Ақылы жолдың азабы азаймай тұр
Ақылы жолдың азабы азаймай тұр
235
оқылды
Алдағы бесжылдықта елдегі барлық трассаның жартысына жуығы ақылы болады. Үкімет келесі жылы төлем жинау жүйесі енгізілетін тағы 13 жолды атады. Олар сапасы нашарлау, ІІ–ІІІ санаттағы, екі бағытта 1 жолақтан ғана тұратын жолдар. Ал биылғы 23 қарашада республикалық маңызы бар, І санаттағы, 4 жолақты 7 автожол ақылы негізге көшті. Мұның бәрі қо­ғамның бір бөлігінің наразылығын туғызып отыр. Себебі ақылы жолдың бірер шақырымын ғана басып өткен көліктерден толық ақы талап етіледі екен.

Жолдардың жартысы ақылы болады

Қазақстанда автожолдардың жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым. Бірақ соның тек 25 мыңы – республикалық маңызы бар күрежолдар. Қалған 71 мың шақырымы – жай-күйі мәз емес жергілікті жолдар. Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін кем дегенде 11 мың ша­қырым республикалық маңыздағы жол немесе оның жалпы көлемінің 45%-ы өзін-өзі ақтауға шығарылады, яғни ақылы болады. Бірінші кезеңде 5,8 мың шақырымдық автожолда ақы жинау жүйе­сі енгізілді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының дерегінше, 23 қарашадан Нұр-Сұлтан–Павлодар, Қапшағай – Талдықорған, Тараз – Қайнар, Шымкент – Тараз, Шымкент – Қызыл­орда, Шымкент – Ташкент және Щучинск – Көкшетау жолдарында көліктерден ақы алына бастады. Оған дейін 4 жолақты, бірінші санаттағы осы 7 республикалық автожолдарда төлем алу жүйесі тестілеуден өтті. Енді жүйе тұрақты негізде жұмыс істейді. Бұл учаскелерде ақы мөлшерлемесі бұдан бұрын ақылы жүйеге көшкен Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас жолдары үлгісінде есептеледі. Атап айтқанда, біріншіден, жеңіл автокөліктер 1 ша­қырым жол жүргені үшін 1 теңгеден тө­леуі тиіс. Бұл ретте жол бойындағы елді ме­кендерде тұратын жергілікті жұрт­шы­лық­қа 1 мың теңгеге жылдық жеңілдікті або­не­мент алу мүмкіндігі қарастырылған. Бір рет төлеп, жыл бойы еркін қозғала ала­ды. Екін­шіден, автобустардан салонындағы орын санына қарай әр шақырым үшін 5-15 тең­ге­ден ақы алынады. Қалааралық және жер­гі­лікті рейстік автобустар төлемнен боса­тыл­ған. Үшіншіден, жүк көліктері жүк көтеру қабілеттілігіне қарай әр шақырым үшін жүйеге 5-25 теңгеден ақша аударуы шарт. Нәтижесінде, 5,8 мың шақырым ақылы жолдан жыл соңына дейін 25,6 миллиард теңгеден астам алым жиналады деп жос­парланып отыр. Ары қарай жалпы ұзындығы 4 мың шақырымды құрайтын екінші және үшінші санаттағы жол телімдерінде төлем жинау жүйесі енгізіледі. Оларда автобустар мен жүк көліктерінен ғана ақы алынатын бо­лады. Жеңіл көліктер төлемнен боса­тылмақ. «Екінші кезеңде қалған 5,2 мың ша­қырым жолда реконструкция жұмыстары­ның аяқталуына қарай ақылы жүйені кезең-кезеңмен 2024 жылдың соңына дейін енгізу жоспарланып отыр», – деп ха­барлады Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Жалпы, ақылы жолдарды оператор компания 20 жыл бойы «сауынды сиыр» ретінде пайдалана алады. Алдағы 10 жыл ішінде шамамен 532 миллиард теңге алым жиналады деп болжанып отыр. Бұл қаражат ақылы жолдарды және ақы жинау жүйесін күтіп ұстауға жұмсалуы тиіс.

