"Қазақ-қырғыз – Алаштан" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
"Қазақ-қырғыз – Алаштан" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
352
оқылды

Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

“Достық” үйінде өткен ауқымды шара түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз бауырластығын бекемдеуге өлшеусіз үлес қосқан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын қорытындылауға, сонымен бірге, қырғыз халқының көрнекті перзенттері Жүсіп Абдрахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Тағылымды шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев,  Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі,  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты  Каныбек Иманалиев, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы  Мәмбет Қойгелдиев, белгілі қырғыз тарихшысы Зайнидин Курманов, сондай-ақ бір туған екі елдің зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.  width=Конференция аясында Жүсіп Абдрахмановтың қызметіне және Қырғыз Республикасының құрылуына қатысты архив материалдары мен тарихи фотосуреттерден арнайы көрме ұйымдастырылып, Қасым Тыныстанов өлеңдерінің түрік тіліне аударылған академиялық жинағы таныстырылды. Конференцияны Халықаралық Түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Алқалы жиын барысында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қырғызстандық әріптесіне Қазақстанға арнайы сапары үшін ризашылығын білдіріп, қазақ пен қырғызға ортақ тұлғаларды ұлықтауға арналған салтанатты жиын екі елдің рухани байланысын биік белеске көтеретін игі бастама екенін атап өтті. Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов қонақжай қабылдауға алғыс айтып, тағылымды шараның бауырлас халықтардың бекем достығының айқын көрінісі екенін жеткізді.  width=Мәртебелі меймандардың құттықтау сөздерінен кейін танымал тарихшы ғалымдары баяндамалар оқып, Ж. Абрахманов пен Қ. Тыныстанов және  ХХ ғасыр басындағы қазақ-қырғыз зиялылары туралы ғылыми жаңалықтармен бөлісті. Конференциядан қатысушылар Жамбыл жылына орай Абай атындағы опера және балет театрында қойылған «Жамбыл жырау» операсын тамашалуға қатысты. Мұнымен қатар, конференция аясында Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған бірқатар елеулі еңбектердің тұсаукесер рәсімі өтті. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалым Зайнидин Курмановтың «Кыргызский филиал партии «Алаш»: создание, деятельность, судьба» аты кітабы алаштану саласында жаңалығы мол еңбек саналады. Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған іргелі еңбекте автор тарихи құжаттар арқылы Алаш партиясының Қырғызстандағы қызметін жан-жақты зерделеп, оған басшылық жасаған тұлғалардың төңкерістен кейінгі тағдыры туралы баяндайды. Монографияға алаш қайраткерлерінің мұратқа жету жолындағы табанды күресі арқау болған.  width=Сонымен қатар, қырғыз-алаш қайраткері, ағартушы ғалым, ақын Қасым Тыныстановтың 1925 жылы қазақ және қырғыз тілдерінде жарық көрген «Қасым жырлары» кітабы Халықаралық Түркі академиясы тарапынан түрік тіліне толық аударылып, факсимилесімен қоса академиялық жинақ ретінде жариянып отыр. Бірегей басылымдағы жырлар қырғызша латын әліпбиінде және түрікше аудармасымен қатарластыра берілген.  Тарихи басылымды баспаға әзірлеуге Сабырбек Борубаев атсалысты. Небары 37 жылдық ғұмырында өшпес мол мұра қалдырған Қасым Тыныстанов – қырғыз әліпбиінің бастауында тұрған, тіл біліміне өлшеусіз үлес қосқан тұлға.