Дамир мен Тамара бірін бірі сүйген болды, махаббаттың отына күйген болды, ақырында шаңырақ көтеріп тынды. Тап осы жерден махаббат хикаясын қысқартып, нүкте қоя салуға да болады. Бірақ, сіз олар үйленген соң қалай ғұмыр кешті, балалы-шағалы бола алды ма, тату-тәтті жарасымды өмір сүрді ме, екеуі бақытты ма еді? Деп сұрағалы отырсыз. Мәселе-осында!
Бақыт дегеніңіздің өзі түптеп келгенде көзсіз көбелек сияқты, қалбалақтап ұшып таздың басына да, шалдың басына да, қотырдың басына да, соқырдың басына да қона салады. Қотырда да қытық бар. Ол үстіне қонған нәрсені сезеді. Ал, көңілі соқырлар бақыттың қайдан ұшып шығып, қайда қонатынын білмейді. Сөйтіп, басына қонған бақыт құсын ұшырып алады.
Талдырмаш келген Тамара қандай еді? Тау гүлінен жиналған балдай еді. Уақытында оның соңынан талай бозбала, жігіт-желең жүгірді. Біреуі гүлін ұсынды, екіншісі пұлын ұсынды. Ол жүрегін ұсынған Дамирдің қолынан ұстады.
Шаңырақ шаттық күлкісіне шомылды. Өмірге сәбилер келді. Ауған соғысының ардагері Дамир Есімханов кәсіпкерлікке бет бұрып, табысы еселене түсті. Ол екі қабатты зәулім үйін сатып, теңгесін сейфке салып қойған еді. Осы үйде отырып, жаңасын салған. Бұл үйі тым ерекше болып шықты. Бос тұрғанша қаржы болсын деп бұрыңғы үйін сатып жіберген.
Тамараның таса-тасада тыққыштап жүретін тығылмашақ ойыны тәрізді құпиясы тым тереңде бір сыры бар еді. Сол құпия ойынының әсері ме, кім білсін, сейфтегі теңге күннен күнге азайып бара жатты.
– Тамара!-деді бір күні жұмысынан оралған Дамир,-осы сейфке ұры түсіп жүр.
– Қойныңдағы қатыныңнан күдіктеніп тұрсың ба? Маған не демексің?-деп шаптықты Тамара.
– Үйде үнемі сен ғана қаласың. Сонда сейфке сайтан кіріп кетпейтін шығар?
– Сайтаныңда да, байталыңда да шаруам шамалы. Миымды қатырма. Қайда жұмсап, қайда құртып жүргеніңді мен қайдан білейін? Бүйте берсең, алысқа бармайсың,-деді Тамара долданып.
– Дамир әуелгіде бұл сөзге мән бермеген екен. «Алысқа бармайсың» дегенінің астарында алты құлаш айдаһардай ажал күтіп жатқанын ол кезде Дамир сезді ғой деймісіз.
– Дамирдің үйінде әйелінің жиені Ербол Өмірзақов жүруші еді. Жездесі мен әпкесінің әлденеге келісе алмай жүргенін ол да сезетін. Тамара бірде жиен інісіне мұңын шақты.
– Мына жездең құтырынып барады. Тегі, оның көзін жоймай екеуімізге де тыныштық жоқ. Сондықтан Дамирді дымың шығармай о дүниеге аттандыратын бір адам тап. Жеті мың АҚШ долларын санап беремін,-деді ол Ерболға.
– Ербол да есіріктің ерітіндісі, ертеңін ойламайтын елірме, ерме еді. Ол түрме тәрелкесінен талай дәм татып, қылмыс әлемімен байланысы бар Жеңіс Тілеубергеновті оңай тапты. Түрменің тілімен сөйлеп қалған тарлан емес пе, көсілді.
– Мынадай қорлыққа қалай төзіп жүрсіндер? Оны маған көрсетіңдерші, кеңірдегін жұлып алып, машинама бензин құятын шланга жасап алайын,- деді көзі шатынап.
– Ол мынау ғой,-деп Ербол жаналғыштың қолына жездесінің фотосын ұстата қойды.
