Жұмыс берушілер мамандарының біліктілігін арттыруды және қайта оқытуды қойып барады. Мысалы, өнер және ойын-сауық, ауыл шаруашылығы салаларында бұл көрсеткіш 1%-дан, білім беру салаларында 2%-дан аз болып шыққан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға қызығушылық танытпайды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жұмыс берушінің қаражаты есебінен оқытылған жұмыскерлердің саны 2020 жылы 484 мың адамды немесе штаттық санның 13%-ына тең болды. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде абсолютті түрде 21%-ға немесе 128 мың адамға азайып кетті. Бұл соңғы 5 жылдағы ең төменгі көрсеткіш! Бұған пандемия да кесірін тигізіпті. Әйтпесе, 2016 жылдан 2019 жылға дейін оқытылған қызметкерлердің саны тұрақты өсіп келген еді.
«Негізінен, тиісті ресурстары мен базасы бар ірі және орта компаниялардың қызметкерлері оқытудан өтеді. Соңғы 5 жылда оқытылған ірі және орта кәсіпорындардың орташа үлесі штаттық санның 19%-ы, ал шағын компанияларда қызметкерлердің тек 2-3%-ы жыл сайын оқудан және біліктілігін арттырудан өтеді», – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және жобалық басқару департаменті талдау басқармасының басшысы Ұлпан Шегенова.
Жұмыс берушілер Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарында өз кадрларын оқытуға көбірек көңіл бөледі екен, олардың орташа үлесі тиісінше 37%, 33% және 29%. Ал оқуға жіберілетін қызметкерлердің ең азы Алматы және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жыл сайын орта есеппен 5-7% байқалады.