– Ойбай, белім!
– Белім-ай, белім!
– Омыртқаларым опырылып, қабырғаларым қаусап түсіп қалғалы тұр ма, түге! Жүруден қалдым.
Черемушка ауылының екі қарты күншуақта отыр. Күндегі әңгімесі осы.
– Бұл не қылған жазылмайтын бел? Жас кездеріңізде белорақпен шөп орып па едіңіздер?-деп бір өткінші жолаушы қарттардан сұрай қалды.
– Е,қарттық қой,-деді сақалдысы.
– Бұл белдің ескілікті жел-құздай сыр беріп қоятыны бар. Оның несін сұрадың, жас жігіт?-деп мықыр шал көзіне күн салып оқырая қарады.
– Күнде осы жерден әрі-бері өтемін. Еститінім бір сөз. Белден басқа айтарларыңыз жоқ. Содан сұрағаным ғой.
– Сірә, қалаға жиі қатынайсың-ау. Жап-жас жігіт көрінесің, білікті дәрігер болса айтсаңшы, мына екі шалдың белін жазып берсін. Қарашы, белінен айырылған бесті айғырдай екеуі де бүгіліп қалды. Бір көмегің болсын, білікті емші, мейлі тәуіп болса да жарай береді. Соларыңа айтшы, мына екі қартты жаратып, үйірлеріне қайта қосайық,-деді Зоя Дмитриева күліп.
– Тіліңе шешек шықсың. Ех, Зоя! Бүйтпесең Зоя болармысың?- деп екі қарт қосарлана күлді.
– Жарайды, әжей! Сіз өтінсеңіз, бел емдейтін білікті емші іздестіріп көрейін,- деп әлгі жігіт көне кетті.
– Ой, өркенін өссін! Сөйтші!
– Құдай тілеуімізді берер ме екен?
– Иә, Ақсу қаласының әкімінен, шенеуніктерінен қайран жоқ, Жаратқаннан жәрдем болмаса,- деп Виктор атай әскерге кеткен ұлын күткен адамдай алысқа ұзақ қарады. Жанары жасаурады.
Осы әңгімеден соң жас жігіт үшті-күйлі жоғалып кетті. Черемушка ауылының ақсақалдары, қарасақалдары оны ұзақ күтті.
Бір күні күншуақтап әңгіме қыздырып отырған қарттар жанай өтіп бара жатқан таныс жігітті байқап қалды.
– Оу, жігітім! Бізден неге қашқақтап жүрсің?
– Уәдең қайда?
– Әлде омыртқа мен бел емдейтін дәрігер таппай жүрсің бе?
Қарттар жан-жақтан ұлардай шулап қоя берді. Олардың тыншығанын күтіп тұрған жігіт шешесі ұл тапқандай ыржалақтап күліп тұр.
– Ей, сойған түлкідей неменеңе ыржалақтап тұрсың?
– Өңшең өлмелі қартты алдап кеттім деп мәзбісің?
– Өзіңнің әке-шешең бар ма, түге?-деп бір мықыр шал тұздай көзін қадап тықыртып барады.
Жігіт жалтара алмады. Бұлардан сытылып кету де оңай емес-ті. Жігіт желкесін қасыды. Желке жұлқынып, жүйкеге жүгінді. Жүйке миды оятты.
– Таптым! Таптым! Таптым!
Жігіт жерден жеті қоян тапқандай қолын шапалақтап, секектеп тұрып алды.
– Ал, айт ендеше. Белдің емі бар ма екен?
– Бар екен!
– Япырай!
– Иә, сәт!
Шарбаққа сүйеніп тұрған Владимир қолындағы таяғын лақтырып жіберді.
– Он жыл болған мына серігімнен құтылатын болдым-ау,- деп жерге отыра кетті.
Жігіт мінбер іздегендей айналасына қарады. Анандай жерде төңкеріліп босаған бөшке жатыр екен. Соған шығып алды. Сосын дауысын кенеп:
– Тынышталыңыздар!-деп екі қолын ауызына апарып керней етіп айқай салды.
Қаусаған қыңыр, мықыр шал-шауқан, кемпір-сампыр жым болды.
– Сүйінші, жамағат! Бел, омыртқа ауруларының заманауи жетілдірілген оңай әдісі табылды!
