Ел тарихы – ер тарихы
Ел тарихы – ер тарихы
509
оқылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы – Қазақстанның тарихи табыстарын зерделеу құжаты. Ал Тәуелсіздіктің қастерлі тарихын пайымдау – бүгінде қоғамымызда берік орныққан ұлы дәстүр.

Тәуелсіздігіміздің табысты 30 жылдығы – Отанымыздың әрбір азаматы үшін, әрбір ұрпағы үшін баға жетпес өмірлік маңызды құндылық. Ал, Елбасы үшін халқының тәуелсіздігінің негізін қалау жолындағы маңдай терінің, «күндіз бел жазбай, түнде ұйықтамаған» еңбегінің, қажымас-қайтпас күрескерлігінің, кемеңгер көсемдігінің жемісіндей бейнелі перзенті. «Қаз тұрып қадам басқан Тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытта кестірген кезден бастап, осынау 30 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді», – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, өткенін қадірлейтін, бүгінін қымбат тұтатын, ертеңіне сенетін біздің Тәуелсіз еліміз бүгінде бүкіл әлем таныған жан-жақты қуатты мемлекетке айналып, ең дамыған 30 ел қатарына енуге бағыт алды. Бұл табыстарға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің көреген де сара басшылығымен жеттік. Халқымызда «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қадірлей білмегенге құт қонбайды» деген сөз бар. Еліміздегі кімнің де болса жер асты еңбегінен ғарыштық даңққа дейінгі аралықтағы мерейлі табысы Тәуелсіз мемлекетіміздің жемісі екенін айту азаматтық ниетіміздің адалдығын білдірмек. Біздердің, қазақстандықтардың, бағымыз да, құтымыз да – ұлы Тәуелсіздігіміз. Ел Тәуелсіздігін бағалап, қадірлеп, ұрпақтан ұрпаққа абыройын асқақтатып аманат етіп тапсырып отыру парызы – бәріміздің де бақытымыздың қайнар көзі. Ол Қазақстан тағдырымен әрқайсысымыздың тағдырымыздың біртұтас бірлігінен туындайды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік тұғырының беріктігі мен елдігіміздің тұтастығы Елбасымыз, егеменді еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екендігі баршамызға аян. Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ десек, Елбасы Н.Ә.Назарбаев бүкіл саналы ғұмырында Қазақстан халқының бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр-қайратымен еңбек етті. Өткенімізді саралай қарасақ, Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, беделді де абыройлы, әлемдік қауымдастық мойындаған, жедел дамудың даңғыл жолына түскен елдердің қатарына енді. Тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету – бәріміздің асыл борышымыз екендігі даусыз. Тәуелсіздік – мемлекетіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Данышпан халқымызда «Ел тарихы – ер тарихы!» деген сөз бар. Қазақ ұғымында ел мен ер біртұтас әлем. Әрбір перзент кішкентайынан ел ортасында өседі, ел көзінде тәрбиеленеді. Тәуелсіздігіміздің отыз жылында ел тарихын жасаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының да ер тарихы жасалды деп түсінемін. «Өзің үшін туып, елің үшін ізденіп өлшеусіз тер төгу, ерлік жасау, бұл – мәңгі өлмес тірлік, өшпес шын ерлік,» – деп мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиев айтқандай Тәуелсіздігіміздің жетістігі Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жариялады. «Әлем қартасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік. Ендігі кезекте осы жетістігімізді еселеп арттыру ел ынтымағы мен тұтастығына байланысты. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Олардың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету осы ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия деп санаймын» – деді Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл жас ұрпаққа жолдаған үндеуі алдағы уақытта жарғылық басшылық болатынына сенемін. Бұл Тәуелсіздігіміздің алтын тіректері болары сөзсіз.

Миразова Аягүл Төреқызы, Қазақстанның Еңбек Ері.