Елордада әлеуметтік желіге ролик түсіру мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзған кәмелетке толмағандар ұсталды.
Ресми мәліметке сәйкес, 102 арнасына банк менеджері хабарласып, белгісіз біреулердің клиенттерді тапаншамен қорқытып жүргенін айтқан. Оқиға орнына бірден полицейлер аттанды.
"Тексеріс кезінде 14-15 жастағы үш жасөспірімнің Достық көшесі бойындағы банк ғимаратына кіріп, тонау видеосын түсіргені анықталды. Олар ойыншық тапанша қолданған. Ал видео түсіргеннен кейін қашып кеткен", - дейді тәртіп сақшылары.
Алайда кәмелет жасқа толмағандар алысқа ұзаған жоқ. Оларды полиция бөлімшесіне жеткізді. Ата-аналарын да шақырған. Балалар бір жыл бойы "PVE. Film. Аcademy" киноакадемиясына барып жүргенін жеткізді. Сабақ кезінде оларға банк тонау видеосын түсіруге тапсырма берілді. Содан үшеуі ойыншық тапаншаны алып, банк ғимаратына барған. Қыз тапаншаны досына кезеп тұрған. Ал үшіншісі бәрін видеоға түсіріпті. Залда басқа адамдар да болған.