Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше ғана жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы – егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойына арналған толғандыратын да, ойландыратын да тарихи еңбек. Толғандырады деуіміз де кездейсоқ емес, мақала бірден тарихи шежіре секілді әсерлі әңгімеден басталады. Соған орай қазақ халқының жүздеген, мыңдаған жылдардың ар жағынан бастау алатын бүкіл тарихы бір сәт көз алдымызға келеді. Яғни, тәуелсіз Қазақстанның кең-байтақ жері, ұшан-теңіз қазақ даласы қазіргі жер бетіндегі әлденеше мемлекетке бөлініп, әртүрлі жағдайда өмір сүріп жатқан ұзын саны жүз миллионның арғы-бергі төңірегіндегі түркітілдес бүкіл халықтардың ежелгі атамекені екені санамызда қайта жаңғырады. Және қазіргі қазақ халқының сол бүкіл түркі жұртының ежелгі атамекенін аман-есен сақтап, барлық баяғы салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін, ең бастысы ана тілін ешқандай қылау түсірмей, қаз-қалпында бүгінгі жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа жеткізгеніне де күмәнсіз сенесіз. Өйткені Елбасы бұл жаңа еңбегінде осының бәрін жіпке тізген маржандай сөздермен әсем өрнектеп, қысқа да нұсқа, бірақ барынша тартымды тілмен жеткізе білген. Бұл ретте қазақ жері бүкіл түркі халқының ежелгі атамекені дегенді белгілі тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің бұдан бұрын да, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде үнемі айтып, жазып келе жатқаны да және мұндай тарихи еңбектердің жұртшылықтың әрқашанда ерекше ықылыспен қабылдайтыны да баршаға мәлім. Міне, осы тұрғыдан келгенде Тұңғыш Президентіміздің «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласының алар орны ерекше. Өйткені бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемге кеңінен танымал барынша беделді де белгілі қайраткерлердің бірі. Соған орай Елбасының айтқан сөздері, баспасөз бетінде жарық көрген ой-толғамдары дүниенің түкпір-түкпіріне бірден тарайды. Елбасының қазіргі қазақ жері – бүкіл түркі жұртының ежелгі атамекені деп нақтылап, нығырлап жасаған тұжырымы осы сәттен бастап жер бетін түгел шарлап кетеді. Ал мұның өзі сырт жерлердің қазақ халқына деген ынта-ықыласын барынша арттырып, Қазақстанның абырой-беделінің жаңа деңгейге көтерілуіне үлкен ықпал жасайды. Әсіресе, кезінде Елбасының тікелей қолға алуымен басталып, соңғы уақытта айтарлықтай қызу жүзеге аса бастаған алыс-жақындағы түркітілдес республикалармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік-экономикалық ынтымақтастығын бұрын-соңды болмаған жоғары белеске көтеруге ерекше ықпал жасайтыны да анық. Қазақстан өзінің бейбіт өміріне, ауызбіршілігі мен тыныштығына ешқандай сызат түсірмей, аман-есен сақтап қалды. Егер сол кездегі жағдаймен салыстырсақ, бұл кәдімгідей таңғаларлық жағдай. Өйткені тәуелсіздікті енді алған кезеңде республикамыздағы қазақ халқы 40 пайызға енді ғана жеткен еді. Ал біраз өңірде бұл көрсеткіш тіптен төмен болатын. Соған орай саны барынша көп өзге ұлт өкілдері Қазақстанның өзгелерден бөлініп, жеке мемлекет болуына қарсылық білдіруі әбден мүмкін болатын. Тіпті, өзіміз тұрған өңірді Қазақстаннан бөліп, өзге елге қосыламыз дейтін әңгімелердің көтерілуі де «ғажап» емес еді. Және мұндай жағдайлар ол жылдары өзге республикалардың біразында кезек-кезек көтеріліп жатқан. Соған орай Қазақстанның арғы-бергі тарихы мен жағдайынан хабары бар шетелдік саясаткерлерден бастап, әлемдегі жұртшылықтың көбі бұл елде ұлтаралық жанжал міндетті түрде болады деп есептеді және оның қалай, қашан басталатынын да жаппай күте бастады. Бірақ олардың бұл «үміті» ақталмады. Қазақстанда мұндай қауіпті әрі күрделі шиеленістің өзі түгілі көлеңкесі де бой көрсетпеді. Бірақ уақыт өте елімізді бұл қиын да күрделі кезеңнен жаңадан қол жеткізген тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтпай, аман-есен өту ең алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса маңызды тарихи еңбегінің нәтижесі екеніне біртіндеп бәріміздің көзіміз анық жетті. «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын оқу барысында бұл сеніміміз одан әрі нығая түсті. Яғни, Елбасы тәуелсіздігіміздің тағдыры сынға түскен сол бір қиын уақытта Қазақстанды ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас» деген нақыл сөзін негізге ала отырып, болашаққа тәуелсіздікке сызат түсірмей, болашаққа бастап шыққан. Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы – бүгінгі замандастарымызға да, келер жаңа ұрпаққа да аса пайдалы, маңызды да қажетті тарихи еңбек.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург