Қаламдастар қалжыңы
Қаламдастар қалжыңы
938
оқылды

Төлеген Тоқбергенов туралы

Төлеген Тоқбергенов айтқа­нынан қайтпайтын, өзінікі дұрыс емес екенін біліп тұрса да пікірін өзгертпейтін, даудан да, даулыдан да беті қайтпайтын, пікір талас­тыру кезінде аргументтері азайып, позициясы әлсіреп бара жатқанын сезе бастаса, қорғаныс пен ша­буыл­да сирек пайдалантын қо­сымша күш – боғауыз сөз бен стол тоқпақтауға жүгінуден де бас тарт­пайтын. Оның осы мінезін жақсы білетін біз, бір күні, түнгі сағат екілер шамасында оған теле­фон соғып, ызасын келтіріп, боқ­та­ғанын есітейік деп шештік. Шах­мат ойнаудан жалыққан бізге оның жынына тиіп, боқтағанын естіп күлу керек болды. – Сен баста, - деді Асекең ұзын шнуры бар қызыл телефонды ме­нің алдыма қойып. «Бісміллә» деп Төкеңнің үйі­нің телефон номерін тере баста­дым. Ұзақ қоңыраудан кейін Бә­тима жеңгеміз трубканы көтерді-ау (Бәтима Батырбекова қазақтың аты белгілі ақындарының бірі) – Сәлеметсіз бе Бәтеке. – Дулат, бұл сен бе? – Иә. Мен. – Не боп қалды? – Бізге Төкең керек еді. – Ол ұйқтап жатыр ғой. – Оятыңызшы. Шұғыл шаруа­мыз бар еді. – Ертең жұмыста жалғас­тырасың­дар ғой. – Ойбай, Бәтеке, бізге тура қазір керек. – Жарайды, оятып көрейін... Әлден соң трубканы Төкең алып «Да» деді қарлығыңқы дауыс­пен. – Төке, ассалаумалейкум! – Әликуссалам. – Қалай, денсаулығыңыз жақ­сы ма? – Жақсы... – Біз соны білейік деп едік. Ертесін бәріміз жұмыста кез­дестік. Біз де үнсіз, Төкең де үнсіз. Кешегі беймезгіл телефон соқ­қанымыз туралы бір ауыз сөз де айтқан жоқ. Арада баршама уақыт өтіп, әнеукүнгі телефон соққанымыз ұмытыла бастағанда тағы да теле­фон шалдық. Сол мезгіл, сол си­туация, сол диалог. – Да! – деді Төкең сырп-сырп басып келіп. Бұл жолы даусы қат­қылдау шықты. – Төке, бұл мен ғой. – Мен болсаң қайтейін! Не айт­пақсың? – Жәй, Асекең екеуміз сіздің денсаулығыңызды білейік деп. – Білгілерің келсе – сол, бәрі жақсы. – Сіз келесі аптада осында боласыз ба? – Болам! – Біз соны білейік деп едік. Трубканы қойған соң Асқар мырс етіп күліп алды да: «Странно. Бұ кісі бұл жолы да боқтамады ғой» деп шахмат фигураларын тақтаға қоя бастады. Арада тағы біршама уақыт өтіп, бәрі