«Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында осыған дейін қабылданған Өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.
«30-жылдық дамуды жеті ауыз сөзбен түйіндеп, жас ұрпаққа «Елдіктің жеті тұғырын» анықтап берген Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі» деп атап көрсетуі тегін емес. Кез келген мемлекеттің өркендеуі – сол қоғамның рухани-мәдени деңгейіне байланысты. Елбасы айтқандай, біз әлемдегі 200-ге тарта ұлтты тек ұлттық мәдениетімізбен, әдебиетімізбен, руханиятымызбен ғана таңқалдыра аламыз. Осы орайда «Nur Otan» партиясы қазақтың өнері мен мәдениетін барынша қолдап, жан-жақты қамқорлық жасап келеді», - деді Бауыржан Байбек.
«Осы шығармалардың барлығын әрбір жанр бойынша бөліп алып, комиссия мүшелері жеке-жеке қарап шықтық. Бірнеше рет бас қосып, талқыладық. Таланттар өте көп. Алғашында барлық жанрға 3 орыннан белгілегенімізбен, соңғы жиналыста партияның басшылығына «Поэзия» мен «Проза» номинациясына тағы екі орыннан қосуға өтініш жасадық. Олар осы екі жанрдың әрқайсына тағы екі арнайы сыйлық қосып берді. Осы орайда, руханиятымызды қолдаған «Nur Otan» партиясына алғысымды білдіремін», - деді Әлібек Асқар.
Сонымен, «Проза» номинациясы бойынша бірінші орынды – жазушы Қанат Әбілқайыр, екінші орынды – IT маман, медиасауат және киберқауіпсіздік бойынша медиатренер Мейіржан Жылқыбай, үшінші орынды – ақын, аудармашы, жазушы Арман Әділбек иеленді. Осы номинациядағы Оралхан Бөкей атындағы арнайы сыйлық Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың оқытушысы Алмаз Мырзахметке бұйырса, Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлықты Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің мұғалімі Эльмира Назирова жеңіп алды.
«Поэзия» номинациясында бірінші орынға Жамбыл облыстық AR-AI газетінің «Мәдениет және әлеумет» бөлімінің редакторы Нұржан Қадірәлі, екінші орынға Алматы облысының Көкқайнар ауылындағы №44 орта мектептің мұғалімі Төлеген Меллат, үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысының «Аягөз жаңалықтары» аудандық газетінің бас редакторы Ермек Дайырбаев лайықты деп танылды. М.Мақатаев атындағы арнайы сыйлықты «Орал өңірі» Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Марлен Ғилымхан, ал Ж.Жабаев атындағы арнайы сыйлықты Республикалық Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Рауан Қабидолдин иеленді.
«Драматургия» номинациясында үшінші орынға Орал қаласының Мичурин мектебі балабақша-бөбекжай кешенінің мұғалімі Айтолқын Балмулдина лайық деп танылды.
[caption id="attachment_174835" align="aligncenter" width="1200"] «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау сәті[/caption]
«Көркем фильм мен телесериал сценариі» номинациясы бойынша екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейдің мұғалімі Жақсылық Мұратбек иеленсе, үшінші орынды жазушы, сценарист Зәуре Төрехан жеңіп алды.
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша бірінші орын – Abai TV телеарнасының қызметкері Олжас Қасымға, екінші орын – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» газетінің тілшісі Нұрбек Нұржанұлына, үшінші орын Egemen Qazaqstan газетінің бөлім меңгерушісі Мирас Асанға бұйырды.
Салтанатты шарада «Поэзия» номинациясында бірінші орынға лайықты деп танылған Нұржан Қадірәлі өз лебізін білдірді.
«Тәуелсіздіктің қалай келгені аға буын өкілдеріне жақсы белгілі. Ал біз сияқты тәуелсіздіктің құрдастары мен ел егемендігін алғаннан кейін дүниеге келген балалар үшін Тәуелсіздік – ол анадай қадірлі, әкедей асыл, бауырдай ыстық, інідей ізгі, қарындастай аяулы, осынау бақ-берекеміздің бойтұмары. Елбасы қасиетті қара шаңырақ Қазақстанның келешегінде біз сияқты жас буынға үлкен сенім артты. Сол сенімнен шыға берейік. Тәуелсіздік деген бір күндік мереке емес. Тәуелсіздіктің әрбір күні мереке!»,- деді ол.
Өз кезегінде Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған Эльмира Назирова қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келе, «Егемендік пен Елбасы егіз ұғым деп санаймын. Себебі, қазіргі таңда Қазақстан бейбітсүйгіш, толерантты ел ретінде танылды. Одан бөлек, ішкі саясатта, жастарды, жас аналарды қолдайтын бірден-бір мемлекеттердің біріміз», - деді.