1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің «Дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулысымен прокуратура органдарының бірыңғай жүйесі құрылып, 1992 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң қабылданды.
Бұл тәуелсіздігін енді алып, тәй-тәй басқан жас мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғаларға толы кезеңдер болатын. Себебі мемлекетімізбен бірге оның бүкіл құрамды бөлшектері дами бастады. Дербес мемлекеттің құқық қорғау жүйесінің түпқазығына айналған төл прокуратура органдарына ел Президенті атынан барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға, жеке және заңды тұлғаларға заңдылықтың қолданылуы мен орындалуына жоғары қадағалау жүргізу міндеттелді. Осылайша, Қазақстан Республикасының дамуымен қатар, қалыптасып өрлеу кезінде прокуратураның рөлі өсіп отырды. Ел тәуелсіздігін алған соң әлемдік дамушы елдердің құрамына кіріп, жап-жас мемлекетімізді таныту, дербес геосаясат қолдану, нарықтық экономикаға көшу үшін көптеген Заңдар қабылданды. 1995 жылы елімізде Ата заң қабылданып, қазіргі прокуратураның рөлін жоғары деңгейге көтеріп, оның қызметін тың мазмұнмен толықтырған жаңа кезең басталды. Прокуратура органдарының жұмыстары түбегейлі өзгерді. Қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, құқық бұзу туралы заңдарды іс жүзінде қолдану туралы кодекстер қабылданды. Осы ретте айта кетерлігі республика, облыс, қала, аудан прокурорлары болып, жаңа заңдарды тез арада жаттап, оны дұрыс түсініп, қадағалау жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп отырған жанкешті еңбекті атап өткен жөн. Осы үш онжылдықтың ішінде еліміз дүние жүзіне танылып, әлемдік мемлекеттер қауымдастығында өз орнын айқындап, біраз жетістіктерге қол жеткізсе, оған біздің сала қызметкерлерінің де сүбелі үлесі бар екені даусыз. Ақмола облысының прокуратурасы Конституцияда бекітілгендей елімізде заңдылықты қадағалайтын орган ретінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда тынымсыз жұмыс істеп келеді. Облысымыздың орталығы – Көкшетау болса, облыстық маңызы бар - Степногорск және Қосшы қалалары бар. Қадағалау аумағы ұлғайып, реформаларға байланысты құрам өзгеріп отыратыны белгілі. Бүгінде облыс прокуратурасында 3 қалалық 18 аудандық және мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жұмыс істеуде. Географиялық жағынан республикамыздың елордасы Нұр-Сұлтан Ақмола облысының аумағында орналасқан. Сондықтан да бұл облыс прокуратурасына зор жауапкершілік жүктейтінін айта кету қажет. Отыз жылдық дара жолда аймақтағы прокуратураның абырой-беделін қалыптастырып, тірлігін тіктеуге күш салған үлкен буынның еңбегін атап кеткен жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, отыз жыл ішінде облыстың прокуратурасын басқарған прокурорлар Г. К.Утибаев, А.Н.Левкин, К.З.Жүсіпов, А.М.Адилхан, Т.О. Оңалбаев, С.К. Қасымжанов, С.С.Ерімбетов, Б.К.Абдулов, А.С.Жылқыбаев, М.К.Исадилов, Т.Г.