Иә, қазір өз кәсібің ашып, балықтан теңге «сауғандар» баршылық. Дегенмен түрлі бағдарламалар қолға алынып осы салаға қолдау көрсетіліп жатса да, игілігі тұрмақ, ондай көмектің барын білмейтіндер де жеткілікті. Біреулер естіп, оқыған шығар, бірақ Қарағанды облысында балық шаруашылығын дамытуға қатысты 10 жылдық бағдарлама жасалғанын, оны жүзеге асыру 2021 жылы басталғанын естімеген құлақ, оқымаған көз де бар...
Браконьер қызығын көруде
Жыл басынан бері мәліметтерді қарасаңыз, балықты заңсыз аулағандар туралы ақпараттан көз сүрінеді. Яғни, балық шаруашылығының қызығын солар көруде. «Ұсталғаны бір тоғыз, ұсталмағаны тоқсан тоғыз» болса керек. Мысалы, «9 мамырда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының ПБ-нің қызметкерлері Балқаш көлі аймағында рейдтік іс-шаралар өткізді. Тәртіп сақшылары су қоймасының жағасынан 300 метр қашықтықта мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ УАЗ автокөлігін байқаған. Автокөлік жолсыз жермен жүріп, «Екатеринбург–Алматы» тасжолына өтпек болған. Полиция 30 жастағы ер адам басқарған күдікті көлікті тоқтатқанда көліктің ішінде 59 және 50 жастағы тағы екі жолаушы болған. Тексеру барысында полицейлер автокөліктің жүксалғышынан 200 келіге жуық әртүрлі балық түрлерін тапты. Келтірілген шығын мөлшері 800 мыңнан астам теңге». «11 тамызда табиғат қорғау полиция қызметкерлері және Қарағанды облысы ПД Криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері Балқаш–Алакөл өңіраралық бассейндік инспекциясының инспекторларымен бірлесіп «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Полиция қызметкерлері Тораңғалық ауылының маңындағы Балқаш көлінде жүрген қайықты ұстады. Анықталғандай, 43 жастағы Балқаш тұрғыны балық аулауға тыйым салынған жалпы ұзындығы 2 шақырым тор орнатқан». Бір-екеуін ғана алдық. Тізе берсек кете береді. Оқырманның көзін талдырып қайтеміз. Айтпағымыз мемлекеттік тәлімбақтар шабақ өсіріп көлге жібереді, «қызығын кәсіпкер көрсін» деп, ал браконьер оны нәсіп қылады. Түсініп көр?!Тоғанды тазалап, балық өсірсек
Ақпарат жерде жата ма? Шет ауданы Үңірек ауылының тұрғындары да балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы туралы естісе керек. Дегенмен «Оны қалай жасау керек, қаражат қайдан келеді, кім жауапты болады?» деген сұрақтарға жауап таба алмай, ойлаған істері сол жабулы қазан қалпында қалды. Ауыл тұрғындары: «Ауылдың маңында бес-алты тоған бар. Сарысу, Шортанды, Үңірек өзендерінде арнайы салынған. 90-жылдардан бері қараусыз қалды. Енді сол тоғандарды тазалап, оған балық жіберсек жұмыс та болар еді, ақша да табар едік. Бірақ бұл туралы еш мағлұмат ала алмай қиналып қалдық. Түсіндіру жұмыстары жоқ. Жаңа сайланған әкімнен үкім күтіп отырмыз» дейді. Бұл – бір ауылдың ғана емес су жағалаған бірнеше елді мекен тұрғындарының айтары. Ал Балқаш көлін сағалаған Тасарал ауылының тұрғындары көлге балық аулауға шыққанымен, көбіне заңды білмей тығырыққа тірелетінін айтады. – Браконьерлерді аулайды. Ол дұрыс. Бірақ олардың арасында кәсіби балықшылар да ұсталып жатады. Балық аулауға лицензиясы болғанымен, ау салуға рұқсаты немесе қайықтың құжаты болмай шығады, – дейді Хамза атты балықшы.Тиімді істі тиімді пайдалануымыз керек қой
Жоғарыда «Қарағанды облысында балық шаруашылығын дамытуға қатысты 10 жылдық бағдарлама жасалғанын, оны жүзеге асыру 2021 жылы басталғанын естімеген құлақ, оқымаған көз де бар...» дедік. Осы жоспар бойынша 2030 жылға қарай балықты қолдан өсіруді 15 мың тоннаға жеткіземіз, ол үшін облыста балық өсіретін шаруашылықтардың санын көбейту керек дейді әкімдіктегілер. Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы «2020 жылы Қарағандыдағы балық питомнигі жемнің құнын төмендету үшін 30,4 млн теңге субсидия алды. Субсидия мөлшері келесі жылы көбейтіледі. Облыста сазан, бекіре және албырт өндірісін дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар балық өсіруді мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары жоспарланған: ол үшін жабдықтар сатып алу, фермаларды кеңейту және жаңаларын салу қарастырылған. Сондай-ақ әкімдік 2020 жылы су қоймаларға құжат беру және оларды шоғырландыру басталғанын хабарлады. Бұл жұмыс жалғасатын болады. Жалпы, облыста 130 балық аулау тоғаны бар. Биыл 19,6 миллион сазан шабақтары өзен-көлдерге жіберілді. Шабақтарды өсірумен Қарағанды балық зауыты айналысады», – дейді. Ал жұмыс істеуге құлшынған ауылдықтарға мұндай жобалар таныстырылып жатқан жоқ. Ауылдағылар соған наразы. «Тиімді істі – тиімді пайдалануымыз керек қой», – дейді олар.Қарағанды облысы