«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалында Елбасы Н.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жинағы талқыланды. Отырысқа қалалық филиал басшылығы, депутаттар, филиал жанындағы кеңес төрағалары және мегаполистің зиялы қауымы қатысты.
Жиынды ашып жүргізген партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев Елбасы нақтылаған «Елдіктің жеті тұғыры» ел тұтастығын нығайтып, жарасымды тірліктерді жалғастыратынын атап өтті.
«Елбасымыз Н.Назарбаевтың сөзімен айтсақ «Біз Тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық». Енді тек осы Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап қалу тікелей өзіміздің және болашақ ұрпағымыздың қолында. «Мәңгілік ел» мұратын тұрлаулы етудің жеті тұғырын есімізге салды. Бұл тұғырды тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат»,– деді Мейіржан Отыншиев.
«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қайрат Бисембаев «Nur Otan» партиясы мемлекетіміздің, соның ішінде шаһардың әлеуметтік-экономикалық маңыздағы басымдықтарын, бастамалары мен міндеттерін насихаттаудағы негізгі күш ретінде әрекет етіп келе жатқанын айтты.
Мегаполистің партия мүшелері отырыс барысында әрбір жеті бағыт бойынша тұшымды пікірлерін білдірді. Мейіржан Отыншиев «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын түсіндіру жұмыстарында партиялықтарға ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейтудің және айқындалған бағдарды әр қазақстандыққа жеткізудің маңызына назар аударды.