Кешегі күннің ең басты жаңалығы келесі жылдан бастап зейнетақы қорынан жасқа байланысты алуға болатын қаржының жеткілікті шегінің өзгеруі болды десек, қателесе қоймаспыз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жеті түнде жеткілікті шектің мөлшерін бірден 90 пайызға өсіру туралы қабылдаған шешімі әр отбасындағы шағын асүйден бастап, үлкен мінбелерде қызу талқыланып жатыр. Біреулер қордың «атышулы» мәлімдемесінің Президенттің елдегі ең төменгі айлық мөлшерін көтеру туралы Жарлыққа қол қойған күні жариялануы тегін емес деген пікірде. Енді біреулер жыл аяқталуға айдан аз уақыт қалғандағы бұл жаңалықты қымбатшылықпен, теңгенің құнсыздануымен байланыстырып жатты. Қалай десек те, шектік мөлшерді ойламаған жерден 1,8 есеге өсіру дәл осы тетікті баспана мәселесін шешудің бір жолы ретінде қарастырған көпшіліктің көкейіне күдік ұялатып қойды.
Рас, азаматтарға зейнетақы қорындағы жиналған қаржының артығын пайдалану бастамасы әу бастан кез келген қазақстандық үшін қолжетімді болмады. Сол себептен де зейнетақы қорына мардымсыз жалақысынан болар-болмас тиын-тебен түсетіндер шектік мөлшерді шотқа салғаны күні-ақ бұл бағдарламадан күдерін үзген. Ал есебі дәл келіп, шектік мөлшерден асатын қаржысы бар 700 мыңнан астам отандасымыз керісінше дәл осы мүмкіндікті пайдалану құқығына ие болды.
Биылғы қазан айына дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры артылған ақшасына баспана мәселесін шешуге ниетті 470 мың адамның өтінішін қараған. Нәтижесінде, қордан азаматтардың өтінішіне сай ипотекалық алғашқы жарнаны толықтыруға 246,1 миллиард теңге, үйді ипотекамен алуға 262,1 миллиард теңге, ал ипотека үшін берешекті толық және жартылай өтеу үшін 56,3 миллиард теңге бөлініпті.
Сонымен қатар 53 821 адам зейнетақы қорындағы шектік мөлшерден асқан қаржыны емделуге жұмсауға өтініш білдірген. Қордан дертіне дауа іздегендердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында емдеу мекемелерінің есепшотына 49,1 миллиард теңге аударылды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кешегі мәлімдемесінен кейін келер жылдан бастап, жоғарыда аталған игілікті пайдаланудың жолы тіптен қиындай түсетінін аңғару қиын емес. Осылайша негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын түзеу болған бұл бағдарламаның да соңы сиырқұйымшақтанып кеткелі тұр. Халықаралық EXANTE инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, жеткілікті шек мөлшерін ұлғайту бастамасы бардың баю үстіне байытып, зейнетақы қорына түскен әр тиынын тиімді пайдалануға ниеттілердің сенімін жоғалтады.
– Шыны керек, соңына дейін келер жылдан бастап, жеткілікті шек мөлшерін 1,8 есеге көтеруді жай ғана қателік деп ойладық. Бірақ өкінішке қарай бәрі дұрыс болып шықты. Ең қызығы, бұл бастама халықтың талқысына салынбады. Алдын ала ешқандай дерегі айтылмады. Қазір де жауапты мекемелер тарапынан бұл жайында нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Бұл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен елдегі зейнетақы жүйесіндегі коммуникациялық саясаттың олқылығын көрсетіп берді.
Сайып келгенде, бағдарлама байларды байыта түспек. 2021 жылғы жеткілікті шек мөлшеріне сай зейнетақы қорындағы артық ақшаны салымшылардың 7 пайызы ала алатын болса, енді бұл көрсеткіш 3 пайызға дейін кемиді. Азаматтарда бұған дейін артық ақшасы бар салымшылардың қатарына кіруге аз да болса үміт бар еді. Енді оларда бағдарламадан үміт үзуден басқа амал жоқ, – дейді ол.
Мәселен, семейлік Әсел Бапанова қазірден зейнетақы қорындағы артылған ақшаны ипотекасының белгілі бір бөлігін жұмсауға әрекет жасауға кіріскен.