Ташимбаевтар жаңа елдің жаңа заңын қайсарлықпен қорғап, бүкіл тәжірибелері мен біліктілігін аямады. Ақмола облыстық прокуратурасында жоғары білімді кәсіби мамандар мен қызметтік міндетін адал орындайтын, әділдік принциптерін ұстанушы қызметкерлер жұмыс істеуде. Былтырдан бастап прокуратура органдарына қызметке қабылдау тәртібі өзгертілді. Енді заңгерлік жоғары білімі бар әрбір азамат еліміздің Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында бір жыл оқуы міндетті. Бұл кадрлық құрамды нығайтуға және жаңа формацияның қызметкерлерін алуға мүмкіндік береді. Тәртіп пен әділдіктің басты тірегі-прокуратура. Сондықтан заңдарды қорғап, прокуратура қызметкерлері Қазақстан Республикасының Президенті алға қойған жоғары да жауапты міндеттерді орындауда қайрат пен қажырлық таныта отырып, өз міндеттерін атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру қажеттігі туралы айтты. Ол әлемдегі барлық дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Бұл жерде Президент жолдауының басты мәні – құқық қорғау саласын жаңғырту деп айтуға болады. Полиция, прокуратура және сот, яғни үш тараптың арасындағы уәкілеттіктер нақты бөлініп, әрқайсының міндеттері анық көрсетілген. Осы модель шеңберінде Ақмола облысы прокурорлары белсенді жұмыс атқаруда, аймақта азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы туралы бірде-бір факті тіркелген жоқ. Үш буынды модельді жүзеге асыру нәтижесінде 104 облыс тұрғынның қылмыстық процесс шеңберіне негізсіз кіруіне жол берілмеді. Е-форматта сотқа 258 қылмыстық іс жолданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 59 пайызға көп. Бұл форматтағы жұмыс оң нәтижесін беруде, себебі қылмыстық істер материалдарының бұрмалануын, сондай-ақ қылмыстық процестің шеңберіне негізсіз тарту фактілерін алдын алады. Биылғы жылы прокурорларға келісуге және бекітуге барлығы 15 544 негізгі шешім келіп түсті, оның 14 230 шешімі келісілді (91,5 пайыз), қалған 1 314 шешім келісуден бас тартылды (8,4 пайыз). Біршамасының келісілмеуінің себебі - сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен негізгі шешімдердің ерте қабылдануы не болмаса заңсыз қабылдануына байланысты болып отыр. Прокурорлардың бастамасы бойынша 77 адамға қатысты сот актілері заңға сәйкес келтірілді, 38 сотталған адамның жағдайы оңтайландырылды. Экономикалық-әлеуметтік салаларда да прокурордың ықпалын біреуі білсе біреу біле бермейді. Айталық, облыс прокурорларымен қолданылған шаралардың нәтижесінде "Көкшетау Су Арнасы" ШЖҚ МКК су беру тарифі 15,9 пайызға және сарқынды суларды бұру тарифі 7,06 пайызға төмендетілді. 63 мың абоненттің құқығы қорғалды. 28,9 мың қызметкердің конституциялық құқықтары қорғалды, актілер бойынша 21,4 миллион теңге жалақы бойынша берешек өтелді. Алимент бойынша берешек екі есе 657 миллион теңгеден 334 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Осы жылы прокурорлар уәкілетті органдармен бірлесіп алимент алушы балалардың санын 4200-ден 6700-ге дейін арттыруға септігін тигізді. Қоғам мен формация өзгерген сайын қылмыстың түрлері де жаңарып отыратыны заңдылық. Соңғы жылдары қылмыстық құқық бұзушылық санаттары арасында интернет-ресурстарды қолдану арқылы жасалатын алаяқтық кеңінен таралуда. Өткен жылғы көрсеткішермен салыстырғанда алаяқтықтың өскені байқалады. Ақпараттық технологияның дамыған ғасырында қарапайым халық ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін саралай алмай қателіктерге ұрынып жатады. Оңай олжа еш жерде жоқ екенін ескермеген аңғал халық зардап шеккеннен кейін келіп, әділдік іздейді. Сондықтан әрбір азамат мұқият болып, алаяқтардың айла-амалдарына түспей, келіп түскен ақпараттарды мұқият тексеру керек. Ағымдағы жылы прокурорлық қадағалау және ден қою актілерімен 260 мыңнан астам азаматтардың құқықтары қорғалды, оның ішінде 74 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. 