«Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді» деген еді Мұхтар Әуезов. Арада жүз жыл өтті, ғұламаның ескертуін қаншалықты ескердік? Хакім Абай 39-қара сөзінде «…бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен…Олардың бірі – көсемге бағынып, дүйім елдің көсегесін көгерту. Ал екіншісі – намысқойлық» деп ата-бабаларымыздың артықшылығын айқындап еді. Бүгінгі заманда дін мен менталитет қазақтың бәсекеге қабілеттілігіне қалай әсер етіп жатыр? Бұл екеуі кемелденуге қалай әсер етеді?Роман БҰРҚАШ,
өнертанушы:
– Индонезия, БАӘ, Катар сияқты елдер дінді қатты ұстанады. Бірақ менталитеттерінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оларды бүгінде бәсекеге қабілетті ел деп атауға болады. Демек халықтың діні бәсекеге қабілеттілігін төмендетпейді. Бірақ жат ағымдардың әсерінен дін халықтың дамуына кері әсер етуі мүмкін деген түсінік қалыптасты. Ауғанстан, Сирия, Иран елдері дінді қатты ұстанатын секілді көрінеді, алайда даму жағынан артта қалып кеткен. Әлдебір халық интеллектуалдық тұрғыдан сауатсыз болса, екіншіден, өте кедей болса, ол елге әлемдегі ең күшті дінді әкелсе де, олар дінді дұрыс ұстанбайды. Сондықтан жоғарыда аталған елдер діннің сүйкімін қашырған.
Қазіргі сөз бостандығы, адам құқығы қорғалатын заманда дінге сенушілердің қатары көбейе береді. Дінді халықтан ажыратып алу мүмкін емес. Мемлекет дамымай жатса да, дінге сенушілердің қатары артуда. Діни түсінікке реформа керек. Мемлекет қолынан дін ұстанушыларды бақылап отырса, олар мемлекеттің дамуына кері әсер етпейді. Тек қана дінді үйрететін, орта ғасырлық кітаптарды оқыта беретін оқу орындары, медресе, курстарды барынша тыю керек. Өйткені бұл белгілі бір жағдайда халықтың дамуына кері әсер етеді. Біз секілді рухани түп-тамырынан ажырауға аз-ақ қалған елдер дін ұстанамын деп, жат ағымдардың жетегінде кетуі мүмкін. Сондықтан ешкімге жалтақтамай, менталитет пен дінімізді сақтап қалғанда ғана, дамудың даңғыл жолын таба аламыз.
Балабек САҚТАҒАНОВ,
психолог:
АШТАН ҚЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ХАЛЫҚ ЖОҚ, БӘРІ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ
– Елімізде жейтін нан таба алмай, аштан қырылып жатқан халық жоқ. Қазіргі уақытта жастарымыз таңнан кешке дейін бір жерде отырып жұмыс істеуге емес, жылдам әрі тез табыс табуға талпынады. Азаматтарымызды бәсекеге қабілетсіз деп айта алмаймын. Жағдайымыз ауыр деп жалпылама айтыла береді. Қалыпты өмір сүрудің деңгейін білмейтіндігімізден бүгінгі күнімізге көңіліміз тола бермейді.
Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ,
теолог:
– Қазіргі жағдайда бүкіл ислам әлемін артқа тартушылық бар. Яғни, «Құдайдың алдына барған кезде сенен дипломыңды сұрамайды» деген түсінік бізде де қалыптасып келе жатыр. Екінші, менталитетіміз кедергі келтіреді. Бәсекеге қабілеттілік болу үшін адамдарда қанағат болуы керек. Бізде әртүрлі саланы бай-манаптар басып алған. Сол салаға шеттен біреу кіріп, жұмыс істейін десе, оны ығыстырып шығарады. «Дарияның қасынан құдық қазба» демекші, көпшілік тәуекелге бара бермейді. Тәуекелге барғандар арасында банкротқа ұшырау қаупі жоғары. Бізде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалар болғанымен, керемет қолдау тауып, гүлденіп жатқандары аз. Еліміздің аз уақытта Корея, Сингапур сияқты дамыған мемлекеттердің қатарынан көрінуі қиын. Әлем мойындаған спортшыларымыздың тағдыры, жақында қайтыс болған Ақназардың тағдыры елімізде ерекше қабілетті болу онша қолдау таба қоятын шаруа емес екенін дәлелдеді. Немесе қазақтан шыққан жаңалық жасаған ғалымдар, әлемнің беделді компаниясында жұмыс істеп жүрген қазақтар не үшін Қазақстанға келмейді? Себебі елімізде оларды бағалайтын, тіпті қорғай алатын мемлекеттік деңгейдегі тәртіп әлі орнаған жоқ. Бізде бизнес саласында көбіне «менен басқалар өмір сүрмесін» деген психология басым ба деп ойлаймын. Бұл керісінше елдің дамуына емес, кері кетуге әкеп соқтыруы мүмкін.
Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
ӨНДІРІСТІҢ ДАМУЫНА КЕРІ ӘСЕРІ БАР
– Діни фанатизм рухани жаңғырып кемелденуімізге, тың даму жолын табуымызға кедергі болып саналады. Себебі ғылым мен мәдениеттегі озық жетістікте дамуына кері әсері бар. Өйткені уағыз тыңдайтын халыққа сауда арқылы ақша табу көптеп насихатталады. Діндарларымыз сауда жасау сүннет деп, саудамен айналысуға үндейді. Бірақ саудагерлік өндірістің дамуына жетелемейтінін түсіне бермейді. Ол – тек алыпсатарлық іс. Баюды бұрыс деп, «көптен ерекшеленбей жүру керек» деген сипаттағы уағыздар көп айтылады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Имамдар халықтың көзін ашамын десе, кәсіпорын ашып, өнім шығаруды насихаттаса керек. Қазіргі уақытта идеология жағы дұрыс болмай тұр.