Мәжіліс бірқатар заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс бірқатар заң жобасын мақұлдады
255
оқылды
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төраға­лығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобасын мақұлдады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда ілеспе түзе­тулерімен мақұлданды. Палата Спикері атап өткендей, бұл заң жобасы Қазақстанда биология­лық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа моделін құру үшін құқықтық негіз болады және азаматтар мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталады. Осы заң жобасы биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік сая­сат­ты іске асырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, мем­лекеттік органдардың өкілеттік­терін нақты ажыратуға және олар­дың қызметін үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар депутаттар осы заң жобасын талқылау ба­рысында биологиялық қауіп­сіздік саласындағы бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе деректері мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, мемлекеттік ақпараттық жүйе­лерді заңды тұлғалардың, оның ішінде жеке тұлғалардың ақпа­раттық жүйелерімен интегра­циялау кезінде туындауы мүмкін маңызды ақпараттың жария етілуі немесе жоғалып кетуіне қатысты мәселелерді көтерді. Депутаттар заң жобасымен жұмыс істеу барысында пато­гендік және өнеркәсіптік микро­организмдердің ұлттық коллек­цияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-ұстау механизмін нақтылауға; биологиялық қауіп­сіздік саласында бірыңғай мем­лекеттік ақпараттық жүйені құру мақсаттарын нақтылауға; пато­генді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мамандардың біліктілігін арттыруды қамта­масыз етуге; патогенді биоло­гиялық агенттермен жұмыс істеу мәселелерін реттейтін заң жо­басының бірқатар нормасын «Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодек­сінің талаптарына сәйкес кел­тіруге бағытталған түзету енгізді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жо­басында патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу сала­сындағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту көзделеді. Атап айтқанда, тиісті рұқсатсыз аса қауіпті инфек­циялық аурулар тудыратын па­тогенді биологиялық агенттер­мен заңсыз жұмыс істегені үшін мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 2 жылдан 6 жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылық шара­ларын белгілейтін; аса қауіпті инфекциялық аурулар туды­ратын патогенді биологиялық агенттерді жымқырғаны не қор­қытып алғаны үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу түріндегі жауаптылық шарасын не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды белгілейтін; аса қауіпті инфекциялық ауруларды ту­дыратын патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу қағи­даларын бұзғаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мер­зімге айыратын немесе онсыз 7 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығынан айыру түріндегі жауаптылық шараларын белгі­лейтін қылмыстық жауаптылық көзделген. Отырыс соңында Мәжіліс де­путаттары мемлекеттік орган­дар басшыларына депутаттық сауал жолдады. Олар – Г.Бижа­нова, А.Сқақова, Л.Павловец, А. Әбілдаев.