Жеткілікті шек «жыры»: үміт үзгім келмейді
Жеткілікті шек «жыры»: үміт үзгім келмейді
©А.Ахметқазы
223
оқылды
Кешегі күннің ең басты жаңа­лығы келесі жылдан бас­тап зейнетақы қорынан жасқа байланысты алуға болатын қаржының жеткілікті шегінің өзгеруі болды десек, қателесе қоймаспыз. Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорының жеті түнде жеткілікті шектің мөлшерін бірден 90 пайызға өсіру туралы қабылдаған ше­шімі әр отбасындағы шағын асүйден бастап, үлкен мінбелерде қызу талқыланып жатыр. Біреулер қордың «атышулы» мәлімдемесінің Президенттің елдегі ең төменгі айлық мөлшерін көтеру туралы Жарлыққа қол қойған күні жариялануы тегін емес деген пікірде. Енді біреулер жыл аяқ­талуға айдан аз уақыт қал­ғандағы бұл жаңалықты қымбатшылықпен, теңгенің құнсыздануымен байланыстырып жатты. Қалай десек те, шек­тік мөлшерді ойламаған жерден 1,8 есеге өсіру дәл осы те­тікті баспана мәселесін шешудің бір жолы ретінде қарастырған көпшіліктің көкейіне күдік ұялатып қойды. Рас, азаматтарға зейнетақы қорындағы жиналған қаржының артығын пайдалану бастамасы әу бастан кез келген қазақстандық үшін қолжетімді болмады. Сол себептен де зейнетақы қорына мардымсыз жалақысынан болар-болмас тиын-тебен түсетіндер шектік мөлшерді шотқа салғаны күні-ақ бұл бағдарламадан кү­дерін үзген. Ал есебі дәл келіп, шектік мөлшерден асатын қар­жысы бар 700 мыңнан астам отан­дасымыз керісінше дәл осы мүмкіндікті пайдалану құқығына ие болды. Биылғы қазан айына дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры артылған ақшасына баспана мәселесін шешуге ниетті 470 мың адамның өтінішін қараған. Нәти­жесінде, қордан азаматтардың өті­нішіне сай ипотекалық алғашқы жарнаны толықтыруға 246,1 мил­лиард теңге, үйді ипотекамен алуға 262,1 миллиард теңге, ал ипотека үшін берешекті толық және жар­тылай өтеу үшін 56,3 миллиард тең­ге бөлініпті. Сонымен қатар 53 821 адам зей­нетақы қорындағы шектік мөл­шер­ден асқан қаржыны емделуге жұм­сауға өтініш білдірген. Қордан дертіне дауа іздегендердің сұраны­сын қанағаттандыру мақсатында емдеу мекемелерінің есепшотына 49,1 миллиард теңге аударылды. Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының кешегі мәлім­де­месінен кейін келер жылдан бас­тап, жоғарыда аталған игілікті пай­даланудың жолы тіптен қиын­дай түсетінін аңғару қиын емес. Осылайша негізгі мақсаты халық­тың әлеуметтік жағдайын жақсар­тып, тұрмыс сапасын түзеу болған бұл бағдарламаның да соңы сиыр­құйымшақтанып кеткелі тұр. Ха­лықаралық EXANTE инвестиция­лық ком­па­ния­сының сарапшысы Андрей Чебо­таревтың айтуынша, жеткілікті шек мөлшерін ұлғайту бас­тамасы бардың баю үстіне байытып, зей­нетақы қорына түс­кен әр тиынын тиімді пайдалануға ниеттілердің сенімін жоғалтады. – Шыны керек, соңына дейін келер жылдан бастап, жеткілікті шек мөлшерін 1,8 есеге көтеруді жай ғана қателік деп ойладық. Бірақ өкінішке қарай бәрі дұрыс болып шықты. Ең қызығы, бұл бас­тама халықтың талқысына салын­бады. Алдын ала ешқандай дерегі ай­тылмады. Қазір де жауапты ме­ке­мелер тарапынан бұл жайында нақты түсіндіру жұмыстары жүргі­зілген жоқ. Бұл Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры мен елдегі зейнетақы жүйесіндегі коммуни­кациялық саясаттың олқылығын көрсетіп берді. Сайып келгенде, бағдарлама байларды байыта түспек. 2021 жылғы жеткілікті шек мөлшеріне сай зейнетақы қорындағы артық ақшаны салымшылардың 7 пайызы ала алатын болса, енді бұл көр­сет­кіш 3 пайызға дейін кемиді. Аза­маттарда бұған дейін артық ақшасы бар салымшылардың қатарына кіруге аз да болса үміт бар еді. Енді оларда бағдарламадан үміт үзуден басқа амал жоқ, – дейді ол. Мәселен, семейлік Әсел Бапанова қазірден зейнетақы қо­рындағы артылған ақшаны ипо­текасының белгілі бір бөлігін жұмсауға әрекет жасауға кіріскен. – Жеткілікті шек мөлшері бұ­рынғы сомамен қалса зейнетақы қорындағы артылған қаржыны әзір алмаймын деп