Қызылордада Ақмешіт институтынан диплом алған 400 студент далада қалды
Қызылордада Ақмешіт институтынан диплом алған 400 студент далада қалды
Сурет: nikolayhg
280
оқылды

Түлектер қазір жарамсыз дипломның кесірінен не жұмысқа, не оқуға түсе алмай жүр. Ал министрлікпен қайта-қайта соттасып жүрген институт өкілдері өз түлектерінің мәселесін шешіп беруге қауқарсыз болып отыр, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын биыл 399 студент бітіріп, қолына тиісті дипломын алған. Басым бөлігі ақылы негізде оқып, білім ордасына 1 миллион теңгеден аса ақша төлеген. Бірақ сол ақысын төлеп алған дипломымыз түкке жарамсыз, деп күйінеді. Түлектердің бірі Нұргүл Жаппарова да, қаншама уақытымыз бен ақшамызды зая кетіргенде, институт жарамсыз дипломмен ғана жарылқады, дейді. Соның кесірінен жұмыс таба алмай сабылып жүргенін айтады. Ол бұл мәселені бес айдан бері шеше алмай жүрген институт басшылығына ашулы.
"Ректорларына бардық. Бірақ дұрыстап жауап бермейді. Дипломдарымызды тездетіп жарамды етіп берулеріңізді сұраймыз. Жұмысқа тұра алмай жүрміз", - деді Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының түлегі Нұргүл Жаппарова.
Ал оқу орнының өзі биыл даудан арылмады. Білім және ғылым министрлігі мұндағы оқытушылардың білімі сай келмейді, техникалық базасы да жарамсыз деп институтты лицензиясынан айырған болатын. Білім ордасының басшысы бұл бойынша министрлікті сотта жеңіп, лицензиямызды қайтарып алдық, дейді. Ал дипломдарының жарамсыз болып қалуы сәйкестендіру коды жазылмағандықтан туындағанын айтады. Сондықтан, бұл мәселені де министрліктің өзі созбалаңға салып жүр, деді.
"Барлық жасалып отырған іс-әрекет, білім алушылардың да дипломының жарамдылығы сотпен дәлелденіп тұр. Енді Білім және ғылым министрлігі жеке сәйкестендіру кодын беріп, дипломдарды сәйкестендіруі тиіс. Сот шешімі шығып тұр. Енді біз комитетті күтіп отырмыз", - деді Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының ректоры Ерлан Шынбергенов.
Білім министрлігіндегілердің жауабы ректордың сөзіне мүлде керағар. Министрлік өкілдері лицензия мәселесі әлі де сотта қаралып жатыр, дейді.
"Егер дипломдарыңыз жарамды болсын десеңіз, басқа жоғары оқу орнына барып, сол жерге өтініш білдіруге болады. Сол жерге студенттер қатарына қосылып, сол жерден оқуды аяқтап дипломдарыңызды жарамды қылуға болады", - деді ҚР БҒМ сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Министрлік өкілінің сөзіне сенсек, Ақмешіт институты 400-дей түлкке берген дипломы жарамсыз болып қала бермек. Десе де, қазір оқу орнында 600-ден аса студент білім алып жатыр.