Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың ревакцинация мәселелеріне қатысты жаңа қаулысы шықты.
Жаңа қаулыда айтылғандай, Қазақстан аумағында 3 айдан артық тұрып жатқан, вакцинацияның толық курсын алған шетелдіктер де ревакцинациядан өтуі керек. Олар да алғашқы вакцинаның толық компонентін алған күннен 6 ай өткенде қайта вакциналауға жатады.
«Қазақстанның аумағында 3 және одан да көп ай тұратын, КВИ-ге қарсы вакцинацияның бастапқы курсын толық аяқтап алған шетел азаматтарын қоса алғанда, барлық адамдар КВИ-ге қарсы ревакцинацияға жатады», – делінген құжатта.
Сондай-ақ бұрын коронавирусқа қарсы вакцинацияның бастапқы курсын алған жүкті әйелдерді ревакцинациялау жүктіліктің 16-37 аптасы кезеңінде «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакцинасын пайдалана отырып жүргізілетіні айтылған.
«КВИ-ге қарсы вакцинацияның бастапқы курсын толық алған КВИ-мен ауырып жазылған адамдарды КВИ-ге қарсы ревакциналау сауыққаннан кейін 6 айдан кейін жүргізіледі», – деп жазылған Бас санитар қаулысында.