ұмыт болды-ау дегенде Асекеңнің үйінде отырып Төкеңе тағы телефон соқпақ болдық. – Енді телефонды сіз соғыңыз, - дедім Асекңе. – Мен соқсам Бәтима жеңгей Төкеңді шақырмай қоюы мүмкін. Асекең телефон дискісін бұрай бастады. Түн іші. Маңай тым-тырыс. Телефонның ар жағында тұрған адамның дауысы анық естіледі. Бес-алты қоңыраудан соң Бәтима жеңгей трубканы көтерді. – Слушай, Бәт! – деді Асекең аса салмақты қоңыр даусымен. – Бұл Асқар ғой. Белинскиің ояу ма, әлде ұйықтап жатыр ма? Түнгі сағат екіде неғылған ұйқы. Тауық боп кеткен бе? Оятыңыз. Өті тығыз шаруа боп қалды. – Қазір оятып көрейін... Сәлден соң трубкадан Тө­кеңның «Да-а!» деген ашулы да зілді даусы естілді. – Төке, Ассалаумалейкум! – деді Асекең жарқын дауыспен. – Әй, есек, пәленшемді... «жеме», - деген бұйрық райлы етістікті қосты да, трубкасын қоя салды. – Ақыры айтқыздық-ау, - деп Асекең күлкіге көмілді де қалды. Жұмыста отырмыз. Оразбек Сәр­сенбаев, Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Жүсіп Қы­дыров, Қалмұхан Исабаев бәріміз бір кабинеттеміз. Бір кезде Төкең келді сұр­ла­нып. Бізді көрмегендей жанымыз­дан түнеріп өте шықты. Төрдегі орнына отырды да, қағаздарын қарай бастады. біраз үнсіздіктен соң Асекең сөз бастады. – Төке, – деді аса байсалды абыз адамның мақамымен. – Сіз үлкен кісісіз, үлкен сыншысыз, әрі мұсылман жолын ұстаған адамсыз. Бірақ, «Ассалау­малейкум» деп амандасқанда «Пәленшемді...» деп айтқан қай мұсылманды көріп едіңіз, - дей бергенде Төкеңнің жүзі бұ­рынғысынан бетер сұрланып: – Әй, екі есек! – деді қар­лығыңқы даусы жарықшақтанып. – Осының бәріне өздерің мәз боп жүрсіңдер ме? Мұсылмандық ту­ралы айтады ғой әлдеріне қарамай. Таза адамды мұсылсандық жолдан тайдыратындар сен екеуің сияқ­тылар. Тозақ отына күпір болған адамдар емес, күпірлікке мәж­бүрлеген адамдар күйеді. Мен емес, сен екеуің күйесіңдер. – Біз күйіп, кешегі саптаған «Пәленшеңіз» екеуіңіз аман қал­саңыздар бопты, – деді де Асекең орнынан тұрып, есікке беттеді. Шығып бара жатып Төкеңе бұрылды да: – Тозаққа күймей аман қала­тын болғаныңызды атап өтем десеңіз мен «Қаламгерде» болам. Сол жерге «Алғара көк» те келем деген, –  деді де шығып кетті.

