Арабтар ауызсуға ауыз сала ма?
Арабтар ауызсуға ауыз сала ма?
Қазақстан «Жасыл эко­номика­ға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай оның электр энергиясын өндірудегі үлесін 50%-ға жеткізуді көздейді. Сондай-ақ халықаралық қауымдастық алдында 2060 жылы көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету міндеттемесін қабылдаған. Алда осындай перспективалы жоспарлар тұрғанда құзырлы органдар жаңартылатын энергия көздерін дамытудың орнына экономикалық тұрғыдан тиімді әрі экологиялық таза Шүлбі мен Өскемен СЭС сияқты өндірістерді арабтарға неге сатып жатқаны түсініксіз?   Қазір әлемнің жетекші елдері эко­логияға миллиондаған тонна зиянды қалдық шығаратын жылу электр стан­са­ларынан бас тартуда. Ал біздің мемлекет болса әлі күнге энергияның 70 пайызын қоршаған орта үшін аса зардапты көмірден өндіріп келеді. Сондай-ақ электр қуатының 15 пайызы су көз­дерінен алынады. Бұл әрине сонша көп емес, бірақ мұнай мен газ энергетикасымен салыстырғанда әлдеқайда қомақтырақ. Оның үстіне су энергия­сының экологияға тигізер зияны аз. Мұндай нысандарды салу және пайдалану ауызсудың химиялық және физи­ка­лық қасиеттерін өзгеріске ұшырат­пайды. Сарапшылар алдағы уақыттарда экологиялық таза энергия өндірісі дәстүрлі энергия тасымалдаушыларды қолданыстан мүлдем ығыстырып шығатынына сенімді. Елімізде су-энергетика құрылысы­ның нысандарынан басқа 200-ден ас­там шағын және орташа су электр стан­сасы салынған. Гидроресурстардың басым бөлігі – шығыс пен оңтүстік-шығыс өңірлерде. Олардың ең ірілері – Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен, Қапшағай.  Басқа кіші су электр стансалары Сырдария, Шарын,  Қаратал, Шу, Лепсі, Талғар, Қорғас, Тентек, Нұра өзен­дерінің бойында орналасқан. СЭС-тар жыл сайын 170 млрд кВт энер­гия өндіреді. Ірі СЭС-тердің барлығы энергия жүйесі құрамындағы жылу стансаларымен үйлестіріле кешенді пайдаланылады.

Стратегиялық нысанды сату қаншалықты тиімді?

Энергетика министрі Мағзұм Мыр­за­ғалиевтің айтуынша, Шығыс Қазақ­стан облысында орналасқан Шүлбі мен Өскемен СЭС-ге күрделі  жөндеу жұ­мыстары қажет. Бірақ оған көптен бері инвестор табылмаған. Ал күрделі жөндеу жұмыстарынсыз су стансалары­ның өндірістік қуаттарын толық көлемде пайдалану мүмкін болмапты. Сон­дықтан Үкімет аталған екі су электр стансасын әбу-дабилік компанияға сату туралы шешім шығарған. Әйтсе де, Шүлбі мен Өскемен СЭС шетелдіктерге басы бүтін берілмейді. Олардың мен­шіктік құқығының 75 пайызы инвесторға, қалғаны мемлекетке тиесілі болмақ. «Бұл жоба өте ұзақ талқыланды. Шүлбі стансасы жетілдіру арқылы қуа­тын тағы 500 мегаваттқа арттыра аламыз. Араб серіктестер екі су стансасын жетілдіруге құны 6 миллиард АҚШ дол­лары болатын инвестиция салуға әзірлігін растады. Бұл қаржы тек су электр стансаларына  жұмсалмайды – жаңартылған энергия көздерін табуға, оңтүстікте газ генерациясына бағыт­талады», – деді Энергетика министрі. Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы аталған екі ірі су электр стансасын жекешелендіру мамыр айына жоспарланған болатын. Алайда оларға қатысты Жол картасын жүзеге асыру мерзімі өтіп кеткендіктен, сатып алу-сату шартын жасасу мерзімі 1 желтоқсанға ысырылды. Қазір тәуелсіз консультанттар жекешелендірілетін су стансаларының құнын ха­лықаралық стандарттарға сай нақтылап жатыр, бұл жұмыстар әлі аяқталған жоқ, сондықтан олардың нарықтық бағасы туралы айтуға әлі ерте. Энергетика саласының маманы, экономист Әсет Наурызбаев Шүлбі мен Өскемен СЭС сатылғаннан кейін олардың қызметіне қойылатын талап­тар­дың қалай өзгеретіні және станция­лар­дың қандай тәсілмен табыс таба­тын­дығы түсініксіз екенін айтады. Мүм­кін шетелдік компания стратегия­лық маңызды нысандарды қолға түсіргеннен кейін су реттеу қызметі үшін шектен тыс тариф белгілеп, кірісін үстемақы арқылы молайтуға мүд­делі шығар? «Егер жаңа меншік иесі Ертіс өзеніне контрреттегіш салатын болса, онда Шүлбі ГЭС-і реттеуші қуаттың бірегей иесіне айналады. Сөйтіп, тұты­ну­шы шетелдік инвесторға тікелей тә­уелді болып қалады. Мұндай жағдай­да монополист қызмет құнын бес-он есе көтеріп жіберуі де ғажап емес. Ондай келеңсіздіктер талай рет болған. Сондықтан шетелдік компаниямен шарт жасасқанда бұл жайттар алдын ала келісілуі тиіс»,– дейді Әсет Наурызбаев.

