Биылғы жылдың ең айтулы датасы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына да санаулы күндер қалды. Егемендіктің 30 жылдық белесі – өткенге көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерімізді, бағындырған белестерімізді бағамдайтын мерейлі мезет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деген еді.
Президент атап өткендей, Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз биік белестерді бағындырып қана қойған жоқ, талай өткелдерден өтті. Қиындықтарды да бастан кешірді. Оны да естен шығармағанымыз ләзім.
Біздің Алтай ауданы да ел егемендігімен бірге есейіп, мемлекетіміздегі өзге де мыңдаған ауылмен қатарласа, қанаттаса көркейіп, көгеріп келеді. 30 жыл мұғдарында ауданымыздың әр саласында, әр ауылында көптеген өзгеріс болды. Өңір экономикасының өрлеген шақтары да, құлдыраған кездері де болғанын жасырмаймыз. 2000 жылдан бастап аудан экономикасы тұрақты даму бағдарын тапты. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламаның көмегімен аймақта өндіріс өріс алып, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік дамыды. Тәуелсіздіктің 30 жылында Алтай ауданы Шығыс Қазақстан облысының өндірісі өркен жайған өңірлердің біріне айналды. Бүгінде аудандағы 72 кәсіпорын өндіріспен шұғылданады, оның 67-сі – шағын, үшеуі – орта, екеуі – ірі өндіріс орындары. Әрине, бұл ретте «Қазцинк» ЖШС-ына қарасты «Алтай» тау-кен байыту кешені мен «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС-ның орны бөлек. Өйткені бұл қос кәсіпорын өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің өрлеуіне ғана емес, аудан халқының басым бөлігінің жұмыспен қамтылып, екі қолға бір күрек табуына үлкен үлес қосып отыр. Егемендік жылдары Алтайда «Фаворит», «ВЕРФ-строй» ЖШС секілді ағаш пен темір өңдейтін кәсіпорындар да аяғынан қаз тұрып, қалыптасқан өндіріс орнына айналды.
Аудан экономикасының басым бағытының бірі – аграрлық сектор. Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының 75 пайызын өсімдік, 25 пайызын мал шаруашылығы құрайды. Біздің өңірде өндірілген бидай, күнбағыс пен рапс Қытай, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Иран мен Моңғолияға, басқа да елдерге экспортқа шығарылады. Ауданда мал басы да көбейіп келеді. Қазір Алтайда 20 мыңнан астам ірі қара, 18 мыңға тарта ұсақ мал, 10 жарым мыңға жуық жылқы бар. «Шығыс» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы Чехия мемлекетінен 100 бас асылтұқымды құнажын сатып әкелді. «Еламан» шаруа қожалығы қазақтың асылтұқымды жылқыларын өсіруде. Бүгінде қылқұйрықтылардың саны мың басқа жуықтаған. Бес жылдан бері балық шаруашылығымен шұғылданып жатқан GrandFish ЖШС өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне шығарып отыр. Омарта шаруашылығы да бізде жақсы дамыған. Соңғы жылдары өңірде ара ұяларының көбеюі байқалады. 2011 жылдан бері олардың саны екі есе ұлғайып, бал өндіру көлемі жылына 340 тоннаға жетті. Бүгінде аймақта 350-ден астам адам омарта шаруашылығымен шұғылданып, 16 628 ара ұясын ұстап отыр. Ауылдарда бес тауарлы-сүт фермалары жұмыс істейді. Биыл осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Полянский ауылында 1 000 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталды. Іске қосылған кезде жылына 6 500 тонна сүт өндірілетін болады.
Құрылыс саласы да қарқынды. Әсіресе, әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысына айрықша мән берілуде. Ауданда балабақша мәселесі толық шешілген деуге болады. 2011-2015 жылдары Алтай қаласында үш, Серебрянка шаһарында бір балабақша бой көтерді. 2015 жылы Чапаев ауылында мектеп салынды. 2016 жылы аудан орталығында 530 миллион теңгеге 100 орындық жабық хоккей модулі тұрғызылды. 2017 жылдан бастап аудандағы жылу құбырлары жаңартылды.
Алтайда денсаулық саласына ерекше ден қойылған. 2018 жылы қалада барлық заманауи талаптарға сай келетін инсульттік орталық ашылды. 2019 жылы облыстық бюжет қаржысына перзентханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Екі жыл көлемінде 357 миллион теңге қаржы бөлініп, мекеме жаңа құрылғылармен жабдықталды. 2020 жылы қалалық ауруханада ангиографиялық жабдығы бар операциялық блок жұмысын бастады. 2021 жылы медициналық мекемелердің автопаркі ішіне ИВЛ, ЭКГ құрылғылары орнатылған 8 жаңа «Жеңіл жәрдем» көлігімен толықты. Денсаулық сақтау нысандарында мамандар жеткілікті. Онға жуық дәрігер мен медбике шетелдің үздік клиникаларында білімін жетілдіріп, біліктілігін шыңдап қайтты.
Қалиқан БАЙҒОНЫСОВ, Алтай ауданының әкімі