Бексұлтан Нұржекеев туралы

Бексұлтан Нұржекеев әйелі Айзаш ауруханаға түсіп қалған екен. Ауруханаға балалары барып, Бексұлтанның қолы тимей жүр екен. Бір күні әпкелерімен бірге анасы жатқан палатаға кірген алты жасар ұлы Бейбіттен Айзаш: – Қалай, папаларың үйге ерте­рек келіп жүр ме? – деп сұрапты. Сонда «р»-ға әлі тілі келе қоймаған Бейбіт: – Иә, елте келіп жүл, - депті. – Бүгін қай кезде келді? – Бүгін таңертең сағат тоғызда келді.   *** Бексұлтан мен Айзаш балық боп аквариумда өмір сүріп жатыр екен. Айзаштың сұрағы: – Сен түнімен қайда болдың?   *** Концерт көріп отырмыз. Сәлден соң Конференсье шығып: – Енді суырып-салма екі ақынның айтысын тамаша­лаңыздар, - деді. Ақындардың айтысы басталып кетті. Жүйрік ақындар дегені­міздің тапқырлықтары, өлең ұйқастар мен буын сандары кейде артық, кейде кем түсіп кібіртіктей берді. Әсіресе біреуі домбырасын ұзақ қағып, ой мен ұйқасын біріктіре алмай мүдіре бастады. Бұлардың ақындық өнеріне риза болмай селқос отырған Бексұлтан: – Бұлар қандай ақындар? – деп сұрады. – Жаңа естіген жоқсың ба? «Суырып-салма ақындар» деп хабарлады ғой Конференсье, - деді Төленнің әйелі Күлән. – Суырып-салма... мына бір үкілі бөрік кигені суыруын жақсы суырады екен, бірақ сала алмайды екен, – деді Юекс нақты пікір айтып.   *** 1980 жылдардағы қағаз тап­шылығы газет-журналдар мен бас­палардың жұмысын мүлде тоқтатып тастады. Жоғарғы жақ­тағы басшылар: «Қағазды өздерің іздеп, өздерің табыңдар» деп бұйырғандай болды. Бәріміз қағаз іздеп, жердің жеті бұрышын шарлап кеттік. «Жалын» баспасының деректері Бексұлтан Нұржекеев қағаз іздеп жарты әлемді шарлап кетті. Жақын маңнан қағаз таба алмаған соң ол Роттердамға барыпты, одан әрі Амстердамға соғып, атақты «Амстел» компаниясының бас­шы­ларымен жолығып, «біз қағаз мәселесімен айналыспаймыз» деген жауап алып, енді қайда барарын білмей басы қатып тұрғанда Саха елінен шақырту алып, сонда тартып кетіпті. Бірақ олар Бексұлтанды қағаз мәселе­сімен емес, «Қотығы-Сұлус»  журналында жарық жарияланған «Кәріс қызы» деген  әңгімесімен құттықтап, құрметті қонақ ретінде шақырған екен. Қазақ жазу­шысына ерекше сый-сияпат көрсетіп, мол қаламақы да қойған екен. Саха баспагерлерімен емен-жарқын жүздесіп, ресторандарға барып, «Ури Аихал!» деп тосттар көтерілген соң көңілі тасыған Бекең қызды-қыздымен Амга өзеніне шомылып, қайтап жолда Сыктывкарға соғып, сол жерден қағаз алатын боп келісіп Алматыға оралыпты. Алыс жолдан келіпті дегенін есітіп үйіне барсам, ол шекесін таңып, көрпеге оранып отыр екен. – Амга өзенінің суы тастай суық екен. Содан суық тигізіп алдым ғой деймін, - деді ол мұрнын тартып. – Дәрі ішіп жатырсың ба? – Иә, «Амнезин», «Амбровене» деген дәрілердің әр қайсысынан он амлуа алдырып, соларды ішіп жатырмын. – Маршрутың да, дәрігерлерің де бір-біріне сай екен. Ем болсын!   *** Теледидардан «әлем аруы» атты конкурстың соңғы сайысын тамашалап отырмыз. Бірнеше айға созылған іріктеу жарысынан өтіп, енді «Мисс мира» атану үшін он шақты әлем сұлулары тізіліп тұр. Аузымыздың суы құрып, әр аруға тесіле қарап отырмыз. Сарыла күткен сәт те жетті-ау! «Әлем аруы» деген бас жүл­денің алтын жалатқан әсем ко­рона­ны Тайланд аруы иемденді. Әрі қарай 1-орын, 2-орын, 3-орындардың иегерлері де шат күлкілерімен конкурсты  тамаша­лап отырған еркек атаулының қай-қайдағы сезімдері мен құш­тарлығын оятып, қол жетпейтін арманға айналып барады. – Шіркін-ай, гран-при алған қызбен бір ай Тайландтың ку­рортында демалар ма еді!  – деп армандады Төлен. – Маған гран-приге ие болған қыздан гөрі бірінші орын алған ұнайдыү сол қызды алып, адам білмейтін аралға кетіп қалар  ма едм, – деп мен арманымды айт­тым. – Сен екеуің алғашқы екі орын­ға ие болған қыздарды ар­мандай беріңдер. Маған ең соңғы орында қалған қыз да жарай береді, – деді Бексұлтан. – Өйт­кені, конкурсқа қатысқан қыз­дардың бәрі бір-бір елдің сұлулары ғой.

