Алдағы бесжылдықта елдегі барлық трассаның жартысына жуығы ақылы болады. Үкімет келесі жылы төлем жинау жүйесі енгізілетін тағы 13 жолды атады. Олар сапасы нашарлау, ІІ–ІІІ санаттағы, екі бағытта 1 жолақтан ғана тұратын жолдар. Ал биылғы 23 қарашада республикалық маңызы бар, І санаттағы, 4 жолақты 7 автожол ақылы негізге көшті. Мұның бәрі қоғамның бір бөлігінің наразылығын туғызып отыр. Себебі ақылы жолдың бірер шақырымын ғана басып өткен көліктерден толық ақы талап етіледі екен.
Жолдардың жартысы ақылы болады
Қазақстанда автожолдардың жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым. Бірақ соның тек 25 мыңы – республикалық маңызы бар күрежолдар. Қалған 71 мың шақырымы – жай-күйі мәз емес жергілікті жолдар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін кем дегенде 11 мың шақырым республикалық маңыздағы жол немесе оның жалпы көлемінің 45%-ы өзін-өзі ақтауға шығарылады, яғни ақылы болады. Бірінші кезеңде 5,8 мың шақырымдық автожолда ақы жинау жүйесі енгізілді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының дерегінше, 23 қарашадан Нұр-Сұлтан–Павлодар, Қапшағай – Талдықорған, Тараз – Қайнар, Шымкент – Тараз, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Ташкент және Щучинск – Көкшетау жолдарында көліктерден ақы алына бастады. Оған дейін 4 жолақты, бірінші санаттағы осы 7 республикалық автожолдарда төлем алу жүйесі тестілеуден өтті. Енді жүйе тұрақты негізде жұмыс істейді. Бұл учаскелерде ақы мөлшерлемесі бұдан бұрын ақылы жүйеге көшкен Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас жолдары үлгісінде есептеледі. Атап айтқанда, біріншіден, жеңіл автокөліктер 1 шақырым жол жүргені үшін 1 теңгеден төлеуі тиіс. Бұл ретте жол бойындағы елді мекендерде тұратын жергілікті жұртшылыққа 1 мың теңгеге жылдық жеңілдікті абонемент алу мүмкіндігі қарастырылған. Бір рет төлеп, жыл бойы еркін қозғала алады. Екіншіден, автобустардан салонындағы орын санына қарай әр шақырым үшін 5-15 теңгеден ақы алынады. Қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемнен босатылған. Үшіншіден, жүк көліктері жүк көтеру қабілеттілігіне қарай әр шақырым үшін жүйеге 5-25 теңгеден ақша аударуы шарт. Нәтижесінде, 5,8 мың шақырым ақылы жолдан жыл соңына дейін 25,6 миллиард теңгеден астам алым жиналады деп жоспарланып отыр. Ары қарай жалпы ұзындығы 4 мың шақырымды құрайтын екінші және үшінші санаттағы жол телімдерінде төлем жинау жүйесі енгізіледі. Оларда автобустар мен жүк көліктерінен ғана ақы алынатын болады. Жеңіл көліктер төлемнен босатылмақ. «Екінші кезеңде қалған 5,2 мың шақырым жолда реконструкция жұмыстарының аяқталуына қарай ақылы жүйені кезең-кезеңмен 2024 жылдың соңына дейін енгізу жоспарланып отыр», – деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Жалпы, ақылы жолдарды оператор компания 20 жыл бойы «сауынды сиыр» ретінде пайдалана алады. Алдағы 10 жыл ішінде шамамен 532 миллиард теңге алым жиналады деп болжанып отыр. Бұл қаражат ақылы жолдарды және ақы жинау жүйесін күтіп ұстауға жұмсалуы тиіс.Ақылы жолда әділетсіздік бар