– Жеткілікті шек мөлшері бұрынғы сомамен қалса зейнетақы қорындағы артылған қаржыны әзір алмаймын деп ойлағанмын. Дәл қазір менде жеткілікті шек мөлшерінен 200 мың теңге ғана артылып тұр. Шынын айтқанда, осы қаржыны көбейткім келген. Жаңа жылдан бастап жеткілікті шектің мөлшері өседі деген хабар шыққан соң амал жоқ артылған ақшаны ипотекамды төлеуге әрекет етіп жатырмын, – дейді Әсел.
Соңғы жағдайдан кейін Әсел сияқты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотындағы жеткілікті мөлшерден асатын қаржыны жұмсауға асығатындардың қарасы қалыңдай түсетіні анық. Бұл жағдайда әбігерге түскендер әйтеуір қордан өз үлесін алып қалуға тырысатыны түсінікті. Бұқараны қаржылық сауаттылыққа шақырып жүрген белгілі блогер Дәулет Төлеутайұлы да бұл шешімнің халықты тығырыққа тірегенін айтады.
– Шекті мөлшерді өсіруге инфляцияның, теңгенің құнсыздануының әсері бар екенін мойындау керек. Бұл бағдарлама 2020 жылы қабылданды. Демек, содан бергі 2 жыл ішінде теңге құнсызданды. Оның үстіне ең төменгі жалақының 60 мың теңгеге дейін көтерілуінің ықпал етуін де жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, оны бірден 1,8 есеге өсіріп жіберуге болмайды ғой. Оның үстіне шектік мөлшердің өсетіні туралы 1 ай қалғанда хабарлау дегеніңіз нағыз шектен шыққандық. Сонда Президент айтып жүрген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қайда қалды? Әрине, жеткілікті шектен асатын қаржысы барлар бұл аралықта өзіне тиісті соманы алып, көзделген мақсатқа жұмсап үлгереді. Сонда да 1 ай қалғанда халықты тығырыққа тіреуі жөн емес. 2021 жылдың соңында 2023 жылғы шекті мөлшердің артатыны туралы хабарласа түсінуге болар еді.
Сонымен бірге осы шудың ішінде мына бір мәселе де елеусіз қалып бара жатқанын айтады. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова осы жылдың желтоқсан айынан шектік мөлшерден асқан соманы банкке депозит ретінде аударуға болатынын айтқан. Міне, желтоқсан айы басталғалы бірнеше күн өтті. Бірақ шектік мөлшерден артылған соманы «Отбасы банктегі» депозитке аудару туралы айтылып жатқан жоқ. Келесі жылы шектік мөлшердің көлемі өссе, «Отбасы банктегі» депозитке артық ақшасын аударамын дегендердің ойы орындалмас арманға айналғалы тұр, – дейді Д.Төлеутайұлы.
Мамандардың келесі бір тобы қордың шектік мөлшерді өсіру туралы ақпаратты соңғы сәтке дейін құпия ұстауының өз себебі бар екенін алға тартады.
– Өздеріңізге мәлім, желтоқсан айында мейрам көп. Демек, жаңа жылға дейін санаулы жұмыс күні қалды. Осы уақыт ішінде жеткілікті шектен асатын соманы пайдаланып үлгерсеңіз, үлгердіңіз. Одан кейін бұл қаржыны пайдалану мүмкін емес. Менің өзім зейнетақы қорымдағы артық ақшаны жұмсау үшін 1 ай әурелендім, – дейді экономист Арман Байғанов.
Бұдан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қайтсе де азаматтардың артық ақшасын пайдалануға мүмкіндік бермеуді мақсат еткенін аңғару қиын емес. Президенттің өзі зейнетақы қорындағы жеткілікті шектен асқан қаржыны пайдалануды қолдағанда халықтың қыруар ақшасын иемденіп отырған қордағылардың қам-қарекеті түсініксіздеу. Сондықтан да есепшотындағы қаржы жеткілікті шектен асқандар артылған ақшаны соңғы тиынына дейін мақсатты жұмсауға белді бекем буып отыр. Ал бұл игілікке биыл болмаса келесі жылы немесе таяу болашақта қол жеткізерміз деген көпшіліктің кеудесіндегі үміттің соңғы сәулесі де сөнді...
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА
Аталған мәселеге байланысты кешқұрыш пікір білдірген «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Жанат Құрманов та жеткілікті шектің өзгеруі елдің әлеуметтік-экономикалық параметрлерінің өзгеруімен байланыстырады. Басқарма төрағасы ең төменгі жеткілікті шектің жас ерекшеліктеріне қарай 64-83 пайыз аралығындағы өсімнің қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептелгенін айтты.