Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы жаһандық бәсекеге бес cпортшысын апарды. Алайда федерациядағылар ресми түрде тағайындалмаған бас бапкерді әлемдік додаға жіберуді жөн санамапты.
Жарыстың алғашқы күні сынға түскен 29 жастағы Арли Чонтей 55 келі салмақта топ жарды. Қазақстандық зілтемірші жалпы 260 келіні (118+142) еңсерді. Күміс таиландтық, қола болгариялық спортшыға бұйырды. Жүлдегерлердің өнеріне баға берген шетелдік спорт мамандары Ташкенттегі жарысқа ауыр атлетикадан лидер елдер Қытай мен Солтүстік Корея атлеттерінің қатыспағанын, олар келгенде жүлде бөлісі мүлде бөлек болатынын айтып қалды. Бұдан ұққанымыз, Чонтейдің Өзбекстандағы көрсеткен нәтижесі мақтауға лайық емес. Неге десеңіз, бұл салмақта 2019 жылы өткен әлем чемпионатында солтүстіккореялық Ом Чун Чол 294 келімен алтын алған. Отандасымыз Игор Сон 265 келімен күміс медаль иеленген. Чонтей сол кезде 263 келімен бесінші орыннан көрінді. Ал Ташкентте 260 келімен чемпион атанып отыр.
Қалай десек те, бұл жолы Чонтейдің әлем чемпионатындағы алтыны бәлкім былыққа батқан ауыр атлетика федерациясы үшін мақтанғанға жақсы шығар. Алайда бір спортшымыздан қапияда көз жазып, басқа атлеттер «бапкерлер тапқан табысымызды бөлісуге мәжбүрлейді» деп жатқан тұста құрамадағы легионерлердің бірі Арлидің алтыны жанкүйердің назарына да іліге қоймас. Оның үстіне, министр Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен тағайындалған бас бапкер Дәурен Бекмұханбетовті Қазақстан ауыр атлетика федерациясы әлі жаттықтырушылыққа ресми түрде бекітпегені үлкен күмән туғызады. Ресми жауап та жоқ. Соның салдарынан ол жарысқа спортшыларды бастап бара алмады. Қаншама допинг, былық пен айыптаулардан кейін ұлттық құрамамен бірге Алексей Нидің Ташкентте жүргенін көпшілік түсіне алмауда. Себебі Линдердің өлімінен соң ауыр атлеттер Сергей Седовпен қатар Алексей Ниді қоса айыптаған еді. Бірақ Седов пен атлеттерді Токиоға апарған Бақыт Ахметов құрамадан аластатылды да, Ни қалып қойды.
Спорт журналисі Айдос Рымқұл құрамада ауызбіршіліктің болмауына Алексей Нидің тікелей қатысы бар деп есептейді.
– Құрамадағы бар былыққа Нидің қатысы барын атлеттер бірнеше рет айтқан. Соған қарамастан ол әлі құрамада жүр. Ол әлемдік жарысқа өзінің адамдарын әкелуден шаршамайды. Шынтуайтына келгенде, Арли Чонтей әлсіз спортшы. Олимпиададан соң мықтылар келмеген чемпионатта алтын алып кетті. Ол бізге көзбайлау болмауы тиіс. «Отчет» үшін жақсы шығар біздің шенеуніктерге, бірақ әлсіздер арасында өткен чемпионатты, Қытай жоқ чемпионатты өз басым қабылдай алмаймын. Одан кейін жақында өткен ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен, әлемде жүлде алады деген спортшылардың басым көпшілігінің құрамаға кірмей қалғаны маған әлі де жұмбақ. Ни кетпей, қазақ ауыр атлетикасы көгермейді, – деді ол.
Бізбен әңгіме барысында Алматыдағы Шыңырақ ықшамауданындағы республикалық спорт мектеп-интернатының аға жаттықтырушысы Дәурен Әділғазин Қазақстан ұлттық құрамасына әлі күнге дейін бас бапкердің неліктен тағайындалмай жатқан себебін былайша түсіндірді:
– Осыдан бір ай бұрын Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтті. Кейін үлкен жиналыс болды. Ол жерде барлық бапкерлердің басы қосылды. Көп нәрсе талқыланды. Бұрынғы жаттықтырушылардың іс-әрекеттері, спортшылардың арыз-шағымы туралы бойынша мәселелер қозғалды. Құрама бапкері қызметіне тағайындауға дауысқа салған кезде 17 облыстың аға жаттықтырушысының 14-і Дәуренді бұл орынға лайық деп санады. Сол кезде министрдің мақұлдауымен шешім қабылданған. Бірақ кейін ешқандай бұйрық шыққан жоқ. Федерациядағылар Дәуреннің бас бапкер болуына қарсы. Сондықтан Ташкентке де жіберген жоқ. Ресми түрде жұмысына кіріспеді. Енді әлем чемпионаты аяқталған соң қайтадан 24 желтоқсан күні үлкен жиын өтеді деп жатыр. Бас бапкерді федерациядағылар өздері сайламақ. Қызығы, өзге аймақтардағы бапкерлердің, басқалардың сөзі ешкімді қызықтырып отырған жоқ, – дейді аға жаттықтырушы.
Қорыта айтқанда, Қазақстан ауыр атлетика федерациясы құрама бапкеріне қатысты шешімді өздері қабылдамақшы. Оған өзге аймақтардағы жаттықтырушылар мен спортшылардың наразылық танытпасына кім кепіл?! Ұзақ жылдар бойы теперіш көрген ауыр атлеттердің шыдамы әбден таусылды. Онсыз да құрама айналысында бұдан өзге түсініксіз жағдай өте көп. Жуырда ауыр атлетикадан 2017 жылғы Азия чемпионы Альберт Линдердің өліміне қатысты қылмыстық істің де тоқтатылғаны хабарланды. Әзірге қылмыстық істің не себепті жабылғаны белгісіз. Танымал спортшының анасы да, інісі де бұл бассыздықпен соңына дейін күресуге бел буып отыр. Сондықтан ауыр атлетикадағы спортшылардың наразылығы тағы жалғасатын сыңайлы.
Айтпақшы, Ташкенттегі әлем чемпионаты 17 желтоқсанда аяқталады. Содан соң елімізде 24 желтоқсанда үлкен басқосу өтпекші. Онда ауыр атлетиканың бас бапкері тағайындалады-мыс. Сол кезде құрама тізгінін кімге сеніп тапсыратыны белгілі болады.