ойлағанмын. Дәл қазір менде жеткілікті шек мөл­шерінен 200 мың теңге ғана ар­тылып тұр. Шынын айтқанда, осы қаржыны көбейткім келген. Жаңа жылдан бастап жеткілікті шектің мөлшері өседі деген хабар шыққан соң амал жоқ артылған ақшаны ипотекамды төлеуге әрекет етіп жатырмын, – дейді Әсел. Соңғы жағдайдан кейін Әсел сияқты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есеп­шо­тын­дағы жеткілікті мөлшерден асатын қаржыны жұмсауға асы­ғатын­дар­дың қарасы қалыңдай түсетіні анық. Бұл жағдайда әбігерге түс­кендер әйтеуір қордан өз үлесін алып қалуға тырысатыны түсінікті. Бұқараны қаржылық сауаттылыққа шақырып жүрген белгілі блогер Дәулет Төлеутайұлы да бұл шешім­нің халықты тығырыққа тірегенін айтады. – Шекті мөлшерді өсіруге ин­фля­цияның, теңгенің құнсыз­да­нуы­ның әсері бар екенін мойындау керек. Бұл бағдарлама 2020 жылы қабылданды. Демек, содан бергі 2 жыл ішінде теңге құнсызданды. Оның үстіне ең төменгі жалақының 60 мың теңгеге дейін көтерілуінің ықпал етуін де жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, оны бірден 1,8 есеге өсіріп жіберуге болмайды ғой. Оның үстіне шектік мөлшердің өсетіні туралы 1 ай қалғанда ха­барлау дегеніңіз нағыз шектен шыққандық. Сонда Президент айтып жүрген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қайда қалды? Әрине, жеткілікті шектен асатын қаржысы барлар бұл аралықта өзіне тиісті соманы алып, көзделген мақсатқа жұмсап үлгереді. Сонда да 1 ай қалғанда халықты тығырыққа тіреуі жөн емес. 2021 жылдың соңында 2023 жылғы шекті мөлшердің артатыны туралы хабарласа түсінуге болар еді. Сонымен бірге осы шудың ішінде мына бір мәселе де елеусіз қалып бара жатқанын айтады. Жақында бұқаралық ақпарат құ­ралдарының біріне берген сұх­ба­тында «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова осы жылдың желтоқсан айынан шектік мөлшер­ден асқан соманы банкке депозит ретінде аударуға болатынын айт­қан. Міне, желтоқсан айы бастал­ғалы бірнеше күн өтті. Бірақ шектік мөлшерден артылған соманы «От­басы банктегі» депозитке аудару туралы айтылып жатқан жоқ. Ке­лесі жылы шектік мөлшердің кө­лемі өссе, «Отбасы банктегі» депо­зитке артық ақшасын аударамын дегендердің ойы орындалмас ар­манға айналғалы тұр, – дейді Д.Төлеутайұлы. Мамандардың келесі бір тобы қордың шектік мөлшерді өсіру туралы ақпаратты соңғы сәтке дейін құпия ұстауының өз себебі бар екенін алға тартады. – Өздеріңізге мәлім, желтоқсан айында мейрам көп. Демек, жаңа жылға дейін санаулы жұмыс күні қалды. Осы уақыт ішінде жеткілікті шектен асатын соманы пайдаланып үлгерсеңіз, үлгердіңіз. Одан кейін бұл қаржыны пайдалану мүмкін емес. Менің өзім зейнетақы қо­рым­дағы артық ақшаны жұмсау үшін 1 ай әурелендім, – дейді экономист Арман Байғанов. Бұдан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қайтсе де азаматтардың артық ақшасын пай­далануға мүмкіндік бермеуді мақсат еткенін аңғару қиын емес. Президенттің өзі зейнетақы қо­рын­дағы жеткілікті шектен асқан қаржыны пайдалануды қолдағанда халықтың қыруар ақшасын ием­деніп отырған қордағылардың қам-қарекеті түсініксіздеу. Сон­дықтан да есепшотындағы қаржы жеткілікті шектен асқандар артыл­ған ақшаны соңғы тиынына дейін мақсатты жұмсауға белді бекем буып отыр. Ал бұл игілікке биыл болмаса келесі жылы немесе таяу болашақта қол жеткізерміз деген көпшіліктің кеудесіндегі үміттің соңғы сәулесі де сөнді...

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА

Аталған мәселеге байланысты кешқұрыш пікір білдірген «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Жанат Құрманов та жеткілікті шектің өзгеруі елдің әлеуметтік-экономикалық параметрлерінің өзгеруімен байланыстырады. Басқарма төрағасы ең төменгі жеткілікті шектің жас ерекшеліктеріне қарай 64-83 пайыз аралығындағы өсімнің қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептелгенін айтты.

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