– Ауған соғысына қатысқан, шайқастан қайтпас қара нардың нағыз өзі дейсің бе? Мұндайлардың талайының әуселесін көргенбіз,-деді Тілеубергенов тепсініп.
– Бұл 2012 жылғы 15 сәуір күні еді. Ал, 17 сәуір күні жаналғыш Жеңіс қанжарын қойнына жасырып, Дамирдың жұмыстан қайтарда жүретін жолын торуылдап жүрді. Дамир жұмысынан кештетіп шыққан еді. Мұның өзі Жеңіске қолайлы болды. «Күншығыс» шағын ауданы «Атлант» сауда үйінің маңында онсыз да адамдар ығы-жығы көп жүреді. Сауда үйінің артында шамы жоқ қараңғы қуыс бар. Дамир асығыста сол қуыспен төтелеп өте беретін. Осыны білетін Жеңіс көрдей қараңғы қуыста жасырынып тұрды. Ұзақ күттірген «нысанасы» да бой көрсетті-ау ақыры. Жауыз кәсіпкердің жүрек тұсынан қанжарын үш-төрт мәрте ұрды. Дамирдің мына жарақаттан тірі қалуы мүмкін емес еді..
– Қараңғыдан қалбалақтап шыға келген ол жол-жөнекей кезіккен бір таксиге отыра салды да қылмыс орын алған жерден ұзай берді.
– Арада үш ай өткенде Тамара Дариева жиен інісі Ербол Өмірзақов арқылы тапсырысты орындаған қылмыскерге 7000 АҚШ долларын беріп жіберді. Долы доллардың күші қояды ма, қылмыс десе бір иығын беріп тұратын Жеңіс Тілеубергенов сырдың суы сирағынан келмей есіріп жүрген күндерінің бірінде қылмыс жасап, сағынған түрмесіне қайта барды.
Арада сегіз жыл өтсе де Ерболдың есінен жазықсыз о дүниеге аттанған жездесі кетпей қойды. Шыдамы таусылған ол түрмедегі танысы Жеңіске телефон шалып, ішіндегі бар қоясы мен мұң-зарын ақтарды.
«Үй сыртында адам бар». Осы телефон арқылы айтылған сыр жаңғырып, полиция қызметкерлерінің құлағына шалынды. Күйеуін өлтіруге тапсырыс берген Тамара Дариева қолына кісен салынғанда «мен кінәлі емеспін» деп ақтала алмады. Мойнына жүктелген қанның құр жібермесін сегіз жыл бойы ойлап келген де шығар-ау, қарсыласпай алға түсті.
Бүгінде екінің бірі «қоғам қатыгезденіп барады» дегенді шімірікпей айтады. Кім білсін, болса болар. Осы сөзді айналдырып «қатын қытыкезденіп барады» десек, талай тотылар бетімізді тырнайды. Жә, өзімен кетсін! Біз әйел теңдігі, әйел құқығы ,олардың дәрменсіздігі дегенді көп айтамыз. Бір психолог әйел «некелі еркектер сияқты әйелдер де екі күйеуге тиюге құқылы болсын» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Еркек пен еркек, әйел мен әйел үйленіп, «теңдігімізді беріңіздер» деп тепсініп жүр. Дүние не болып барады? Күйеуін өлтірмек түгілі бетіне қарауға қорқатын нәзік жыныстыларымыз қайда? Көрінген келімсектің жетегінде кеткен қаракөздеріміздің тағы жерге қаратып отырғаны жасырын емес. Бұл мемлекет болып қолға алар күрделі мәселе емес деп кім айта алады?
«Қызға қырық үйден тыйым қоятын» қазақ кішкене шыдай тұрса қызықтың көкесі алда ма деп қорқамыз.
Тамара тойына бастағанда табаны қышып, әлдебір өнер шығарған еді деген сөз Шымкентте әлі де желдей есіп тұр. Күйеуінің табысын кімге тасығанын өзі біледі, жасаған жауыздығы сегіз жыл бойы ішіне қалай сыйып келді екен? Ербол сегіз жыл шыдап, ақыры ішіндегі іріңді ақтарып алған еді. Сол сияқты Тамарадай түлкі бикештің тағылығы мен «тамашасын» тысқа шығарса қызықтың көкесі сонда болмақ. Күте тұрайық.