Атаулы әлеуметтік көмек айналасында дау-жанжал ушығып отыр. Ақпарат құралдары Қарағанды тұрғыны, көпбалалы ана Дариға Қазанғапованың бар-жоғы 122 теңге, яғни әр балаға 20 теңгеден АӘК алғаны жайында жарыса жазды. Салада басқа да түйткілдер туындаған. Мысалы, кейбір отбасын «АӘК алуға өтініш жазбады» деген сылтаумен көмектен айырған. Бұл ретте пандемия кезінде өтініш қабылдамай, көмек беру мерзімін автоматты түрде ұзартып келген шенеуніктердің де айыбы болса керек.
Құлақтанбасаң, құр қаласың!
Бұл көмек қаржы отбасындағы әрбір мүшеге шаққандағы орташа табыс өңірлік күнкөріс шегінің 70%-ынан төмен болса, тағайындалады. Бұған қоса, АӘК көрсетудің жаңа тетігі аясында еліміздің барлық өңірінде аз қамтылған отбасылардағы мектепке дейінгі жастағы балалар кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен (КӘТ) қамтылады. 2021 жылғы 1 қарашада 1-6 жас аралығындағы 247,1 мың балаға осы топтама берілген. Ол топтамаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы кіреді. Былтырдан бері мемлекет осы көмекке өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты: АӘК алушыларға тағайындалған көмекті 2020 жылдың II, III, IV тоқсандарында, сондай-ақ 2021 жылғы І және ІІ тоқсандарда автоматты түрде ұзартты. Еңбекмині мұны азаматтарға деген қамқорлық ретінде насихаттады. Әрі осы арқылы карантин шектеулері кезінде адамдардың үлкен кезегі мен дүрлігісінің туындауына жол берілмейтіні атап өтілді. Дегенмен бұл қамқорлықтың соңы кейбір азаматтың алдануына соқтырған көрінеді. Себебі АӘК тағайындалатын мерзім ұзартылатыны туралы естігенімен, ол ұзартудың аяқталғанынан және ары қарай қайтадан өтініш беру керегінен хабарсыз отбасылар көмектен қағылды. Олар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгінуге немесе eGov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы электронды түрде АӘК тағайындауға өтініш беруі тиіс екен. «Отбасым аз қамтылған санатқа жатады. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Бұған дейін АӘК төленіп келген. Алайда шілде-тамыз айларында одан айырды. Себебі «өзіңіз өтініш бермегенсіз» дейді. Шенеуніктер әртүрлі тәсіл ойлап тауып, біздің көмегімізді талан-тараж етуде. Өтініш қабылдаудың қайта басталғаны туралы дұрыс құлақтандырмады. Енді өтініш бермеген өзің кінәлі деп жауапкершілікті адамдарға ысыра салуда. Ауру адаммын, өтініш түгіл, кейде дәрі-дәрмекті уақытында қабылдауды ұмытып кетемін. Әрбір азаматтың мәліметі мембазада бар, кімнің мұқтаж екені белгілі, ендеше шенділер бұл міндетті неге азаматтардың мойнына артады!» – деп ашынады Ақтөбе тұрғыны Дмитрий Анатольевич. Әділін айта кету керек, бұл – заң талабы: «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңына сәйкес, АӘК тағайындау тәртібі өтініш беру сипатында болып келеді. Яғни, өтініш беруші өзі не отбасы атынан жұмыспен қамту орталығына, ауылдық жерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне АӘК көрсету туралы өтінішпен жүгінуі тиіс. Бірақ 2020 жылдың ІІ тоқсанынан бастап, төтенше жағдайға және карантин шектеулеріне орай өтініш берушілер мен жұмыспен қамту орталықтарының мамандары арасындағы тікелей байланысты болдырмау үшін былтырғы І тоқсанда тағайындалған көмектің мерзімі еш өтінішсіз, бірнеше рет ұзартылды. 2021 жылғы ІІІ тоқсаннан бастап, өтініштерді пролонгациялау рәсімі тоқтатылды. Содан бері өтініш беру қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұрынғы форматта жүргізілуде екен. Ал Дмитрий Анатольевичке уақытында өтініш бермегені үшін шілде-тамызда ақшалай көмек төленбеген. Рас, кейін қалпына келтіріліпті. Бұған ұқсас деректер жетерлік. «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жүйесінің дерегінше, оған қыркүйек айында 38 500 теңге АӘК тағайындалды. Ал IV тоқсанда 157 554 теңге атаулы әлеуметтік көмек алады: қазанда – 52 518 теңге, қарашада – 52 518 теңге, желтоқсанға – 52 518 теңге. Қарапайым тілмен айтқанда, жете хабардар етпегені үшін жауапты шенеуніктердің ештеңесі кетпейді, екі ортада сабылатын – бұқара.Көмек алу жасанды қиындатылған ба?
