Төл тарихтың тарланы еді...
Төл тарихтың тарланы еді...
361
оқылды
Қазақ тарих ғылымына орасан зор үлес қосқан, белгілі тарихшы, профессор, академик Талас Омарбеков дүниеден өтті. Тарихшы­лардың тірегі, ақтаңдақтарды зерттеген ірілердің бірі еді. Ол 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысының Байзақ ауданы Ақжар ауылында дүниеге келді. Ол орта мектептен соң сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетін бітіріп, 1971 жылы Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1972 жылы ол респуб­ликалық баспасөз беттерінде тарихты оқыту әдістемесіне арнал­ған көлемді мақалаларын жариялай бастады. 1977 жылы өзі білім алған Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына іштей оқу бө­ліміне түсіп, оны аяқтаған соң осын­да оқытушылыққа қал­дырыл­ды. Ал 1982 жылы ол кан­ди­даттық диссертациясын қор­ғады. Кейін кандидаттығын, одан соң тарихшы Кеңес Нұрпейісов­тың ғылыми кеңесшілігімен  докторлығын қорғады. Академик Т.Омарбековтің ғылыми еңбектері алыс және жақын шет елдерде өткен халық­аралық конференцияларда баяндалып, беделді шетелдік басылымдарда жарияланған. Қазақ тарихының ақтаңдақ­тарын зерттеп, тарих ғылымына айрықша үлес қосқан ғалымның қазасы қабырғамызды қайыс­тырып әкетті. Ғалымның қазасына байланысты отбасына, туған-туыс­тарына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Aiqyn газетінің ұжымы