Ақылы жолда әділетсіздік бар

Түркістан облысындағы Ақсукент ­ауы­лының тұрғыны Павел Константи­но­вич өзге ауылдастары қатарлы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық магистралінің учаскесін күн сайын кесіп өтуге мәжбүр. «Бұл жол телімі 23 қарашада ақылы бол­ды. Әдеттегі бағытым бойынша халық­аралық дәліздің ауылымыз жанындағы 665-шақырымынан қозғалысымды бастап, ары қарай Шымкентке таяғанда, Ынтымақ кенті маңында ақылы жолдан А-2 жолына ауысамын. Бұл – Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің 674-шақырымы. Яғни, үй – жұмыс – үй бағытында таңертең және кешке осы 9 шақырымдай ғана жолды жүріп өтемін. Алайда Ынтымақ – Машат учаскесі бойынша толық ақыны төлеуге міндеттейді. Артық 20 шақырым үшін қо­сымша ақы есептеледі. Қандай негізде өзім жүрмейтін артық шақырымдар үшін ақы төлеуім керек?» – дейді Ақсукент тұрғыны. Алматылық Әлімжан жуырда Алма­ты – Қапшағай ақылы жолындағы Бай­серке (бұрынғы Дмитреевский) көпірінен Ал­матыға қарай өтіпті. «Сол үшін шотымнан 100 теңге ақыны шешіп алды. Сонша көп емес, бірақ мұ­нысы әділетсіздік! Сонау Қапшағайдан бері қарай осы жолмен жүріп өткендей став­ка­мен алды. Не деген көзбояушылық. Осы­лай халықтан заңсыз қаржы жинауда. Бұл жол 5 учаскеге бөлінген, әрқайсы­сы­ның өз тарифі болады дегені қайда?! Со­ның тек бір телімін басып өтсем де, бүкіл жол үшін то­лық ақы алды. Өзге жүргі­зушілерді әңгі­меге тарттым, олар мұндай тәжірибе үнемі қай­таланатынын айтады. Мәселе ақшада емес, заңның сақталмай­тынында. Менікі – жеңіл көлік, ал жүк көліктері мен автобустары бар кәсіп­кер­лерден бұдан әлдеқайда көп ақша жинайды ғой», – дейді ол. Шын мәнінде, мұнда әділетсіздіктің бары аңғарылады. Бұл олқылықты ақылы жолдардағы көліктерді тіркейтін «аралық шектерді», бақылау жүйелерін көбейту арқылы жоюға болар еді. Бірақ ол ақылы жолдан түсетін түсімді азайтатындықтан, әрі тіркеу жүйелерін көбейту қосымша шығынды қажет ететіндіктен, оператордың бұған баруы неғайбіл.

Ақылы жолдар қымбатшылыққа сеп пе?

Шағын автобусымен жолаушы тасы­малдайтын кәсіпкер Арман Әбілмәжінов ақылы жолдар, әсіресе отандық бизнеске қиын тиіп тұрғанын айтады. Мысалы, шет­елдік жүк және жолаушы тасымал­даушылар ақылы жолдар үшін төлем тө­лемейді екен. Себебі олардың мемлекеттік нөмірі «Қаз­АвтоЖолдың» базасында жоқ, тиісінше оператор олардың ақылы жолмен жүргені үшін есептелген төлемді кімге жіберерін білмейді. Салдарынан жолдарды ұстап тұру жүктемесін тек отандық кә­сіпкерлер мен қарапайым қазақстандықтар көтеруге мәжбүр. Ал жолдарымызда қап­тап жүрген ресейлік, беларусьтік, қытай­лық және өзге елдердің алып фуралары мен автобустары осы игілікті тегін пайдаланады, зілбатпан салмағымен жол жабынғысын аяусыз бүлдіреді. Мұнда да әділетсіздік нышаны байқалады. «Елімізде онсыз да жанар-жағармай бағасы шығандап барады. Оған ақылы жол­дар қосылды. Сондықтан жүк және жолау­шы тасымалдаумен айналысатын компа­ниялар қазір өз қызметтерінің бағасын көтеруді жоспарлап отыр. Біз тариф кө­терсек, ол барлық салаға соққы: тасы­малдың қымбаттауы әрбір тауар құнының көте­рі­луіне соқтырады. Онда Қазақстан хал­қының тұрмысы тіптен нашарлары сөзсіз. Үкімет отандық кә­сіпкерлер мен ресми тасы­малдаушылар үшін жеңілдікті, төмендетілген тариф енгізіп, қолдау көр­сетсе игі болар еді. Әйтпесе, ақылы жолдар саны барған сайын көбеюде», – дейді кәсіпкер. ақылы жол Ұлан-байтақ қазақ елінің бір шетінен екіншісіне жетпек түгіл, бір облыстан бас­қасына сапарлағанда бірнеше ақылы жол­ды кесіп өтуге тура келетін көрінеді. Егер же­ңілдікті тариф енгізілсе, көлеңкедегі так­си­ші­лер, жүк тасымалдаушылар да ақы­лы жол­дарда азырақ төлеу үшін ресми тір­кеуге тұ­рып, салық, зейнетақы жар­налары мен әлеуметтік аударымдар аудара бастауы мүмкін. Бірақ жауапты орган бизнес өкілдері ұсынып жүрген бұл идеяны құптамады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мұратұлының айтуынша, «Авто­мобиль жолдары туралы» заңына сәйкес, ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы ставкаларын уәкілетті меморган – Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігі бекітеді. «Жаңа ақылы жолдар бойынша жина­латын ақы ставкалары қолданыстағы ақы­лы жолдар негізінде, бұрын бекітілген та­рифтер бойынша анықталды. «ҚазАвто­Жол» ақылы автомобиль жолдарындағы қолданыстағы ақы мөлшерін өз бетінше өзгерте алмайды, бұл біздің құзырымыз­дағы мәселе емес», – деді Асқар Мұратұлы.