Осал топқа жататын отбасылардың шағымы ұқсас болып келеді: атаулы көмекті алу қиын. Мысалы, Талдықорған тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнәз Бейбітқазиеваның жұбайы қайтыс болып, кәмелетке толмаған 4 баламен жалғыз қалыпты. «Үйде отырмын, жұмысқа шыға алмаймын. Себебі кенжем екі жаста, үлкені сегізге енді толды. Оларды мен жоқта бағатын адам жоқ. Асыраушыдан айырылуға төленетін жәрдемақыға, 4 баланың жәрдемақысына қарап отырмыз. Жауапты органға барып едім, АӘК тағайындаудан бас тартты», – дейді ол. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, АӘК жүйесі – өмірлік қиын жағдайға тап болған аз қамтылған азаматтарға, отбасыларға ұсынылатын көмектің негізгі түрі. «АӘК тағайындау критерийі – кедейлік шегі, оның мөлшері ең төменгі күнкөрістің 70%-ына тең. Егер отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс осыдан төмен болса, оның айырмашылығынан АӘК мөлшері құралады. Осыған байланысты АӘК сомасы әрбір нақты отбасы үшін жеке-жеке айқындалады. Аталған отбасының жәрдемақы түріндегі жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 31 797 теңгені құрады. Ал Алматы облысы бойынша 2021 жылғы IV тоқсандағы кедейлік шегінің көлемі – 27 346 теңге. Яғни, белгіленген кедейлік шегінен асып кетуіне байланысты бұл кісіге АӘК тағайындау мүмкіндік болмайтынын хабарлаймыз», – деді министрлік. Шенеуніктердің 27 мың теңгеге бір ай өмір сүру мүмкін болмайтынын түсінбейтіні, түсінгісі келмейтіні қынжылтады.Көмек үшін мемлекетті алдаушылар көбейді
Әлеуметтік желідегі пікірталас көрсеткендей, қоғамның бір бөлігі АӘК алушыларды жақтырмайды. «АӘК пен жәрдемақыларға өмір сүретіндер қызмет етіп, табыс табуға ұмтылмайды. Олар үнемі өзін асырап отырған мемлекетке шағымданып, барған сайын көбірек ақша беруін талап етеді», – дейді бірі. «Бұрындары құрсағы алтын аналарымыз тынбай жұмыс істейтін, балаларын да адал азамат етіп өсіретін. Одан жаман болған жоқпыз», «Балалар да бос уақытында еңбек ететін. Аула сыпырудан арланбайтын. Шаруашылыққа көмектесетін. Енді аналарының арызданып, ақшалай көмекке қол жеткізетінін көріп өскен балалар еңбекқорлыққа емес, масылдыққа үйренбей ме?», – дейді өзгелері. Қоғамдық теріс пікірге алаяқтардың, ниеті таза емес адамдардың осы тетікті пайдаланып, заңсыз табыс табуға ұмтылатыны да ықпал етеді. Өткен жылдары коттеджі, қымбат көліктері бар отбасылардың АӘК алып келгені әшкереленген-тін. Сондай-ақ осы көмек түрін алу үшін көптеген ерлі-зайыптының көз қылып, жалған ажырасуы да белең алды. Өкінішке қарай, бұл қоғамдық кеселдер биыл да қанат жайыпты. Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бірқатар өңірде АӘК тағы да заңсыз тағайындалғанын жариялады. – АӘК тағайындаудың негізділігін тексеру үшін министрлік оңтүстік өңірлерде – Шымкент, Алматы қалаларында және Алматы облысында мониторинг жүргізді. Оның барысында заңнаманы өрескел бұзу деректері анықталды. Мәселен, АӘК тағайындау қағидатын бұзуға, жұмысқа орналастыру бойынша тікелей міндеттерді орындамауға жол берілген. Жәрдемақы мемлекеттің қосымша қолдауына мұқтаж емес, ауқатты отбасыларға тағайындалған. Сондай-ақ АӘК заңсыз тағайындау фактілері, яғни өтініш беру кезінде жұмысы бар адамдардың кірістері жоқ деп көрсетілгені әшкереленді, – деді Серік Шәпкенов. Алдын ала есептеулер бойынша, артық төлем 3,4 миллиард теңгеге жеткен. Оларды мемлекет кері өндіртіп алады. Бұған қоса, кеше ведомство әлеуметтік көмек тағайындауда табысты есептеудің тәртібі өзгеретінін хабарлады. Еңбекмині «АӘК алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы» бұйрықты өзгертетін жаңа бұйрық жобасын жариялады. Оған сәйкес, табыс ретінде есептелмейтін көмектер мен жәрдемақылар қатары кеңейтілмек. Бұйрықтың жаңа редакциясында отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайтын табыс түрлері ретінде кірістің 25 түрі көрсетіліп отыр. Ұлттық статорганның дерегінше, 2020 жылы елде кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқан азаматтар саны 1,069 миллион адамды құраған. Дүниежүзілік банктің болжамынша, Қазақстанда кедейлер саны 2021 жыл қорытындысында 1,5 миллион адамға жетуі ықтимал. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы қарашада 195,3 мың отбасындағы 973,9 мыңнан астам адам АӘК алған. Биыл осы мақсатта бюджеттен 82 млрд теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен оны қоса қаржыландыру 15,2%-ды немесе 12,6 млрд теңгені құрауы тиіс. Әйткенмен, АӘК төлемін 15%-дан жоғары мөлшерде қоса қаржыландыруды тек 5 өңір қамтамасыз етті. Қалай болғанда, мемлекет АӘК тетігі арқылы елдегі кедей отбасылардың басым бөлігін қолдаумен қамтып отыр. Оның үстіне, көмекпен қамтылатындар саны алда артуы мүмкін.