«Тәуелсіздік тағылымы» – тарихи құжатымыз
«Тәуелсіздік тағылымы» – тарихи құжатымыз
297
оқылды
Елбасының «Тәуел­сіздік тағылымы» атты мақаласында хал­қы­мыздың та­рихына те­рең­нен қозғау салын­ған екен. Азаттыққа қол жет­кізгенге дейін­гі хал­қы­мыздың өткен өмірі, бүгіні мен ке­лешегі кең көлемде қамтылған. Қа­зақта «жеті атасын білме­ген ұл жетесіз, жеті ғасыр тарихын біл­меген ел же­те­сіз» деген сөз бар. Әрбіріміз егемен­дік­тің қандай жолмен келгенін жүре­гімізбен сезгенде ғана еліміздің тә­уелсіздігі тұ­ғырлы болады. Әрбір адам еркіндікті қа­лай­тыны секілді, әрбір мемлекет те азат болғанда ғана елдігін сақтайды. Қазақ елінің еркіндік жолын­дағы күресі еш тоқтаған емес. Елі­­міз бен жерімізді қорғау жо­лында қан­ша адам қанын төкті, басын бәйгеге тікті. Біз сол ата-ба­баларымыздың жанымен кел­ген жерде тәуелсіз­діктің жемісін көріп отырған ұрпақпыз. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың қиын­дық көр­меген күні жоқ. Кешегіні айт­пағанда бір одақтың кезінде ғана қазақ талай нәубетті бастан кешті. 1916 жылы қазақ жас­тарын тыл жұмысына ша­қыруынан бастап екі ашаршылық пен репрессия қазақ­тың қай­ма­ғын қалқып алды. Қа­зақты руха­ни кедей­лендіріп кетті. Бас кө­теретін азаматтарымыз со­лақай саясаттың құрбаны болды. Осы уақытқа дейін қазақтың ба­сына түскен нәубеттің барлығы адам­ның қолымен жасал­ды. Ұлты­мыз­дың бола­шағына бал­та шап­қан қасіретті тарих өскелең ұр­пақ­­тың құлағына дұрыс жету үшін Ел­ба­сының тапсыр­масымен 31 ма­­­мыр Саяси қуғын-сүргін құр­бан­да­рын еске алу күні болып жа­риялан­ды. Күні кеше ғана ашар­­шылық туралы бес томдық жинақ жарық көрді. Бұл да тә­уелсіздіктің ар­қасында келген мүмкіндік. Елбасының көші-қон сая­са­тын жүргізіп, ке­зінде жан-жақ­қа бы­тырап кеткен қазақты атажұр­тына қайтаруы да үлкен ерлік. Қазіргі Түр­кістан об­лысын­да Асар шағын­ауданына көшіп келген қандастар үшін керемет үйлер салынды. Қазір сол аудан қа­ланың кел­бетін көрсе­тетін қалашыққа айналды. Орда­басы ауданында да одақтың ке­зінде саяжай болған Жуасу елді мекені бар. Сол жерге де Өзбекстаннан бір топ ағайын көшіп келді. Қазір бір елді мекенде 45 мың адам тұрады. Сол қан­дас­тары­мыз ел­дің эконо­микасы мен мәдение­тінің дамуына бір кісідей үлес қо­сып жатыр. Өйткені адам ка­пи­талы болған жерде өрлеу бо­лады. «Болашақ» бағдарламасы ар­қылы шетелде оқып келген 14 мың адам елге келіп, жаңа ба­ғыт­тағы Қазақ­стан­ның дамуына үлес қосып келеді. Меніңше, «Тәуелсіздік та­ғы­лы­мы» – тарихи құжат. Елбасы бір ғана мақала арқылы тарихты тол­ғау арқылы болашақ ұрпаққа ой салғысы келеді. Кезінде Аме­риканың тоқырау жыл­дарында ел басқарған президент Джон Кен­неди: «Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не бере­мін?» де­ген ұран тастаған екен. Тұңғыш Прези­дентіміз дәл қазір елдің бо­лашағын, тәуелсіздіктің тұғы­рын нығайту жо­лын­да әрбір қазақ­стан­дық өзі салып кет­кен сара жолын ары қарай жалғас­тыра алатындай жауапкершілік артып отыр.

Берік БЕКЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты