Аягөз аудандық ішкі саясат бөлімінің ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, несиелік бағыттағы 1 пәтерлі 50 тұрғын үй «Отбасы» банкі арқылы сатылып жатыр. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 150 мың теңгені құрайды. Орайы келгенде айта кетейік, 2020 жылы Аягөз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй мен «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша екі пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 140 отбасы баспаналы болған. «Аягөз ауданында тұрғын үйді пайдалануға берудің көлемі 2021 жылдың соңына дейін 73 736 шаршы метр болады деп күтілуде. Демек, қаладағы құрылыс қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Бүгін баспана кілттері берілген аумаққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда 1 000 мектеп салу міндетін іске асыру мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен 600 орындық жаңа мектеп салу жоспарланған. Жалпы, жыл соңына дейін қалада 186 адамды баспанамен қамту ойымызда бар», – дейді Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов.Аягөз ауданындағы тағы бір жағымды жаңалық, жақында Қарағаш ауылдық округінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Шағын медициналық нысан осы ауылдың тумасы Серікболсын Ахановтың демеушілігімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында пайдалануға берілген. Құрылысы небәрі үш-ақ айға созылған фельдшерлік пунктке 50 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалыпты. Бүгінде 876 тұрғыны бар Қарағаш ауылдық округіндегі су жаңа ғимаратта 3 медбике қызмет атқарады.
Шығыс Қазақстан облысы