Қалихан Ысқақов туралы

Ертеректе... Әңгіменің бәрін дерлік «ертеректе» деп бастауыма тура келеді, өйткені жастық ша­ғымыз өткен ғасырда қалып қой­ды ғой. 80 жылдардың орта шенінде Өнер академиясының студенттері менің бір пьесам бойынша спек­такль қоюға кіріскелі жатыр екен. Қазір пьесаны оқу, талдау кезеңі. Ал спектакльді жазғы каникулдан кейін қоймақ. Жазғы каникул  өтіп, сту­денттер қайтып келген кез. Бір күні сол спектакльде басты рольдерде ойнайтын екі қыз менің жұмыс орныма келіп, ауылдары­нан алып келген дәм-тұздарынан ауыз тигізу үшін қонаққа шақы­рып кетті. Егер жалғызсыраймын десеңіз, қасыңызға жөні түзу, тәртіптілеу бір досыңызды ертіп келерсіз деп те айтып қалды. Ойланып-ойланып кеп, сол кезде жиі араласып жүретін Қалекеңе, аға досым Қалихан Ысқақовқа қыздардың екеумізді қонаққа шақырып жатқанын айттым. Ол бірден келісті. Келіскен уақытта қыздар жал­дап тұрып жатқан пәтердің қо­ңырауын бастық. Өнер академия­сының актерлік факультетінде оқитын студенттер, әрине, драматург Қалекеңді сырттай жақсы білетіндіктерін айтып, келгеніне қуанышты екендіктерін айтып жатты. Амандық-саулық сұрасып бол­ған соң  Қалекең екеуміз стол­ға кеп отырдық. Екі қыз болса асып-сасып, дастархан мәзірін түгелдеп жүгіріп жүр. Сәлден соң стол басына түгел жиналдық. – Кешіріңіздер... сәл кешігіп қалдық, – деді қыздардың бірі біздің біраз күтіп қалғанымыздан қысылып. – Ештеңе жоқ, қара қыз, - деді Қалекең. Ол қыздардың бәріне «қара қыз» деп сөйлейтін. – Ал, Қалеке, дастарханды бастап беріңіз, - дедім бәрі дайын болған соң төрде отырған Қале­кеңе. Қалихан көп күттірмей сөзін бастап кетті. – Осында кеп көт басып отырғанымызға жиырма минуттай болды, - деп бастады ол сөзін. – Содан бері сендердің ағаларыңды сыйлап, асып-сасып жүргендеріңе разы боп отырмын. Арқын-жарқын күліп отырған қыздар Қалиханның мына сөзінен кейін күлкілерін саппа тиып, жым-жырт болды да қалды. – Мына жаңғыз (мені жаңғыз деп атайды) шақырған соң келіп едім, келгеніме қуанып отырмын. Өздерің қай елсіңдер? – Найманбыз. – Мен де Найманмын, аға­ларың боламын. Найманның қайсысыңдар? Екі қыз бірден жауап бере ал­май кібіртіктеп қалды. – Айта алмай жатқандарыңа қарағанда Көтібақ болдыңдар ғой, солай ма? – Иә, ағай, - деді қыздар ұялғаннан төмен қарап. Шай ішілді. Ауылдан алып келген әртүрлі тағамдарды біраз бажарып тастадық. Қалекең екеу­міз екі-үш рюмкадан коньяк ұрт­тап та алдық. Қалекең Мәкеуде оқып жүрген кезінен ұзақ бір әңгімені бастап алып, енді оның аяғына шыға алмай малтығып жатқанда, екі қыздың біреуі аузын алақанымен көлегейлеп есінеп алғаны. Осыны байқап қалған Қалекең айтып отырған әңгімесін тастай салып: «Неғып есінеп отсың? Ұйқың кеп отыр ма?» дегені. – Ой, ағай, кешіріңіз, мен байқамай, – деп ақтала бастады. – Ауылда жүргенде ұйқым бір қанбай-аө қойды. – Неге? – Біздің үйде оншақты тауық бар. соның екеуі әтеш. Таң атпай екеуі екі жақтан айғайлап ұйқы бермейді. – Ә-ә, оларды айқайлатпауға болады, - деді Қалекең іс білетін адамның сенімді даусымен. – Ол қалай? – деп қыздар Қалекеңе таңырқай қарады. – Оның пәлендей қиындығы жоқ. Алдымен қоразды ұстап аласың. Сонан соң басын теріс қаратып қолтығыңа қысып тұра­сың да, солидолдан екі саусағыңа іліп алып, қораздың көтеніне пісіп-пісіп жібересің. Қоразды қоя берген кезде ол анадай жерге барып, қо-қо-қо деп айғайламақ болғанда арт жағы парс ете қалады да, өзінен өзі қорқып ауланы айнала қаша береді. Қорқынышы басылып тағы айғайламақ бол­ғанда арт жағытағы пар ете түседі. Міне, сөйтіп қоразды айғайлат­пауға болады, – деді де Қалекең жайбарақат суып қалған шайын сораптап ұрттай бастады. Екі қыз күле де алмай, сөйлей де алмай жым-жырт отырды да қалды. Біз кеткенше олар өздеріне өздері келе алмай, бетімізге тура қарай алмай, Қалекеңе кесе ұсынғанда қолдары дірілдеп, әбден дегбірлері қашты. Жарты сағаттай отырған соң: – Ал, Қалеке, біраз уақыт боп қалды, қайтайық, - дедім. – Қайтсақ қайтайық, - деп ол да орнынан тұрды. – Ал, қара қыздар, көрсеткен сый-құрмет­теріңе рахмет. Коньяк ішпейді екенсіңдер, ана шампаннан бір-бір бокал сіміріп алсаңдар тоң­қайып-тоңқайып ұйқтап қалу­ларыңа жақсы болады. Ауыл­дағыдай айғайлайтын қораз жоқ, алаңсыз үйқтай беріңдер! Ал, сау болыңдар! Екеуі еріндерін ғана жыбыр­латып, көздерін жоғары көтер­меген бойы бізбен үнсіз қоштасты. Біз кеткен соң күлген шығар-ау!

Дулат ИСАБЕКОВ