ГЭС монополияға айналуы мүмкін

Жалпы, көпшілік мемлекеттер ст­ра­тегиялық маңыздағы нысандарды шетелдік инвестордың қарамағына өткізбек түгілі, жекенің қолына бермейді. Ал біз әңгімеге арқау етіп отыр­ған қос су стансасының қоғам үшін энергетикалық маңызы үлкен. Өткен көктемде бір топ мәжілісмен Өскемен және Шүлбі ГЭС-нің шетелдіктерге сатылуына наразылық білдірген. Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Решетников су электр стансаларын мемлекет меншігінен алынып, инвесторларға берілуі – тарифті жеке саудагердің өз бетінше белгілеуіне әкеп соқтырады деген қауіп білдірді. – Әрине, су стансаларын жекеменшікке беру мемлекет үшін тиімді. Үкімет бұл жағдайда нысандарды ұстап тұру, жөндеу және пайдалану шығын­дары үшін басын ауыртпайтын болады. Әйтсе де, өзіндік құнның нарықтағы көтерме бағаға қатынасы тұрғысынан алғанда – бұлар елдегі ең табысты электр стансалары. Олардың жұмысы мемлекеттік бюджетке ауыртпалық түсірмейді», – деді Сергей Решетников. Мысалы, 2019 жылы Өскемен ГЭС-нің кірісі – 1,8 миллиард теңге, Шүлбі ГЭС-нің кірісі 1,2 миллиард теңге бол­ған. Ал стансалардың барлық ағымдық шығындары мен күрделі жөндеулері мемлекеттің көмегінсіз, өз қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Әдетте мемлекет пен халықтың мүддесіне үлкен зиян келтіруі мүмкін немесе ел қорғанысына қауіп төндіруі ықтимал нысандар стратегиялық маңыз­ға ие. Ал олардың қаржылық жағ­­дайынан басқа, әлеуметтік, эко­логия­лық қырын да назардан тыс қал­дыр­маған жөн. Ал енді, шағын су қой­ма­ларындағы барлық гидроқұрылыс­тарды жекеменшікке берудің салдары алапат апаттарға, орны толмас өкініш­терге ұрындырып жататыны сирек емес. Мәселен, 2010 жылы көктем туа Қызылағаш ауылында осындай қай­ғылы бір оқиға болды. Онда су қоймасы жарылып, ол 45 адамның өмірін өзімен бірге ала кетті, соның 15-і балалар. Ресейде Саян-Шушенск ГЭС-і жарылуынан 70 адамның қаза тапқаны есте. Сондықтан ГЭС-ның экономика­лық субъектілер ғана емес, аса үлкен қауіп ошағы екенін де ойдан шығар­маған абзал. Ал контрреттегіш салын­ған­нан кейін Шүлбі ГЭС-і бірден на­рық­тағы маңызды ойыншыға айналады. Су электр стансалары Ертістегі гид­ро­логиялық режимді реттейтінін ұмытпау керек. Су әлеуеті тұрғысынан елдегі ең үлкен өзеннің бойынша үш станса тұр, олар энергетикада ғана емес, экономикада да маңызды рөл атқарады. Осыдан кейін мұндай құрылыстар мемлекет меншігіне қайтарылып, оларға қызмет көрсету үшін Арнайы мемлекеттік кәсіпорындар құрыла бастады еді. Енді мұндай стратегиялық нысандардың қайтадан жекешелендіріліп, шетелдіктерге беріле бастауы ой­лантады. Мүмкін, бұл сатып алулар­дың сыртында біреудің мүддесі тұр ма деген күмәннің құлағы қылтияды.