7 500-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, және де олар 2 миллион теңгеден астам сомаға айыппұлдан босатылды. Мәселен, Ақмола облысы Жарқайың ауданының прокуратурасы жеке кәсіпкер Б.Садуахасовқа Сәулет және қала құрылысы бөлімімен сыртқы жарнама орналастырғаны үшін негізсіз салық салынғандығын анықтады. Ол өз ғимаратына «Қош келдіңіз!», «Б.Б.Садуахасов ЖК», «ГАЗ» деген жазуы бар электрондық баннерді орналастырғаны үшін салық төлеушілердің тізіміне енгізілген. Алайда, ҚР заңнамасына сәйкес кәсіпкер көрсеткен мәліметтер сыртқы жарнамаға жатпайды («Жарнама туралы» Заңның 11-бабының 1-1-тармағы). Прокуратураның араласуынан кейін кәсіпкер салық төлеуден босатылды. Осыған ұқсас негіздер бойынша тағы 5 кәсіпкерге төленген салық сомасы түгелдей қайтарылды. Қадағалау актілерінің негізінде мемлекет кірісіне 2 млрд. теңгеден астам мерзімі өткен салық берешегінің сомасы өтелді. Әлеуметтік салада 29 мыңға жуық жұмыскерлердің конституциялық құқықтары қорғалды, өңір бойынша 33 жұмыскердің алдында 22 млн. теңге жалақы бойынша қарыз өтелді. Атқарушылық іс жүргізу бойынша мемлекет кірісіне 1,5 млрд. теңгеден астам қарыз сомасы өндірілді. 2020 жылы прокурорлық қадағалау актілерімен мемлекет алдындағы қарыз 14 млрд. теңгеден 7 млрд. теңгеге төмендетілді. Жалпы облыс прокуратурасының ұжымы Прокуратура органдары алдында тұрған міндеттерді орындап келеді. Қызметкерлер қызметтерін атқара жүріп, салауатты өмір салтын қолдайды. Түрлі мәдени-спорттық іс-шараларға белсене қатысады. Ұжымда волейбол, футболдан құрама командалары жасақталған. Прокуратура ғимаратында түрлі тренажерлар бар теннистік үстелмен жабдықталған арнайы спорттық зал ұйымдастырылған. Командаларымыз облыс прокуратуралары мен құқық қорғау органдары арасында өткізілетін спорт түрлері бойынша сайыстарда әрдайым жүлделі орындарға ие болуда. Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің және прокуратура органдарының 30 жылдығына арналған прокуратура қызметкерлері арасында 22 команданың қатысуымен волейболдан өткен чемпионатта Ақмола облыстық прокуратурасы І орын иеленді. Прокуратураның ғимаратында ғасырлық тарихынан сыр шертетін музейі қайта жаңғыртудан өтті. «Өткенді білмей, болашақты болжай алмайсың» деген даналар. Ақмола аймағының прокуратурасы құрылғанынан бастап жинақталған деректер мен дәйектерге толы құжаттар мен жәдігерлер, өңірге елеулі еңбегін арнаған саламыздың майталмандары туралы мәліметтер осы жерден табылады. Еліміздің құқық қорғау, заң саласын нығайту ісіне сүбелі үлес қосқан тұлғалы азамат Ғалым Елемесовке арналған арнайы бөлім бар. Сондай-ақ Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры, І -дәрежелі "Айбын" орденінің иегері, қызметтік міндетін атқару кезінде ажал құшқан батыр ұл Арман Қапезовке арналған экспозиция аштық. Ақмола облысы ардагерлер кеңесімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Саламызға еңбегі сіңген жоғары буынға құрмет көрсету дәстүрге айналған. Отыз жылдық тарихы бар ел тәуелсіздігімен бірге жасап келе жатқан прокуратура органдарының алдағы уақытта да атқарар жұмысы орасан зор. Алға қойылған мақсаттар көп – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауда және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда прокуратураның әрқашан үлесі болары сөзсіз. Барша қазақстандықтарды, әріптестерімізді айтулы мереке Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және прокуратура органдарының құрылған күнімен құттықтаймын.Айдос Майлыбаев, Ақмола облысының прокуроры