Балалар үйінен бала асырап алу оңай емес. Бүгінде бала асырап алғысы келетін ата-аналардың айтатын уәжі осы. Айтуынша, сан түрлі сынақтан өткеннен кейін де жүректің қалауы бойынша бала іздеуге біраз уақыт кетеді екен. Бұдан кейін құзырлы орындардың бюрократиясы мен қағазбастылығы да бала асырап алуға деген ойдан айнытып жібереді. Осылай деген алматылық Асыл есімді келіншек жолдасы екеуі бірнеше жылдан бері бір балаға зар. Алланың маңдайға жазғанын мойындаған ерлі-зайыптылар балалар үйінен бала асырап алуға ниетті. Бірақ жергілікті қорғаншылық және қамқоршылық мамандарының сынағынан сүрінбей өткенімен, өздері іздеген баланы таппай әлі сергелдеңде жүр.
Он төрт құжат талап етіледі
Қолданыстағы заңға сәйкес бала асырап алушы ата-аналардан қазір 14 құжат талап етіледі. Оның ішінде негізгі қойылатын талаптарға бала асырап алатын ата-аналардың тұрғын үйі болуы маңызды. Екіншіден, күнкөріс деңгейі мен табысы 42 500 теңгеден төмен болмауы керек. Үшіншіден, наркологиялық және психологиялық диспансерлерде есепте тұрмаған, сотталмаған деген талаптар назарға алынады. Сондай-ақ басқа балаларға қатысты ата-аналық құқығынан айырылмаған болуы шарт. Одан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген медициналық профилактикалық тексерістен өткенін анықтайтын құжат та талап етіледі. Бұл құжаттармен бірге асырап алғысы келген бала 10 жастан асқан болса, баланың пікірі де есепке алынады.Өз ата-анасына мүмкіндік беріледі
БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мақсат Несіпбаевтың айтуынша, 2017 жылдан бастап жетім және ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер банкі қалыптастырылған. Бүгінде деректер қорына тіркелген балалар үйінде 4 200-ден аса бала болса, 19 мыңнан астам бала отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. «Республикалық деректер банкіне орналастырылған 4 200 бала туралы мәліметті көру үшін бірінші кезекте ата-ана жергілікті атқару органдарындағы қорғаншылық және қамқоршылық функциясын жүзеге асырушы маманға барып кеңес алады. Содан кейін ғана республикалық деректер банкіне кандидат ретінде тіркелуі тиіс. Тіркелу мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес жүргізіледі. Сосын 14 құжатты тексеріп, қорғаншылық және қамқоршылық мамандары өзінің кандидат ретінде тіркеу немесе тіркемеу туралы қорытындысын шығарады. Егер олар рұқсат берсе ғана олар база арқылы республика бойынша өзіне ұнаған балаларды іздестіре алады. Мысалы, өзі елорда тұрғыны болып, бірақ деректер базасындағы басқа қаладағы балалар үйіндегі баланы ұнатып тұрса, қарсылық жоқ», – дейді Мақсат Несіпбаев. Оның айтуынша, бала асырап алушылардың айтатын уәжі түсінікті. Өйткені бала асырап алғысы келетіндердің көбісі бірден перзентханадан бала алғысы келеді. Не болмаса жүз пайыз дені сау, диагнозы жоқ балаларды қалайды екен. Бірақ перзентханада анасы тастап кеткен нәрестені асырап алуға заңмен тыйым салынған. Жас босанған ана өз баласынан бас тартатыны туралы тиісті құжаттар рәсімделген соң бала перзентханадан сәбилер үйіне өткізіледі. Денсаулық сақтау ұйымдарында ол 3 жасқа дейін тәрбиеленеді. Егер денсаулығында ешқандай ақау болмаса, үш жастан кейін балалар үйіне ауыстырылады. «Ана үйі» қоғамдық қорының маманы Фарида Рахметованың да айтуына қарағанда, сәбилер үйіне түскен нәрестелер мен ата-ана құқығы уақытша шектелген балаларды асырап алудың қиындығы бар. «Бала сәбилер үйіне түскенімен, ата-анасына алты айға дейін баласын қайтарып алуына мүмкіндік бар. Ата-ана құқығынан айырылғандарға да баласын кері қайтаруға уақыт беріледі. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған осындай балаларды тек патронатқа немесе қамқоршылыққа алуға болады. Ал алты айдан кейін өз ата-анасына қайтпаған жағдайда ғана асыраушы отбасы алуы мүмкін. Алайда көп ата-ана жаңа туған нәрестені бірден асырап алғысы келеді. Бірақ бірінші кезекте туған ата-анасына мүмкіндік беруіміз керек», – дейді қор маманы.Жәрдемақы үшін бала асырап алғысы келетіндер көп
Алты жыл бұрын Елбасының тапсырмасымен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды сот шешімімен асырап алған отбасыларға 75 айлық көрсеткіште бір жылғы жәрдемақы тағайындалды. Қамқоршылық пен қорғаншылыққа алғандарға ай сайын балаларды күтіп-бағуға 10 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Ал келісімшарт негізінде патронаттық тәрбиеге алатындарға 0 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін 9 АЕК, 6 жастан жоғары балаларға 10 АЕК бойынша жәрдемақы және әрбір қабылдаушы ата-анаға 58 мың теңгеден бастап жалақы төленеді. Жетімді жебеу үшін емес, дәл осы жәрдемақыға бола бала асырап алуға ниеттенетіндер көбейген. Сол үшін былтырдан бастап психологиялық даярлықтан өткізу курстары ашылыпты. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 91-бабына енгізілген өзгерістер бойынша, бала асырап алушы ата-аналар бір жылдан бері міндетті түрде үш айлық психологиялық даярлықтан өтуі тиіс болды. «Өзгерісті енгізуге түрткі болған мәселе, осы жылдарға дейін балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалып, асырап алынған, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге алынған балаларды балалар үйіне қайтару көбейіп кетті. Сол үшін бір жылдан бері білім саласындағы 52 балалар үйінің бірқатарында бала асырап алуға ниет білдіргендерге арналған психологиялық даярлықтан өткізу курстары ашылған. Яғни кез келген азамат бала асырап алуға ниеті болса, арызын жазып, алдымен үш айлық курстан өтеді. Ол жерде білікті психологтер мен заңгерлер ата-аналарға бала асырап алғаннан кейін отбасында болатын жағдайларға дайындайды», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мақсат Несіпбаев. Бұдан бөлек, қамқорлық пен қорғаншылықтағы, патронаттық тәрбиедегі, қонақтайтын отбасылардағы балаларды қамқоршылық пен қорғаншылық мамандары баланың денсаулығы мен тәрбиесі, бөлінген жәрдемақылар бойынша есеп алып, жарты жыл сайын, ал сот шешімімен бала асырап алғандарды жылына бір рет ұдайы тексеріп отыруы тиіс. «Бала асырап алу қиын» дейтіндердің көп болатын себебін түсіндірген «Ана үйі» қоғамдық қорының маманы Фарида Рахметова: «Кейде мемлекеттен ақша төленетінін естіп патронаттық тәрбиеге бала алғысы келген ата-аналар келеді. Әрине, олар «ақша үшін бала асырап алғым келеді» деп айтпайды ғой. Бірақ психологиялық диагностика жүргізген кезде олардың негізгі ойы белгілі болады. Бізде ондай ата-аналардың ішкі ойын анықтайтын психологиялық әдіс-тәсілдер бар. Егер арыз беруші ата-аналардың ішкі ойы анықталса, олармен жұмыс істеуді тоқтатамыз. Оқуға дейін жіберілмейді», – дегенді айтқан қор маманы бала асырап алғысы келетіндердің 80 пайызы жаңа туған нәрестеден 3 жасқа дейінгі дені сау балаларды қалайтынын жеткізді. Ал мемлекеттің негізгі жоспары – жасөспірімдерді отбасына орналастыру. Себебі балалар үйіндегі балалардың 90 пайызға жуығы – 13-18 жасқа дейінгі балалар. Оларды отбасына орналастыру қиын. Дегенмен нәресте алуға арыз тастайтындар арасында мамандардың жұмыс жүргізуімен 10 жастағы баланы алып кетіп жатқан отбасылар да бар.Кеңес алғандар көп, асырап алушылар аз
2013 жылдан бастап жұмыс істей бастаған қоғамдық қорда қазір мамандар баланы асырап алудан бұрын, туған ата-анасына қайтару жағына көп көңіл аударады. «Біз алдымен балаларын тастағысы келген аналармен жұмыс жүргіземіз. Өйткені кейбір жас аналар баласымен баратын жері жоқтықтан баласынан бас тартып жатады. 2013 жылы 10 мыңнан аса жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала болған. 2016 жылы дағдарыс орталығынан бөлек, Ұлттық бала асырап алу агенттігі құрылды. Соның арқасында қазір балалар саны екі есе азайды. Бүгінде 5 091 бала бар. Бала асырап алушыларды алдын ала дайындау, отбасыларға орналастырылғаннан кейін де үш жылға дейін сүйемелдеу жұмысын жүргіземіз. Өйткені баланы қайтарып беру үрдісі әлі бар. Көбісі баланы көрген кезде отбасына қабылдағысы келеді, бірақ ары қарай шыдамайды», – дейді қор маманы. Мысалы, 2016 жылдан бері қор мамандарының кеңесіне жүгінген 13 231 адамның асырап алушы ата-аналар мектебінен 3 281 үміткер ғана оқып-шыққан. Соның ішінде 1 036 отбасына 1 532 бала орналастырылыпты. Сондай-ақ «Ана үйі» қоғамдық қорының маманы Фарида Рахметова біздің елдің азаматтары диагнозбен туылған балаларды асырап алуға құлықсыз екенін айтады. Сол үшін белгілі бір уақытта отбасыларға орналастырылмаған балалар халықаралық базаға шығарылады. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мақсат Несіпбаев бүгін отбасына алып, ертең балалар үйіне қайтаратын ата-аналар Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, қара тізімге енеді деп отыр. Жаза жеңіл ме, тиісті қадағалау тұрақты жүргізіліп, алдын ала психологиялық тексеріс жүргізілгенімен, балалар үйіне қайтарылатын балалар да бары рас. Дегенмен министрлік «өкілі психологиялық даярлықтан өткізу курстары ұйымдастырылған бір жылдың ішінде ондай жағдайлар болған жоқ» деп отыр. Өйткені бала асырап алуға ниет еткендердің біразы курсты толық оқымай, орта жолдан тастап кеткен. Әлбетте моралдық жағынан әлі де дайын емес ата-аналарға балаларды асырап алуына рұқсат жоқ.