шығарудың стандарты (зей­нетақы мен сақтандыруды қоса алғанда) ең төменгі жа­лақыдан (ЕТЖ) Айлық есептік көрсеткішке (АЕК) ауыстырылды. «Бұл тұста мемлекет өз мүд­десін қорғап отыр. Бұл, әрине са­лық тө­леушіге тиімді емес. Мәселен, Са­лық кодексінің 346-бабында ең тө­менгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері стан­дартты шегерімдер болып са­налатыны айтылған. «...Стандартты шегерім әр күнтізбелік ай үшін қолданы­лады. Күнтізбелік жыл үшін стан­дартты шегерімнің жалпы сомасы ең тө­мен­гі жалақының 12 еселен­ген мөл­шерінен аспауы тиіс» де­лінген. Қазір осы есептеу нор­масы айлық есептік көрсеткішке (АЕК) ауысып жатыр. Ендеше, оның қаншалықты тиімді екені ба­сы ашық сұрақ боп қалып отыр», – дейді экономика ғылым­дарының докторы, «Тұран» уни­верситеті Қаржы кафедрасының профес­соры Лутпулла Омарбакиев. Біз биылғы өзгерістердің ма­ңы­зына ғана тоқталдық. Соның бірі – шетелдік интернет ком­па­ниялар жаңа жылдан бастап Қа­зақ­станға салық төлей баста­мақ. Мамандар оның жалпы сомасы 2 млрд теңге болады деп болжап отыр. Төлем тәр­тібі қарапайым болмақ – меке­мелерге салықтай есепке тұру мін­детті емес.

Фискалдық парадигмадан арылу қажет

Еліміздің салық саясаты сонау реформа басталған 1995 жылдан бері түрліше өзгерістермен жетіл­діріле түсті дегенмен, мұнда да­мыта түсетін тұстар әлі де баршы­лық. Өйткені біздегі салық жүйесі – әлеуметтік экономиканы, инвес­тициялық стратегияны, сыртқы эко­номикалық қызметті, өндіріс­тегі құрылымдық өзгері­с­терді және басым салаларды жедел дамытуды мемлекеттік рет­теудің неғұрлым бел­сенді тетігі болғанымен, оны құруда әу бастан фискалдық бағдар таңдалып алынды. Оның бір па­расы – алдағы жаңа жылдан бастап ен­гізілетін өзгерістердің де осы та­лап аясында қарастырылып отыр­ғаны. Сондықтан да ма­ман­дар бізге әлі де болса фискалды парадиг­ма­дан бас тарту қажет деп санайды. «Қазақстандағы салық жүйе­сінің басты кемшілігі – кәсіп­орын­дардың кірістерінен алым алу ар­қылы бюджет тапшылығын жоюға бағытталғанында. Сон­дықтан да ол тәркілеу сипатына ие. Оның эконо­миканың дамуы­мен және оның ті­келей субъек­тілері – кәсіпорын­дардың қыз­ме­тімен жеткілікті байланысы жоқ. Мұндай қарым-қатынастың кә­сіп­орындарды шы­ғын мен бан­кротқа әкелу жағдай­лары – Қа­зақстан нарығының ережесіне айналып отыр. Осы ретте кәсіп­орындар жоғары салық са­луды болдырмау үшін минималды пай­да алуға мүдделі немесе мәж­бүр. Бұған бір жағы еркін баға бел­гілеу кезінде бәсекелестіктің то­лық болмауы ықпал етіп отыр», – дей­ді экономика ғылымдары­ның докто­ры, Лутпулла Амурулламұлы. Профессордың айтуынша, қа­зақстандық салық тетігі баға­ның өсуіне қарай салық төлемдері де арта түсетіндей етіп құрылған. Бұл – жүйенің фискал­дық маз­мұны тұр­ғысынан өте ыңғайлы, бірақ са­лық салудың негізділігі тұрғысы­нан мүлдем қолайсыз. Өйткені мүнда бюджет кіріс­тілігінің өсіп жатқанының тек «иллюзиясы» жасалады, ал іс жүзінде мұның бәрі инфляциялық факторға байла­нысты. Мәселен, «салық массасын» толтыру про­цесі жүріп жатқаны­мен, онымен қатар бюджет тап­шылығы да арта түседі. Себебі инфляциялық фактор оның шығыс бөлігіне одан да көп әсер етеді. «Қолданыстағы салық жүйе­сі­нің келесі кемшіліктерінің бі­­рі – экономикада дамудың ма­ңыз­­ды пропорцияларын қа­лып­­­тастыруды ынталандырмай­тыны. Бұл пропор­ционал­ды­лық­тың өзегі макро және микро дең­гейлерде еңбек өнімділігі мен тұ­тыну қорының өсу қарқы­нын­дағы ара-қатынаста жатыр. Әзірге еліміздегі салық тетігі көр­сетілген арақатынасты салықтық әдіс­термен жанама қолдауға жет­кілікті дәрежеде бағдарланбаған. Сон­дықтан да бізге әлі де болса ой­ластырылған (сал­мақты) салық саясатына көшу қажет. Фискалдық рөлмен қатар, ол на­рықтың қа­лыптасуындағы белсенді ынта­лан­­дырушы функцияны да ат­қаруы керек. Осы талаптарға сәйкес болу үшін Қазақстанның салық жүйесін реформалауды тоқтатпай одан әрі жүргізе беру қажет. Ол үшін бірін­шіден тиім­ділігі төмен салық­тарды алып тас­тау арқылы салық ауырт­па­лы­ғын жеңілдету және са­лық жүйе­сін оңайлатуды және екін­шіден, бірқатар салықтық жеңіл­­дік­­тердің күшін жою, «са­лықтық әділетті­лік» қағидатына сәйкес са­­лық төлеушілер мен салық са­лы­натын кірістер шеңберін ке­ңей­ту ар­қылы салықтық базаны ке­ңей­ту­ді ұсы­намын», – дейді про­фессор. Әрине, бұл бағытта көтерілер мәселелер әлі де болса, аз емес. Бел­гіленген талаптар біртіндеп орын­далып келеді. Оған Салық ко­дексіне жыл сайын енгізіліп жат­қан толықтырулар мен өзге­рістер дәлел. Енді осы атқарылып жатқан жұмыстардың халыққа, яғни салық төлеушіге түсінікті болуы үшін на­сихат жұмыстарын жүргізу қажет. Өйткені бізде ең азы салық төлеуші мәдениеті қалыптаспаған. Оны қалыптас­тыруға мүдделі болуы тиіс тиісті органдар қарапайым түсін­діру жұмыстарын жүргізбейді. Қа­лай болғанда да, фискалдық пара­дигма тек жүйенің жүзеге асыру тетіктерін ғана емес, мұндағы қыз­­меткерлердің де өмірлік ұста­нымын жаулап алған секілді.