Ақылы жол ауылдық жолды бүлдірмей ме?

ИИДМ-нің Автомобиль жолдары ко­митеті алдағы уақытта тағы қандай жол­дардан ақы жинала бастайтынын жария етіп, тиісті бұйрықтардың жобаларын қо­ғамдық талқылауға шығарды. Ондай жол­дардың жалпы саны қазірдің өзінде 13. ІІ және ІІІ санаттағы, негізінен бір жо­лақтан ғана құралған жаңа жолдар. Бұ­ларда ақы жинау жүйесі өзгеше: әр ша­қырымы үшін емес, әр учаскесі үшін жеке тариф белгі­ленеді. Мысалы, 273 шақы­рымнан асатын Нұр-Сұлтан – Атбасар республикалық жолын бастан-аяқ жүріп өткен автобустар мен жүк көліктерінен 1 360-6 830 теңгеден алынады. Егер жеке учаскелерінен ғана өтсе, бұдан арзан. 502,6 шақырымдық Атырау – Бейнеу учаскесі – Өзбекстан шекарасы (Нөкіске) автожолы аталған көліктерге 1 000-нан 5 200 теңгеге түспек. 431 шақырымдық Ат­ба­сар – Қостанай автомобиль жолының та­рифі – 810-4 080 теңге, 53 шақырымдық Орал – Ресей шекарасы (Самараға) жо­лы­мен жүру құны 110-530 теңге аралығында. 92,4 шақырымдық Ақтөбе – Орын­борда әр көліктен 180 теңгеден 1 110 тең­геге дейін, 386 шақырымдық Жетібай – Шетпе – Бейнеу – Ақжігіт жолында 760-4 620 теңгеден, 169 шақырымдық Көкше­тау – Петропавлда 340-2 030 тең­геден жиналады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ комитет 448,4 шақырымдық Қызылорда – Арал телімінің төлемін әр көлік үшін 89-5 380 теңге, 197 шақырымдық Павлодар – РФ шекарасы (Омбыға) учас­кесінде – 400-2 380 теңге, 301 шақырымдық Павлодар – Семейде – 600-3 620 теңге, 99 шақырымдық Орал – Ресей шекарасы (Са­ратовқа дейін) бойынша 190-1 200 теңге, 150 шақырымдық Семей – Қалбатауда – 290-1 800 теңге, ал 449 шақырымдық Ақтөбе – Орал жолында 900-4 850 теңге көлемінде бекітуді ұсынды. Бұл ақылы автомобиль жолдарының басым көпшілігіне тегін балама ұсынылған. Мысалы, Нұр-Сұлтан – Атбасар учаскесіне ақы төлегісі келмегендер Нұр-Сұлтан – Қор­ғалжын – Абай – Егіндікөл, Егінді­көл – Атбасар бағытындағы аудандық маңыз­да­ғы ескі жолдарды пайдалана алады. Өзбек­станның Нөкіс қаласына бастайтын жаңа жолдан ақша үнемдеуді қаласа, Доссор – Құлсары – Қаратон – Сарықамыс – Боранқұл шаруашылық автомобиль жолына түсе алады. Бұл жерде де әділетсіздіктің құлағы қылтиятындай. Ақылы негіздегі 5,8 мың шақырым жаңа трассалардың бәрі дерлік ел қаржысына салынды. Жүздеген мил­лиард бюджет және қарыз қаражат шығын­далды. Енді олардан «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы немесе басқа жеке компания 20 жыл бойы ақы жинап, жүз­деген миллиард қаражатқа кенелмек. Бір қарағанда, осы­ның арқасында мемлекет мыңдаған ша­қырым жолды күтіп ұстау шығындарынан құ­тылатын сияқты: ақылы жол оператор­лары өздері тапқан қаражатқа жолды өзі күтіп ұстауы тиіс. Алайда кәсіпкерлер мойындағандай, қазірдің өзінде көптеген жүк көлігі мен фуралар қаражат үнемдеу үшін ақылы жол­дарға жоламай, баламалы жолды таңдап, аудандық, облыстық маңыздағы жолдармен айналып өтетінді шығарды. Сөйтіп, ауыл-аудан арасындағы тегін жолдарды шұрық тесік, ойдым-ойдым етіп бүлдіруде. Яғни, мемлекетке енді тегін жолдарды жыл сайын жөндеуге қатты шығындалуға тура келеді. Биыл жергілікті жолдар желісін дамытуға 119 миллиард теңге бөлініпті. Бұл мол ре­сурс тек 1,3 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарымен қамтуға жеткен. Ал жергі­лікті жолдардың ұзындығы 71 мың шақы­рымнан асады...