«КСРО тараған соң, кімнің жетегінде кетуі мүмкін?» деген әлемнің алаңдаушылығын сап тыйып, ТМД  құрылды – Назарбаев
«КСРО тараған соң, кімнің жетегінде кетуі мүмкін?» деген әлемнің алаңдаушылығын сап тыйып, ТМД  құрылды – Назарбаев
Фото: egemen.kz
256
оқылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарық көрді. Елбасы мақаласында КСРО ыдырағаннан кейінгі сол кездегі саяси ахуал туралы да жазды.

«Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын. Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді. Мен Қазақстан тәуелсіздігінің осындай биік деңгейде мойындалуын да алдын ала ойластырып қойған едім. Бірнеше ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы келісудің нәтижесінде Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннің ертеңінде елімізге ресми сапармен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің өзі келді. Бұл оның Қазақстанға екінші сапары болатын. Осы уақыт ішінде екеуміз өзара сенімге негізделген достық қатынас орнатып үлгерген едік. АҚШ-тың сыртқы саясатына жауапты тұлға Қазақстанды тұңғыш Президент сайлауымен, тәуелсіздік жариялауымен шын жүректен құттықтады. Бұл ақпаратты онымен бірге келген шетелдік журналистер қауымы АҚШ пен Батыс елдеріне сол сәтте-ақ таратып жіберді. Оқиғалар ағыны қарқын ала түсті. Экономикалық ынтымақтастықты сақтау үшін 21 желтоқсан күні Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Армения, Молдова және Қазақстан президенттері  бас қосқан кездесуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөнінде келісімге қол қойылды. Саммит Қазақстан тарапының бастамасымен Алматыда өтті. Бұл бір кездері «КСРО құрамына енген республикалардың ендігі тағдыры қалай болады, кімнің жетегінде кетуі мүмкін?» деген әлем мемлекеттерінің алаңдаушылығын сап тыйып, Достастық мемлекеттерінің бірлестігі пайда болды. Тәуелсіздік осындай «тар жол, тайғақ кешулер» мен «соқтықпалы, соқпақты замандардан» аман өтіп, өзінің арналы жолын тапты», – деп жазды Елбасы.