Түркістан облысындағы Ақсукент ауылының тұрғыны Павел Константинович өзге ауылдастары қатарлы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық магистралінің учаскесін күн сайын кесіп өтуге мәжбүр. «Бұл жол телімі 23 қарашада ақылы болды. Әдеттегі бағытым бойынша халықаралық дәліздің ауылымыз жанындағы 665-шақырымынан қозғалысымды бастап, ары қарай Шымкентке таяғанда, Ынтымақ кенті маңында ақылы жолдан А-2 жолына ауысамын. Бұл – Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің 674-шақырымы. Яғни, үй – жұмыс – үй бағытында таңертең және кешке осы 9 шақырымдай ғана жолды жүріп өтемін. Алайда Ынтымақ – Машат учаскесі бойынша толық ақыны төлеуге міндеттейді. Артық 20 шақырым үшін қосымша ақы есептеледі. Қандай негізде өзім жүрмейтін артық шақырымдар үшін ақы төлеуім керек?» – дейді Ақсукент тұрғыны. Алматылық Әлімжан жуырда Алматы – Қапшағай ақылы жолындағы Байсерке (бұрынғы Дмитреевский) көпірінен Алматыға қарай өтіпті. «Сол үшін шотымнан 100 теңге ақыны шешіп алды. Сонша көп емес, бірақ мұнысы әділетсіздік! Сонау Қапшағайдан бері қарай осы жолмен жүріп өткендей ставкамен алды. Не деген көзбояушылық. Осылай халықтан заңсыз қаржы жинауда. Бұл жол 5 учаскеге бөлінген, әрқайсысының өз тарифі болады дегені қайда?! Соның тек бір телімін басып өтсем де, бүкіл жол үшін толық ақы алды. Өзге жүргізушілерді әңгімеге тарттым, олар мұндай тәжірибе үнемі қайталанатынын айтады. Мәселе ақшада емес, заңның сақталмайтынында. Менікі – жеңіл көлік, ал жүк көліктері мен автобустары бар кәсіпкерлерден бұдан әлдеқайда көп ақша жинайды ғой», – дейді ол. Шын мәнінде, мұнда әділетсіздіктің бары аңғарылады. Бұл олқылықты ақылы жолдардағы көліктерді тіркейтін «аралық шектерді», бақылау жүйелерін көбейту арқылы жоюға болар еді. Бірақ ол ақылы жолдан түсетін түсімді азайтатындықтан, әрі тіркеу жүйелерін көбейту қосымша шығынды қажет ететіндіктен, оператордың бұған баруы неғайбіл.Ақылы жолдар қымбатшылыққа сеп пе?
Шағын автобусымен жолаушы тасымалдайтын кәсіпкер Арман Әбілмәжінов ақылы жолдар, әсіресе отандық бизнеске қиын тиіп тұрғанын айтады. Мысалы, шетелдік жүк және жолаушы тасымалдаушылар ақылы жолдар үшін төлем төлемейді екен. Себебі олардың мемлекеттік нөмірі «ҚазАвтоЖолдың» базасында жоқ, тиісінше оператор олардың ақылы жолмен жүргені үшін есептелген төлемді кімге жіберерін білмейді. Салдарынан жолдарды ұстап тұру жүктемесін тек отандық кәсіпкерлер мен қарапайым қазақстандықтар көтеруге мәжбүр. Ал жолдарымызда қаптап жүрген ресейлік, беларусьтік, қытайлық және өзге елдердің алып фуралары мен автобустары осы игілікті тегін пайдаланады, зілбатпан салмағымен жол жабынғысын аяусыз бүлдіреді. Мұнда да әділетсіздік нышаны байқалады. «Елімізде онсыз да жанар-жағармай бағасы шығандап барады. Оған ақылы жолдар қосылды. Сондықтан жүк және жолаушы тасымалдаумен айналысатын компаниялар қазір өз қызметтерінің бағасын көтеруді жоспарлап отыр. Біз тариф көтерсек, ол барлық салаға соққы: тасымалдың қымбаттауы әрбір тауар құнының көтерілуіне соқтырады. Онда Қазақстан халқының тұрмысы тіптен нашарлары сөзсіз. Үкімет отандық кәсіпкерлер мен ресми тасымалдаушылар үшін жеңілдікті, төмендетілген тариф енгізіп, қолдау көрсетсе игі болар еді. Әйтпесе, ақылы жолдар саны барған сайын көбеюде», – дейді кәсіпкер.Ақылы жол ауылдық жолды бүлдірмей ме?