– Ура!-деп қалды бір қарт.
– Әй, фашистерді қуып келемісің? Тоқта. Естіртпедің ғой, түге!- деп оны жанындағы шал таяғымен нұқып қалды.
– Иә, сонымен, айта бер, шырағым!
– Айтсам, Черемушка шағын ауданынан қаладағы ауруханаға бару үшін теміржолды басып өтіп жүрсіздер ғой. Солай емес пе?
– Енді өткел болмаған соң, басып өтпегенде ұшып өтеміз бе?-деді Татьяна тәтей.
– Ұшпаңыз,-деді сүйінші хабар әкелген жігіт,- қаз-қатар тұрған пойыздар бар емес пе, солардың арасынан тоңқаңдап екі-үш мәрте әрі-бері өтсеңіздер, бұл дегеніңіз таптырмайтын жаттығу көрінеді. Осылай жаттыға берсеңіздер хирургтердің айтуынша, екі-үш айда сырқаттарыңыздан құлан-таза сауығасыздар.
– Әй, мынауың не деп оттап тұр?
– Бізді мазақ еткісі келе ме?
– Ұстап берші, сазайын тартқызайын!
Олар улап-шулап тұрғанда жігіт жоқ болып кетті. Бірақ, оның айтқанында ақиқи ақиқат бар еді. Жаттығу-бар аурудың таптырмас бірден-бір емі! Жиналып алып әңгіме қоздатқанша Ақсу қаласы мен Черемушка шағын ауданының ортасындағы теміржол бойына тоқтаған пойыз астынан әрі-бері өтіп жаттықса ғой, белдің ескілікті жел-құзы сыпырылып түспей ме?
Павлодар облысы Ақсу қаласы мен осы қалаға қарасты Черемушка шағын ауданы арасына 2001 жылы теміржол салынған еді. Черемушкадағы шерменділер қалаға қатынамай тұра алар ма, бергі бетте мектеп, аурухана, дүкен, балалар бақшасы, басқа да толып жатқан мекеме бар. Бірақ осы теміржолды саларда арғы беттегілердің мүддесі ескерілмей қалды. «Ұшып өтесіңдер ме әлден жерді тесіп өтесіңдер ме, өздерін біліңдер» деген басшылар өткел не көпір салуды қаперлеріне де алмады. Содан бері табаны күректей жиырма жыл сырғып өте шығыпты. Қалаға баратын жасы да, жасамысы да пойыз астынан жер бауырлап тоңқаңдап өтіп, күндерін үреймен өткізіп келеді.
Қырсық қырық ағайынды. Черемушкалықтар бұл азаппен бірге теміржолды кесіп өткені үшін айыппұл төлеп жүр. Заң бойынша азаматтар платформалар, перрондар, вокзалдарда ғана тұра алады. Бұл маңайларға өткел не көпір болмаған соң жүргіншілер теміржолдың кез-келген жерінен пойыздың астымен қиып өте береді. Оларды көрген тәртіп сақшылары әуелі ескерту жасайды, қайталанса 5 АЕК бойынша айыппұлға тартады.
Ақсу қаласының әкімдігі екі ортаға қоғамдық көлік жүргізуді де қолай көріп отырған жоқ. Өйткені, шағын аудандағы тұрғындар оншалықты көп емес көрінеді. «Черемушкада тұратын адам көп емес. Автобус ұйымдастыруға болар-ақ еді, әттең шығынды өтемейді ғой» деп күйзеледі қалалық мәслихат хатшымы Мәдениет Омарғалиев.
Шенеуніктер шығынға келгенде шырылдайды. Ал, адам тағдырына неге шырылдамайды?
Олар тиын санап осылай отыра берсе әлі талай адам бел ауруынан айығары анық. Әне, көрдіңіз бе, бір жағынан тиімді, екінші жағынан тиімсіз.
Парадокс!
Сонымен ақсулықтар ойда-жоқта медицина тарихында бұрын-соңды ашылмаған жаңалық ашты! Белдің емі—қатар тұрған екі-үш пойыздың астынан тоңқаңдап өту екен.
Әй, бірақ, осы тоңқаңдап өту ойынынан күндердің күнінде шенеуніктердің бірі креслосынан айырылып қалмаса...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Павлодар облысы.