Жалпы, биыл Тараз қаласында түрлі өзгеріс болды. Әсіресе, құрылыс саласында жаңа нысандар бой көтеріп қана қоймай, «сақалды құрылыс» пен «қызыл сызық» төңірегінде талай «қызық» шығып жатыр. Құрылысы аяқталмаған ғимараттарға қатысты жергілікті билік сотқа жүгіну арқылы мәселені біршама ретке келтірсе, «қызыл сызық» үстіне салынған нысандардың саны күнде өзгеріп, сананы сан саққа жүгіртіп отыр.
Ресми мәлімет бойынша, бүгінде қалада «қызыл сызық» нормасын бұзған 52 сауда дүңгіршегі мен құрылыс нысаны анықталған. Мамандар жүргізген тексерістен кейін оның 14-нің заңды құжаты бар болып шықса, 3-і облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей тапсырмасымен қойылған. Олар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған әлеуметтік дүкендер. Тағы 2 нысан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жергілікті әкімдіктен рұқсат алып салынған. Енді қалған 32 нысан бойынша жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тұста айта кетерлігі, 17 дүңгіршек заң талаптарына сәйкес алынып тасталған. Ал алынбаған 12 дүңгіршекке ескерту хабарлама жолданған. Егер нысан иесі ескертуді ескермесе, құжаттар облыстық Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасына жолданып, іс сот арқылы қаралмақ.
Әрине, кәсіпкерлер талап пен тәртіпті сақтағаны абзал. Алайда өткен айда жергілікті билік «қызыл сызық» үстіне салынған нысандардың саны 41 деп көрсетсе, қазір олардың саны қалай 52-ге артып кеткен? Оған қоса, 17 дүңгіршек сүріліп тасталып жатқанда «қызыл сызық» үстіндегі нысандардың саны неге кемімей отыр? Санаға салмақ салған сауалмен Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне қайырылған едік, ондағылар бар мәселені әлі аяқталмаған зерделеу жұмыстарымен байланыстырды.
– Зерделеу жұмыстары әлі толығымен аяқталған жоқ. Сондықтан сандар ай сайын өзгеруі мүмкін. Қазір біз «қызыл сызық» үстіне нысан тұрғызған әрбір кәсіпкермен жіті жұмыс жүргізудеміз. Біз бір жағынан заңсыз салынған дүңгіршектерді сүріп жатсақ, екінші жағынан басқалары оны тұрғызып жатыр. Кәсіпкерлер қазір заңнан да, басқаңнан да қорықпайды. Бөлім мамандары барғанда бір кәсіпкер нысанды босатудан бас тартса, енді екіншілері «таныстарыма қоңырау шаламын» деп сес көрсетеді. Кейбір нысанның иелері құрылысқа рұқсатты ерте алып қойғанымен, оның заңсыз екені енді белгіліп болып жатыр. Ал оларға бастапқыда кім қалай рұқсат бергені беймәлім.
Дәл қазір Сейфуллин көшесіндегі «Жанель» кафесінің жазғы алаңшасы, Рысқұлов пен Рысбек батыр көшелерінің бойындағы дүңгіршектер және «Химпоселок» аялдамасы сияқты нысандардың құжаттары рәсімделмегені анықталып отыр. Оларға қатысты мәселе тек заң аясында шешілмек, – дейді бөлім мамандары.
Міне, осылайша жауапты мамандардың өздері саннан жаңылып жатқанын жасырмады. Естеріңізде болса, мамыр айында мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев «қызыл сызық» үстіне салынған нысандарға қатысты мәселені өзекті етіп көтеріп, бес айдың ішінде 55 нысан иесіне 7,9 миллион теңге айыппұл салынғанын айтқан. Алайда Айтқазы Дәулетқұлұлы басқарма кәсіпкерлік нысандарды өздігінен тексере алмайтынын алға тартып, бұл тұста аудан әкімдері бейқам отырғанын ашына жеткізген. Басқарма басшысының сөзі артынша-ақ дәлелін тауып, «қызыл сызық» үстіне ғимарат салу бойынша Байзақ ауданы көш бастап тұрғаны анықталған. Нәтижесінде, аудан әкімінің орынбасары Болат Сағымбеков Antikor алаңына шақырылып, мақсатсыз жер беру бойынша сөгіс алған. Жергілікті биліктің жаза басқан тұсын айтсақ, 2018 жылдан бастап Байзақ ауданы әкімдігі 44 433 829 теңгеге жерді аукционмен сатқан. Алайда аталған жерлердің дені мақсатты бағытта пайдаланылмаған. Мәселен, Ш. есімді азаматша аукцион арқылы алынған бірнеше жерді 1 173 800 теңгеге қайта сатып жіберген. Алайда кейіннен белгілі болғаны аталған жерлердің құны нарықтық бағадан 10 есеге дейін қымбат саудаланған. Осылайша, мемлекет меншігіндегі жерлер аукциондық жүйемен қаржы жымқыру нысанына айналған. Тағы бір сұмдығы, әкімдік аукционға шығарылып отырған жер туралы ақпаратты барынша жасыруға тырысқан. Яғни, жердің орналасқан аумағы құпия сақталып, өзге азаматтардың конкурсқа қатысуына кедергі келтірілген.
Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті билік «А» және «Н» атты шаруа қожалықтарына құжаттары дұрыс болмаса да, заңды белден басып бірнеше мәрте жер алып берген. Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің мамандары шаруа қожалықтарды біріктіру арқылы олардың ірілеріне жер бөліп беріп, одан кейін оны қайта сатып жіберу фактілерін де анықтаған. Сонымен қатар тексеріс тобы ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді де конкурссыз беріп, кейін оны бірнеше бөлікке бөліп сатып жіберген жүйені де әшкере қылған. Мұндай айлалы әдісті Бурыл ауылының Б. есімді тұрғыны қолданып, ауыл шаруашылығы мақсатында алған жерді төртке бөліп сатып, 2 миллион теңгеге дейін табысқа кенелген. Міне, осындай заңсыздықтарды тиісті деңгейде қадағаламаған Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағымбековке сөгіс түріндегі жаза берілген болатын.
Әрине, Тараз қаласында байзақтық шенділердің жымысқы жүйесі қолданылып жатыр деуден аулақпыз. Алайда «қызыл сызық» үстіндегі нысандарды сүрген сайын оның саны кемімей, керісінше еселеп өсіп жатқаны таңғалдырады. Демек, «балық басынан шіріп», жер беру жүйесі о бастан бұзылған. Жерді жауапты мамандар жылдар бойы шүленше үлестіріп, енді міне соның кері салдарын көріп отыр.
Әлбетте, қаланы жылдар бұрын басқарып кеткен басшылардан қазір жауап ала алмаспыз. Алайда қат болып қапталған бұл мәселенің түйінін қаланың қазіргі әкімі Ержан Жылқыбаевқа тарқатуға тура келеді.