ИИДМ-нің Автомобиль жолдары комитеті алдағы уақытта тағы қандай жолдардан ақы жинала бастайтынын жария етіп, тиісті бұйрықтардың жобаларын қоғамдық талқылауға шығарды. Ондай жолдардың жалпы саны қазірдің өзінде 13. ІІ және ІІІ санаттағы, негізінен бір жолақтан ғана құралған жаңа жолдар. Бұларда ақы жинау жүйесі өзгеше: әр шақырымы үшін емес, әр учаскесі үшін жеке тариф белгіленеді. Мысалы, 273 шақырымнан асатын Нұр-Сұлтан – Атбасар республикалық жолын бастан-аяқ жүріп өткен автобустар мен жүк көліктерінен 1 360-6 830 теңгеден алынады. Егер жеке учаскелерінен ғана өтсе, бұдан арзан. 502,6 шақырымдық Атырау – Бейнеу учаскесі – Өзбекстан шекарасы (Нөкіске) автожолы аталған көліктерге 1 000-нан 5 200 теңгеге түспек. 431 шақырымдық Атбасар – Қостанай автомобиль жолының тарифі – 810-4 080 теңге, 53 шақырымдық Орал – Ресей шекарасы (Самараға) жолымен жүру құны 110-530 теңге аралығында. 92,4 шақырымдық Ақтөбе – Орынборда әр көліктен 180 теңгеден 1 110 теңгеге дейін, 386 шақырымдық Жетібай – Шетпе – Бейнеу – Ақжігіт жолында 760-4 620 теңгеден, 169 шақырымдық Көкшетау – Петропавлда 340-2 030 теңгеден жиналады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ комитет 448,4 шақырымдық Қызылорда – Арал телімінің төлемін әр көлік үшін 89-5 380 теңге, 197 шақырымдық Павлодар – РФ шекарасы (Омбыға) учаскесінде – 400-2 380 теңге, 301 шақырымдық Павлодар – Семейде – 600-3 620 теңге, 99 шақырымдық Орал – Ресей шекарасы (Саратовқа дейін) бойынша 190-1 200 теңге, 150 шақырымдық Семей – Қалбатауда – 290-1 800 теңге, ал 449 шақырымдық Ақтөбе – Орал жолында 900-4 850 теңге көлемінде бекітуді ұсынды. Бұл ақылы автомобиль жолдарының басым көпшілігіне тегін балама ұсынылған. Мысалы, Нұр-Сұлтан – Атбасар учаскесіне ақы төлегісі келмегендер Нұр-Сұлтан – Қорғалжын – Абай – Егіндікөл, Егіндікөл – Атбасар бағытындағы аудандық маңыздағы ескі жолдарды пайдалана алады. Өзбекстанның Нөкіс қаласына бастайтын жаңа жолдан ақша үнемдеуді қаласа, Доссор – Құлсары – Қаратон – Сарықамыс – Боранқұл шаруашылық автомобиль жолына түсе алады. Бұл жерде де әділетсіздіктің құлағы қылтиятындай. Ақылы негіздегі 5,8 мың шақырым жаңа трассалардың бәрі дерлік ел қаржысына салынды. Жүздеген миллиард бюджет және қарыз қаражат шығындалды. Енді олардан «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы немесе басқа жеке компания 20 жыл бойы ақы жинап, жүздеген миллиард қаражатқа кенелмек. Бір қарағанда, осының арқасында мемлекет мыңдаған шақырым жолды күтіп ұстау шығындарынан құтылатын сияқты: ақылы жол операторлары өздері тапқан қаражатқа жолды өзі күтіп ұстауы тиіс. Алайда кәсіпкерлер мойындағандай, қазірдің өзінде көптеген жүк көлігі мен фуралар қаражат үнемдеу үшін ақылы жолдарға жоламай, баламалы жолды таңдап, аудандық, облыстық маңыздағы жолдармен айналып өтетінді шығарды. Сөйтіп, ауыл-аудан арасындағы тегін жолдарды шұрық тесік, ойдым-ойдым етіп бүлдіруде. Яғни, мемлекетке енді тегін жолдарды жыл сайын жөндеуге қатты шығындалуға тура келеді. Биыл жергілікті жолдар желісін дамытуға 119 миллиард теңге бөлініпті. Бұл мол ресурс тек 1,3 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарымен қамтуға жеткен. Ал жергілікті жолдардың ұзындығы 71 мың шақырымнан асады...